12 Желтоқсан, 2016

Каньяс: «Қайрат» пен «Астана» матчын қазақстандық Эль-Классико деуге болады

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
rokher «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс «Советский спорт» басылымына берген сұхбатында Италияның «Удинезе» командасымен арадағы сәтсіз трансфері, Алматының «Қайратымен» қарсыластығы және Қазақстанның дәстүріне деген көзқарасы туралы айтып берді. 2009 жылы Каньяс Колумбияның чемпионы атанғаннан кейін өз күшін Еуропада сынап көрмек болады. Бірақ түптің-түбінде уәде етілген А Сериясында емес, «Сібір» командасына ауысуға тура келеді. Ол ресейлік клубта бір маусым ғана өнер көрсетсе де, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген ойыншылардың бірі болды. Ал соңғы төрт жылда Қазақстанда өнер көрсетіп жүр. Мұнда ол үш мәрте ел чемпионы атанып үлгерді. Қарағандының «Шахтерімен» бұл атаққа бір рет қол жеткізсе, қалған үшеуін «Астанамен» жеңіп алды. Ол «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесуді қазақстандық Эль-Классикоға теңеді. Ал «Янг Бойздан» 0:3 есебімен ұтылғанына қарамастан маусымның сәтті аяқталғанын жасырмады. «Бір жылда екі кубокты жеңіп алу – ең жоғарғы көрсеткіш. Бәрі-бір швейцарлармен өткен кездесу ешнәрсені шешпес еді. Жалпы алғанда бұл маусым біз үшін ойдағыдай өтті. Ал келер жылы Чемпиондар лигасында жақсы өнер көрсететін мүмкіндігіміз бар», – деді колумбиялық футболшы. Ресей халқы Анатолий Тимощук пен Андрей Аршавин ойнайтын «Қайрат» жайлы жақсырақ біледі. Алматылық ұжыммен өтетін ойындар қаншалықты қиындық тудырады деген сұраққа: «Бұл матчтарды қазақстандық Эль-Классико деп атасам қателеспеген болар едім. Бейне-бір «Барселона» мен «Реал» арасындағы матч сияқты. Бір ерекшелігі – Қазақстанда өтеді. Қайсы біріміз жеңіске жетсек, чемпионатты ұтып алғандай сезімде қалып жатамыз» – деді ол. kairat Жасыл алаңда емес аппақ қардың үстінде өткен Қазақстан кубогының финалы бәрінің есінде болар. Каньяс оны да ұмыт қалдырмай, тілге тиек ете кетті: «Расымен, ауа райы өте қатты әсер етті. «Қайраттың» жерінде өткендіктен бұл жеңіс біз үшін маңызды болды. Жанкүйерлер «жан алысып, жан беріскен» ойынның куәсі болды деген ойдамын», – деді 26 жастағы футболшы. Өткенге қайта оралған колумбиялық аяқдопшы «Удинеземен» арадағы сәтсіз трансфері жайлы әңгімеледі: «Еуропада мені дайын келісімшарт күтіп тұр деп сан соқтырып кеткен адамдар болды. Бұл уақытта трансфер уақытының аяқталып қалған сәті болатын, сондықтан Латвияға барып, бір-екі ай ойнау жөнінде ұсыныс алдым. Өз деңгейімді төмендетіп алмас үшін «Транзит» командасынан бір-ақ шықтым. Міне, сол жақтан Ресейге ауысу жағын қарастырдым», – деді. Ал «Сібір» командасына ауысқандағы әсері мүлдем бөлек екен: «Өте әдемі және үлкен қала. Бір ауыз сөз білмейтіндігіме қарамастан Ресейде мені жақсы күтіп алды. Команда өте ұйымшыл екен. Әріптестерімнің арқасында тез сіңісіп кеттім. Бір қиындығы бұл жақта ауа райы өте салқын, жылыну үшін жиі-жиі кофе ішіп жүрдім (күлді)», – деді Рохер. Ресейден кейін Каньяс бірден Қазақстанға келе салған жоқ, Польшаның «Ягеллония» командасына ауысты. Бұл жөнінде ол: «Мұнда жағдай қиындау болды. Мені сатып алған басқа жаттықтырушы болатын. Польшаға келгенімде ол кісіні ауыстырып жіберіп, жаңа жаттықтырушы келіпті. Ал жаңа бапкер маған сенім артпайтынын айтып, ел кубогында ойнауға 45 минут қана уақыт берді. Бұдан өзге ешнәрсе болмады. Міне, осы тұста Қарағандының «Шахтерінен» түскен ұсыныс мені үлкен тығырықтан шығарды. Ал жаңа командамда бәрі алға қарай басты», – деп есіне алды. shakhter «Шахтер» матч алдында Құдайға арнап, қой соятындығымен әлемге танылды. Бұған тез үйренісіп кеттіңіз бе деген сұраққа: «Әр ұлттың өзіндік салт-дәстүріне құрметпен қарай білу керек деп ойлаймын. Бұл ерекше әрі өзіндік мәні бар дәстүр. Бұдан өмірлік тәжірибе алдым», – деді жартылай қорғаушы.