Биылғы жыл қазақ елі спортшылары үшін қоржыны жүлдеге толы жыл болды. Саңлақтарымыз Олимпиада төрінен орын алып, көптеген жаһандық жарыстарда жарқырап көрінді. Осылайша жылды жақсы жетістіктермен қорытындылағалы отыр. Біздің Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен әңгімеміз осылар жайында өрбіді.
– Елсияр Баймұхамедұлы, биылғы жылдың басты додалары жайлы не айтар едіңіз?
– Жылдың табысты болғанына еш күмән жоқ. Мұның бастысы, Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпия ойындарында еліміздің ұлттық құрамасы жақсы өнер көрсетті. Жалпы командалық есепте 17 медаль алып, бұрынғыдан ілгері кеттік. Мұның бәрін мен бірінші кезекте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа деген қамқорлығының арқасында мүмкін болды деп білемін. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиялық комитет басшыларының бірлескен жұмысы өзінің оң нәтижесін берді. Өздеріңіз куә болғандай,тарихта тұңғыш рет Қазақстан спортшысы суда жүзуден Олимпиаданың алтын медалін алды. Бұған қол жеткізген Дмитрий Баландин осылайша отандық спорттың бір жаңа парағын айқара ашты.
Әр қазақ заңды түрде үмітпен қарайтын бокстан да құр алақан емеспіз. Данияр Елеусінов біздің төл салмағымыз ретінде аталып кеткен 69 килоға дейінгі дәрежеде тағы да туымызды биік ұстай білді. Бұған қоса, Әділбек Ниязымбетов қатарынан екінші рет күміс медаль алса, Василий Левит бұған бірінші рет енші тақты. Ал Ойындар басталардың алдында біраз соққы алып қалған ауыр атлетика саласы бұл сыннан да абыроймен шығып, ортақ қазанға 5 түрлі медаль салды. Олардың арасынан бұл жолы алтыннан алқа таққан спортшы – атыраулық Нижат Рахимов шықты. Ал Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасынан бірінші болып күміс медальды қанжығаға байлады.
Соңғы кездері үлкен қарқынмен дамып келе жатқан дзюдо күресінен де үмітіміз зор болған, осыған орай Елдос Сметов күміс медальмен, Отгонцэцэг Галбадрах қола медальмен ел мерейін үстем етті. Бұл жолы күрес түрлерінен жігіттеріміздің жолы болмағанымен, қыздар өте жақсы нәтиже көрсетті. Жолдама алған 4 қызымыздың барлығы үздік бестіктен көрініп, 3-уі медальдың ауылынан табылды. Шынында 1 күміс, 2 қола медаль алу – қыздар күресінде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Рионың алдында ғана Астанада өткен әлем чемпионатында айды аспаннан бір-ақ шығарған боксшы қыздар Ойында да еңсемізді түсірмеді. Сөйтіп, Дариға Шәкімова қола медаль алып оралды. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова әлемнің үздік жеңіл атлеттері сапында екенін тағы да бір мәрте дәлелдеп, қола медаль еншіледі. Жалпы, медаль алмағанмен, жоғары нәтиже көрсеткен спорт түрлері де бар. Мысалы, ескек есуде Риоға 13 лицензиямен бардық. Біздің спортшылар үшін үлкен нәтиже және олар ақтық кезеңдерге дейін жетті.
– Риода Паралимпиада ойындары да жоғары деңгейде өтті.
– Бұған дау жоқ. Онда тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медаль алдық. Жүзуден Зүлфия Габидуллина 100 метрге еркін әдіспен жүзуде алдына жан салмады. Ол өзі жасаған рекордты 4 секундтқа жаңартты.
Пауэрлифтинг спортынан өнер көрсеткен 3 спортшымыздың бірі – Раушан Қойшыбаева күмістен алқа тақты. Сонымен қатар, жүзуден Әнуар Ахметов есімді атлетіміз қола медальға санаулы секунд жетпей қалды. Парадзюдо спортындағы үмітімізді жайсыз келген жеребе бұзды.
– Елсияр Баймұхамедұлы, еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спортының жайы туралы не айта аласыз?
– Қазіргі таңда елімізде 438 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар. Жыл сайын әр облыста жаңа спорт мектептері ашылып жатыр. Менің білуімше, нағыз спортшылар қарапайым отбасыларынан шығады. Әр бала өзі қалаған спорт түрімен айналысуға толық құқылы. Осыған байланысты ақысыз түрде жұмыс жүргізетін спорт мектептері санын көптеп ашу жөнінде мәселе қойылып келеді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде 63 стадион, 5 336 спорт алаңы, 1 712 спорт залы, 35 спорт сарайы бой көтерген екен. 2015 жылы республикада қолданыста бар 35 783 спорт ғимаратының 26 186-сы, спорт мектептерін қоса алғанда, білім беру мекемелеріне тиесілі болса, тек 9 597-сі ғана дене шынықтыру-спорттық мақсаттағы нысандарға жатады. Сонымен бірге, 2014 жылға қарағанда, спорт ғимараттары саны 857 бірлікке өсті. Өңірлерден алынған деректер 2014 жылы ғимараттар саны 34 926 болғанын көрсетсе, 2015 жылдың соңында бұл көрсеткіштің 35 783 нысанға артқаны белгілі болды. 2014-2015 жылдары еліміздің 8 өңірінде 18 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Бұл жұмыс әлі жалғасын табады. Сол сияқты Президенттік сынамалар тапсыру жұмыстары да жолға қойылу үстінде. Бұл жобаның басты мақсаты халықтың спорт пен дене шынықтыруға деген ықыласын арттыру, сол арқылы саламатты өмір салтын ұстанушылардың деңгейін анықтау болып табылады.
– Ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөліне бастағаны байқалады.
– Дұрыс айтасыз. Бүгінде ұлттық спорт түрлерінің дамуы өте жоғары қарқын алып отыр. Естеріңізде болса, 90-шы жылдары бұл бірен-саран бәйге, балуандар күресі сияқты кішігірім жарыстар өткізіп тұрумен шектеліп қала беретін. Ел тәуелсіздігі айқындалып, мемлекетіміздің әлеуеті артқан сайын өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қайта жандандыруға да үлкен жол ашылды. Осы тұста күрес десе ішкен асын жерге қоятын біз үшін қазақ күресінің үлкен биіктерден көрінуі – ерекше жетістік. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы», «Жас барыс» сияқты дәстүрлі турнирлер мен әлем, Азия чемпионаттарына қатысатын спортшылар саны мен оған ден қойған мемлекеттер қатары күн артқан сайын кеңейіп келеді. Ат спорты түрлері де қазір елдің ерекше назарында. Аламан бәйгелер, аударыспақ, көкпардан Азия чемпионаттары өтіп жүр. Теңге ілу мен қыз қуу толыққанды спорттық жарысқа айналды. Қазақтың зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ еліміз шеңберінен асып, Еуропа құрлығына жайыла бастады. Ұлттық спортты дамыту әр уақытта да басым бағыттардың бірі болып қала береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА