30 Тамыз, 2011

Конституциялық Кеңес төрағасы И.РОГОВ: «Конституция – мемлекеттік тәуелсіздіктің негізі»

1310 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының шешімімен 2011 жыл Қазақстан Республи­касы Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылдығы деп ж­а­рияланды. Бұл еліміз Конституциясының 16 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан бүгінде мемлекеттіліктің бар­лық белгілері бар егемен ел ретінде орнықты, халықаралық қоғам­дастықтың тең құқылы әрі беделді мүшесіне, әрбір аза­матының киелі Отанына айналды. Осы орайда, мемлекет­ті­лігіміздің қалыптасу кезеңдеріне, аталған үдерістің заңды­лы­ғын қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты Конс­ти­ту­ция­лық Кеңес төрағасы Игорь РОГОВҚА жолығып, әңгімелескен едік. – Игорь Иванович, еліміздің мемлекеттік еге­мендігін конституциялық рәсімдеу қалай жүзеге асырылды? 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бері Қазақ­станның жаңа тарихы басталып, оның 20 жыл­ды­ғын биыл тойлағалы отырмыз. Бұдан былайғы тағ­дырымызды шешкен осы күні қабылданған «Қа­зақ­стан Республикасының мемлекеттік тәуелсіз­ді­гі» туралы Конституциялық заңда республиканың Жоғарғы Кеңесі, халықтың еркін білдіре отырып, салтанатты түрде еліміздің мемлекеттік тәуел­сіз­ді­гін жариялады. Әділдігін айту керек, Қазақстан тәуелсіздігінің құқықтық негізі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда қаланып, республика Конституциясы мен заңдарының, КСР Ода­ғына өз еркімен берген мәселелерді қоспағанда, Қазақ КСР-і аумағында басым болатындығы ту­ра­лы алғаш рет осы Декларацияда хабарлады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында осы көрсетілген актілер, былайша айтқанда, «уа­қыт­ша Конституцияның» рөлін атқарды. Олардың құ­қық­тық реттеу нысандары: қолданыстағы құқық, аза­маттық, адамның және азаматтың құқықтық мәр­те­бесі, мемлекеттік билік органдары, ішкі және сыртқы саясаттың принциптері, мемлекеттік рә­міз­дер, аумақ, қарулы күштер, астана және т.б. осыған дәлел. Жоғарыда аталған Конституциялық заңның 18-бабында, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациямен қатар, ол республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады деп айтылған еді. Кейін олардың ережелерінің көбі еліміздің 1993 жылғы алғашқы Конституциясына, содан соң Қазақстан мемлекеттілігін заң тілімен түпкілікті рәсімдеп, елдегі жаппай қайта өзгер­ту­лерге бастау болған қолданыстағы Конституцияға арқау етіп алынды. – Халықаралық тәжірибе бойынша, тәуел­сіз­дік­ті жариялау – бұл өз алдына дербес мемле­кет­тіліктің бастапқы кезеңі, оны нығайту үшін келешекте көп күш жұмсау қажет. Өзін халық­аралық құқықтың барлық субъектілері толық­қанды тануына қолы жетпей жүрген мемлекеттер әлемде әлі де бар. Қалай ойлайсыз, Қазақ­стан осындай сынақтан ойдағыдай өте алды ма? Мемлекеттіліктің заңдылығын қамтамасыз ету – күрделі міндет, әсіресе енді пайда болған мемлекеттік құрылым үшін егемендіктің алғашқы кездерінде жүйелі түрдегі бейберекетсіздік пен өмір­дің барлық саласындағы тәртіпсіздік тән болатынын ескерсек, одан да күрделене түседі. Ал екінші жағынан, дәуірдің алмасуы елді нығайту мен дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, оның стратегиясын дұрыс айқындау, алға жылжу мен өсіп-өркендеудің бірден-бір шарты болып табылады. – Сіз мемлекеттің заңдылығы мәселелеріне тоқ­талдыңыз. Ал мемлекет соған қандай жолмен немесе қандай құралдың көмегімен қол жеткізеді? Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаңа мемлекеттің халықаралық деңгейде және сол мемлекеттің өз ішінде танылуы елдің Ата Заңы қабылдануымен байланыстырылады. Әдебиетте тіпті мемлекет заңдылығының арнайы түрін – рационалды түрде белгіленген заңдар мен ережелерден бастау алатын жария (рационалды) заң­ды­лықты бөліп көрсетеді. Демократиялық елдерде бұл конституцияларға және солардың негізінде қа­былданған ағымдағы заңнамаға сүйенетін заңды­лық­тың негізгі түрі болып табылады. Шетелдік тәжірибеден бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы 1776 жылы 4 шілдеде қабылданған болатын. Ол ко­ло­ниялардың Англиядан бөлінгенін және өз ал­ды­на дербес жаңа мемлекет – Америка Құрама Штат­тары құрылғанын жария етті. Кейін, 1787 жылы 17 қыркүйекте АҚШ-тың қазіргі қолданыстағы конс­титуциясы қабылданды. Францияда Ұлы француз революциясының маңызды құжаты – Адам және азамат құқықтарының декларациясы Ұлттық құрылтай жиналысы тарапынан 1789 жылы 26 тамызда, ал Францияның алғашқы конституциясы 1791 жылы қабылданды. КСРО тарағаннан кейін посткеңестік кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттер де бірінші кезекте өздерінің конститу­ция­ларын қабылдады: Өзбекстан – 1991 жылы, Түркіменстан – 1992 жылы, Қырғызстан және Ресей Федерациясы – 1993, Беларусь, Молдова және Тәжікстан – 1994, Әзербайжан, Армения және Грузия – 1995 жылы, ал Украина – 1996 жылы. Бұл елдердің бәрінде де өздерінің құрылуына себеп болған оқиғалар нәтижесінде таңдап алын­ған мемлекеттік және қоғамдық құрылысты бар­ша­ға жария етіп, заңдастыруда конституция шешуші маңызға ие болды. Бұл жөнінде белгілі амери­калық саясаткер Томас Пейн былай жазған болатын: «Конституция – мемлекеттен бұрын болатын зат, ал мемлекет – бар болғаны конституцияның төлі ғана». – Конституцияларды әзірлеу және қабылдау рәсімдері әр елде әртүрлі болатыны белгілі. Кей ел­дерде негізгі заң бүкілхалықтық референдумда, кейбірінде – ең жоғары өкілді органдар та­рапынан қабылданды, ал үшінші біреулерінде – мемлекет басшысы халыққа тарту етеді. Басқа да әдістері кездеседі. Ендеше, консти­ту­цияларды қабылдау тәсілі мемлекеттің заң­ды­лығына ықпалын тигізе ме? Әлем картасында пайда болған жас мемлекет үшін өз конституция­сы­ның демократиялық тәсіл­мен қабылдануы оның егемендігі мен тәуелсіздігін заңдастырудың негізгі жол­дарының бірі болып табы­ла­ды. Қазақстанның қол­да­ныстағы Консти­ту­ция­сы ең демократиялық жолмен – республикалық референдумда қабылдан­ды, демек оны халықтың қолынан шыққан өнім деуге бола­ды. Конституция­ның жо­ба­сы референдумға дейін бүкіл халықтың талқы­сы­на салу үшін екі рет бас­пасөзде жария­лан­ды. 1995 жылдың 30 маусымынан 30 шілдесіне дейін 33 мың­ға жуық ұжымдық тал­қылаулар өтіп, 30 мың­нан астам ұсыныс келіп түсті. Олардың бәрін талдау нәтижесінде жобаға 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді. 1995 жылғы 28 шілдеде Президенттің «1995 жыл­ғы 30 тамызда рес­пуб­ли­калық референдум өт­кізу туралы» Жарлығы қабыл­дан­ды. Бұл Жарлықта ха­лыққа тиесілі мемлекет өмірінің ең маңызды мәсе­ле­лерін тікелей шешу құ­қы­ғын жүзеге асыру мақ­са­тында 1995 жылғы 30 тамызда респуб­ли­ка­лық ре­ферендум өткізілсін делінген болатын. Жар­лық талаптарына сай 1995 жыл­ғы 1 тамызда Конс­ти­ту­цияның бүкілхалықтық талқылауды ескере оты­рып толықтырылған және өзгертілген жобасы бұ­қаралық ақпарат құрал­да­рында ресми жа­рияланды. – Демек, бүкіл­ха­лық­тық референдумда қа­былданған конституция мемлекеттіліктің қа­лып­тасуына кепіл болады, өйткені, халықтың мүддесіне жауап береді дейсіз ғой? Мемлекеттің заңдастырылуы конституцияны дайындау мен қабылдау тәсілдеріне ғана емес, оның сипаты мен мазмұнына да байланысты болып келеді. Ата заң халықтың барлық топтарының мүд­десін ескере отырып, мемлекеттік билікті ұйым­дас­тыру мен басқарудың демократиялық принциптеріне, құқықтың үстемдігіне, жалпыға ортақ танылған халықаралық стандарттарға және т.б. негізделуге тиіс. Қазақстан Республикасының қолда­ныс­тағы Конституциясы бұл талаптарға толығы­мен жауап береді. Ол елдің егемендігін баянды еткен ең жоғары құқықтық акт болып табылады. Негізгі Заңның 1-бабына сай Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Конституция идеологиялық және саяси сан алуан­дылықты, ел аумағының тұтастығын, халық билігі принципін, мемлекеттік рәміздерді, жеке меншікке қол сұғылмауын, Негізгі Заң нормаларының ең жоғары заңдық күшін және тікелей қолданылуын, адамның және азаматтың халықаралық деңгейде та­нылған құқықтары мен бостандықтарын, президенттік басқару нысанын, мемлекеттік биліктің жаңа жүйесін бекітті. Біздің Конституциямызға ел ішінде ғана емес, шет жерлерде де жоғары баға берілуде. – Шетелдердің кейбірінде болып жатқан үде­рістерді байқай отырып, сізден мынаны сұра­сам: олардың да конституциясы «жаман болма­ған», біршама демократиялық жолмен қабыл­данған ғой. Ал мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісі оларда неліктен қиыншылықпен өтуде? Мемлекеттілік толық заңдастырылуына қол жеткізу үшін «жақсы» конституцияны, мейлі ең демократиялық жолмен болсын, қабылдау жеткіліксіз. Қағазда негізгі заңның кез келген мәтіні болуы мүмкін, ал оның мазмұны саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық шындыққа сай болмаса, конституция бос декларацияға айналады. 20 жыл ішінде Қазақстан былайша айтқанда «заң жүзіндегі» және «іс жүзіндегі» конститу­ция­ларды ұштастыра білді, яғни конституциялық ережелерді іске асырды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен-ақ Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал конституциялық саясат арқасында Қазақ­стан мемлекеттілігі әлемге жарияланып, 1995 жыл­ғы Конституцияда бекітіліп қана қойған жоқ, әлемдік қоғамдастық тарапынан да мойындалды. Бұған Мемлекет басшысының Конституцияның әлеуеті өмірдің барлық саласында да мейлінше жүзеге асырылуын қамтамасыз ету туралы қатаң талабы септігін тигізді және алда да тигізе бермек. Республика Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Құқықтық саясат тұжы­рым­дамасында, Конституцияның құқықтық идея­ла­ры Қазақстанда демократиялық, зайырлы, құ­қық­тық және әлеуметтік мемлекет институттарын орнықтыруға бағытталған заң шығарушылық, ұйымдастырушылық және өзге де шараларда көрініс табуға тиіс деп атап өтілді. Мемлекет бас­шысы 2009 жылғы тамызда бекітіп, қазір қол­даныстағы 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бұл бағыт сақталып, Конституцияның құқықтық құнды­лық­тарын, принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қа­тар ағымдағы заңнама және құқық қолдану ар­қылы оның әлеуетін қамтамасыз ету конституциялық құқықтың негізгі міндеті ретінде белгіленді. – Сіз бүгінгі Қазақстанның жетістіктеріне Конституцияны бұлжытпай орындау арқылы қол жеткіздік демекшісіз ғой? Мемлекет басшысының жоғарыда айтылған талабынан кейін, адам және адамның өмірі, құ­қықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты бағыты болып табылатын конституциялық құнды­лық­тар жүйесіндегі үлкен өзге­рістерге жол ашылды. Қа­зіргі Қазақстан қоғамы әрбір тұлғаның қастерлі құндылық екенін ұғыну, оның абы­ройын тану және қорғау, адамн­ың ешкім айыра ал­май­тын құқықтары мен бос­тандықтары идеяларын ор­нықтыру бағытында дамып келеді. Негізгі Заңға сәйкес, мемлекеттік билік орган­дары­ның біртұтас мемлекеттік биліктің тежемелік әрі тепе-теңдік тетігін пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасайтын тармақтарға бөлі­нуі­не негізделген жаңа жүйесін қалыптастыру жө­ніндегі кең ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде қос палаталы Парламент, Үкімет бастаған ат­қа­рушы билік ор­гандары тиімді қызмет атқаруда, тәуелсіз сот жүйесі дамып, үнемі жетілдіріліп келеді. Конститу­циялық Кеңестің, прокуратура органдарының, Адам құ­қықтары жөніндегі уәкілдің, адвока­тура­ның, нотариаттың және өзге де институттардың қызметі адамның және аза­маттың конституциялық құ­қықтары мен бостандық­та­рын қорғауға бағыт­талған. Еліміздің егемендігін ұлттық қауіпсіздік органдары қам­тамасыз етеді. Республиканың Президенті адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету жүйесінің біріктіруші элементі, Конс­ти­туцияның мызғымас­ты­ғы­ның, халық пен мемлекеттік билік біртұтастығының, мемлекеттік биліктің барлық тар­мақтарының келісіп жұмыс істеуінің және олардың халық алдындағы жауапкершілігінің ныша­ны әрі кепілі болып табылады. Қазақстан Республикасының азаматтығы адам­ның мемлекетпен саяси-құқықтық байланысын ғана білдіріп қоймай, өзінің өмір сүруге қолайлы Отаны барлығына, оның жетістіктеріне мақтану сезімін, оның гүлденуі үшін аянбай еңбек ету ұғымын да білдіре бастады. Адамның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкім­нің тиіспеуі туралы ережелердің, әркімнің өз ана тілі мен төл мәдениетін пайдалану, қарым-қатынас, тәрбие, білім алу және шығармашылықпен айна­лысу тілін еркін таңдау құқығының Конституцияда бекітіліп, азаматтарды қандай да болсын себептерге қарамай кемсітуге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік және рулық астамшылықты насихат­тауға және т.б. қатаң тыйым салынуы, еліміздің бүгінде әлемді таңдандырып жүрген ең басты конституциялық құндылықтарының бірін – ұлт­аралық және конфессияаралық татулықты қамта­ма­сыз етудің кепілі болды. Елімізде жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бейбіт әрі тату өмір сүруде, қырықтан астам конфессиялар еңбек етіп, олардың мүдделері ең жоғары деңгейлерде білдіріледі (Қазақстан халқы Ассамблеясы, Парламенттегі депутаттық мандаттарға квоталар және т.б.). Бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономи­калық дамудың конституциялық принципі (Негізгі Заңның 1-бабының 2-тармағы) елімізде зейнетақы, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау және өмір сүру үшін маңызды басқа да салаларды қамтитын, әлеуметтік бағытталған нарықтық экономиканың принциптерін қалыптастыруға қуатты серпін берді. Бәсекелестікке мейлінше қабілетті мемлекеттер қатарына кіру және қолдағы бар жетістіктерді еселей түсу үшін ұзақ мерзімді бағдарламалық құ­жаттар – Қазақстан-2030, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарла­масы, жоғарыда аталып кеткен 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы және т.б. жүзеге асырылуда. Конституцияның 8-бабында баянды етілген түбегейлі принциптерге сай республиканың сырт­қы саяси қызметі іске асырылуда. Халықаралық құ­қықтың принциптері мен нормаларын құрметтеу, мем­лекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көр­шілік, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі жұ­мыстарына араласпау саясатын жүргізу, халық­ара­лық дауларды бейбіт жолмен шешу Қазақ­станның бейбітсүйгіш әрі тұрақты мемлекет, сенімді серіктес, әлем қауымдастығының беделді мүшесі ретінде халықаралық деңгейде әділетті баға алуына септігін тигізді. Бүгінде Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және т.б. беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мү­ше­сі болып табылады. Еліміздің халықаралық баста­ма­лары ең жоғары деңгейлерде іске асырылуда. Мәселен, 2009 жылғы желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы (64/35-қарар) Семей ядролық полигонының жабыл­ған күнін – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қар­сы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Бұл жылы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тең­дессіз батыл ше­шім қабылдағанына 20 жыл толды. Соның ар­қа­сында бүгінде әлем халқы Қазақстанды ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет деп біледі. Өткен жылы Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өзінің мәртебелі де жауапты миссиясын абыроймен атқарып шықты. 2010 жылғы 3 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары қабылдаған Декларацияда адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтай отырып, бейбітшілікті қолдау туралы біздің Конституциямызға үн­дес ережелер бекітілді. Қазақстан ағымдағы жылы халқының саны 1,5 миллиардқа жуық 57 елдің басын қосатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (Астанада аты өзгертілді) Төрағасының міндетін атқаруға кірісті. Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты өзінің Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, ИЫҰ төрағалық ету Республиканың сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуге тиіс. Қазіргі кезде бұл міндет те дәйектілікпен шешімін табуда деген ойдамын. Конституция прогрессивті заң шығармашы­лығы үшін мықты іргетас қалады. Осы жылдар ішінде елімізде мемлекет пен қоғам өмірінің бар­лық саласында тұрақты заңнамалық база құрылып, ол еліміздің ұлттық құқықтық жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етті. – Мемлекеттің заңдылығын қамтамасыз ету процесінде Конституциялық Кеңестің рөлі қандай? Еліміздің бүкіл аумағында Негізгі Заңның ұлықтығын қамтамасыз ететін мамандандырылған конституциялық бақылау органы ретінде Конститу­циялық Кеңес республиканың мемлекеттік егемендігін қамтамасыз етуге өзінің маңызды үлесін қосты. Өзі құрылған күннен бастап Конституция­лық Кеңес мемлекеттің тәуелсіздігі және егемен құқығы туралы; мемлекеттіліктің конституциялық негіздері туралы; аумақтық тұтастығы туралы; шекарасына қол сұғылмауы және аумағының бөлінбестігі туралы; мемлекеттің біртұтастығы және президенттік басқару нысаны туралы; халық пен мемлекеттік биліктің біртұтастығы туралы; азаматтық туралы; мемлекеттік тіл және басқа да көптеген конституциялық нормаларға түсіндірме берді. Оның құқықтық ұстанымдары нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде негізге алынды. – 30 тамыз күні Астанада, міне, қатарынан үшінші жыл Әскери шеру өткізіліп келеді. Неліктен ол Отан қорғаушылар немесе Жеңіс күні емес, дәл осы күні өткізілуде? Мемлекеттік мереке Конституция күнін той­лауды қоғамдық-саяси, патриоттық және тәрбиелік маңызы бар жаңа мазмұнмен толтыратын әскери шеру өткізу дәстүрге айналды. Әскери шерудің бірінші кезекте Жеңіс күнімен байланыстырылуы, әрине, заңды құбылыс, өйткені кеңес уақытында және ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында әске­ри шеру, әдет бойынша, нақ осы күні өтетін. Алайда И.Сталин басқарған кездері әскери шеру үнемі 9 мамырда өткізілмейтін. Ұзақ уақыт бойы Жеңіс күні жұмыс күні болып келді. 60-жылдардың орта тұсынан барып Кеңес Одағында Жеңіс күні кең тойлана бастады, соның ішінде әскери шеру өткізілетін болды. Ал қазіргі кезде 9 мамыр Ұлы Отан соғысы қатысушыларын еске алу күні болып табылады. Шетелдерде әскери шерулер мемлекеттілікпен, құрылтайшылық маңызы бар оқиғалармен байла­ныс­ты түрлі мерекелерге, мәселен тәуелсіздік күні­не, армия мен флоттың құрылған күніне, республика жариялануына, сондай негізгі заң – конституция қабылдануына орай өткізіледі. Мәселен, жақында Грузияда ел тәуелсіздігі құрметіне арнал­ған әскери шеру өтті. Францияда Елисей алаң­ын­да дәстүр бойынша әскери шеру Бастилияны алу күніне орай­ластырып өткізіледі. Конституция күнін әске­ри шерумен тек бізде, Қазақстанда ғана емес, мәсе­лен, Үндістанда да атап өтеді. Консти­туцияны қа­был­дау күні Үндістанда ресми мереке болып табы­лады және жыл сайын 26 қаңтар күні Республика күні ретінде тойланады. Бұл күні Федерацияның астанасында және әрбір штатта әскери шерулер, халық билері мен күйлерінің фестивальдері, театр­лан­дырылған қойылымдар ұйым­дастырылады. Мұн­дай мысалдар аз емес. Қазақстанда Конституция күніне арнап әскери шеру өткізілуі халқымыздың Ата Заңға деген ерекше ықыласын білдіреді. Мемлекет басшысы –Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Конституция басты құндылықтарымызды – Тәуелсіздікті, Бейбітшілік пен Тұрақтылықты мәңгілікке бекітті. Қарулы күштеріміз осы құндылықтарды қорғау­шы­лардың алдыңғы қатарында тұр. Сондықтан Конституция күні әскери шеру өткізу әбден заңды. – Негізгі Заңның ел тәуелсіздігі қалып­та­суын­да атқарған рөлін қалай сипаттаған болар едіңіз? Негізгі Заң Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің конституциялық заңдылығына іргетас болып табылады. Мемлекеттік билік орган­дарының, қоғамдық институттар мен азаматтардың қызметі, еліміздің қол жеткізген жетістіктері, бейбіт өмір сүруіміз, ертеңгі күнге деген сеніміміз, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артуы Конституцияда айқындалған құқықтық негіздерге сүйенеді. Демек, бұл жетістіктер Негізгі Заңның авторы ретінде Қазақстан халқының қалау­ын білдіреді. Біздің қарыштап алға басуымыздың сыры қарапайым. Біз Конституцияда мемлекетті­ліктің базалық элементтерін жариялап қана қойған жоқпыз, оларды нақты мазмұнмен толтыру үшін де тынбай еңбек еттік. Соның нәтижесінде, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Конституциясы мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының берік негізіне, адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарының сенімді қорғалу кепіліне айналды, еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуеті бүкіл халықтың игілігі үшін серпінді дамуын қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, біздің бұдан кейінгі барлық күш-жігеріміз Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, оның әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталуы тиіс. Ал бұл өз кезегінде қалыптасқан Қазақстан мемлекеттілігін одан әрі нығайтуды білдіретін болады. – Сіздің оқырмандарға тілегіңіз... – Мүмкіндікті пайдалана отырып, газет оқыр­ман­дарын мемлекеттік мереке – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы күнімен құттық­тай­мын. Баршамызға мықты денсаулық, отбасымызға бақ-береке тілеймін, бастаған ісімізге сәттілік болсын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.