Елордада азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, сондай-ақ Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен «Қазақстандағы гендерлік саясат: «Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын» іске асыру нәтижелерін бағалау» жобасының қорытындылары бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.
Тақырыпқа тұздық етіп алған жоба қорытындыларын жариялау және «2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясаттың тұжырымдамасын» әзірлеуді мақсат еткен жиында еліміздегі гендерлік саясатты одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу болатын.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдарда Қазақстан тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер қоғамын құруда көптеген жетістіктерге ие болды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы іс-шаралар «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңдарымен реттеледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының арнайы қаулысымен «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы» қабылданған болатын. Бұл Стратегия Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы бастамасымен еліміздің үкіметтік емес ұйымдарының, сонымен қатар халықаралық ұйымдардың қатысуымен әзірленді.
Осы Стратегия іске асырылған жылдары оның негізгі бөлімдері мен индикаторларын жүзеге асыру бойынша мынадай нәтижелі жұмыстар атқарылды:
Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісіндегі әйелдер үлесі – 27,1%, бұл көрсеткіш шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдер өкілдігін 30% қамтамасыз ету мақсатына жақын. Барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі сайланған депутаттардың жалпы санының 22,2%-ға жетті;
Ел экономикасының дамуына әйелдердің қатысу үлесі артып келеді. Мәселен, 2006 жылдан бастап бизнестегі әйелдердің үлесі 38%-дан 50%-ға дейін өсті. Әйелдер шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 42 %-на басшылық етеді, ал олардың елдің ЖІӨ-не қосқан үлесі – 40%. Әйелдер жұмыссыздығы 2006 жылы 9,2%-дан 2015 жылы 5,6%-ға дейін төмендеген;
Жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер жақсаруда: ана өлімі 3,7 есе, бала өлімі 1,4 есе азайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтардың өмір сүру жасы 66,15-тен 71,62 жасқа дейін ұзарды;
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы күшейтілді. Соңғы 10 жылда тұрмыстық қылмыс деңгейі 2006 жылы 1424-ден 2015 жылы 467-ге дейін 3 есе төмендеген. Елдің барлық өңірлерінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнаулы бөлімшелер және зардап шеккен әйелдерге кешенді көмек көрсететін 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді;
Отбасы институтын нығайту мақсатында Елбасы тапсырмасы бойынша Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі.
Міне, осындай жұмыстар нәтижесінде Әлемдік Экономикалық Форумның гендерлік теңдік индексіне сәйкес Қазақстан 2016 жылы әлемнің 144 мемлекеті арасынан 51-орынды иеленді.
Десек те, гендерлік теңдікке қол жеткізуде әлі де бірқатар мәселелер өз шешімін табуды қажет етеді. Мәселен:
Мемлекеттік қызметкерлер арасында басшы лауазымдарындағы әйелдердің өкілдігі төмен деңгейде. Қазіргі таңда 411 саяси мемлекеттік қызметкерлердің тек 40-ы – әйелдер (9,7%);
Еңбек пен жұмыспен қамту саласында ерлер мен әйелдердің орташа еңбекақы деңгейінде 33% алшақтық сақтап қалады. Әйелдердің жұмыссыздық деңгейі ерлердің жұмыссыздық деңгейінен жоғары. 2015 жылы әйелдер жұмыссыздығы 5,7%, ал ерлер жұмыссыздығы 4,3% деңгейінде тіркелген;
Халықтың ой-санасында гендерлік стереотиптер әлі де сақталған. Қазақстандық БАҚ құралдарында егде жастағы әйелдердің, көпбалалы аналардың, жалғыз басты аналардың әлеуметтік қамтамасыз етілмеуі, жасөспірім қыздардың мәселелері аз көтеріледі;
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі толық шешілмеген: 2015 жылы тіркелген қылмыстардың саны 65 325-ке жетті. Бұл 2006 жылғы көрсеткіштен 40%-ға дерлік жоғары. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа, әрбір жетіншісі – физикалық, әрбір тоғызыншысы – экономикалық және әрбір оныншысы – сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырайды;
Отбасы мен отбасылық тәрбие беру мәселесі де өзекті: 2011 жылдан бастап еліміздегі неке қию саны төмендеп келеді. Өткен жылдың соңында 148 769 неке тіркелген, бұл 2014 жылғыдан 10 559-ға аз. Есесіне, ажырасулар саны 2006 жылдан бері өсіп келеді. Соның салдарынан толық емес отбасылар құрамында жалғызбасты аналардың саны басым.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын» жүзеге асырылу мерзімінің аяқталуына байланысты оның барлық бөлімдері бойынша тұңғыш рет кешенді әлеуметтік зерттеу жұмысы жүргізілді. Зерттеу жұмысы мынадай сатылардан тұрады:
- Әлеуметтік сауалнама арқылы сандық талдау;
- Сарапшылық сауалнама арқылы сапалық талдау;
- 10 жыл ішінде стратегияның негізгі индикаторларының жүзеге асырылу нәтижелерін талдау.
Осылайша, он жылдық Стратегияны жүзеге асыру нәтижелерін кешенді талдай отырып, осы аралықта қазақстандық гендерлік саясат нәтижелерін қорытындылау шарасы болып табылады.
Дөңгелек үстел қатысушыларына «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясының» іске асырылуын бағалау: әлеуметтік талдау» тақырыбындағы зерттеу жұмысы және «Әйелдердің Қазақстан Республикасының заң шығарушы, жергілікті өкілді, атқарушы билік органдарында және мемлекеттік қызметкерлер қатарында өкілдігі» жинағы көрсетілді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сұрақтары бойынша халыққа онлайн-кеңес беру жұмысының нәтижелері қорытындыланды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ
«Егемен Қазақстан»