Маңғыстау – қалыптасқан ән мен жыр, күй мектебі бар өңір. Әсіресе, Маңғыстау десе халықтың көкейіне, алдымен жеті қырдан ән асырған жеті қайқының есімі оралады.
Әнші Күріш Тасболатов – өзіндік орындау мәнері бар жеті қайқының мұрасын жалғап, ұрпақ жадына сіңіріп келе жатқан аға буын өкілдерінің бірі. Әнші еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ақсақалдық жасқа жеткен болатын. Қос мерекені негізге алған Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы ІІ Республикалық «Қайқылардан қалған саз» деген атпен Маңғыстаудың дәстүрлі әндерін орындаушылардың байқауын өткізді.
Ғасырлар бойы сан буын ұрпақтың жете алмай кеткен арманына айналған егемендіктің қадір-қасиетін ұғындыру, ширек ғасырда Қазақстанның жеткен жетістіктерін дәріптеу және Маңғыстаудың дәстүрлі әншілік мектебінің, әсіресе, жеті қайқының қазақтың музыкалық мәдениетіндегі тарихи рөлін республика көлемінде айқындап, рухани мұраларын жас орындаушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатындағы байқауға республикамыздың түкпір-түкпірінен Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласынан 22 талапкер қатысты.
– Еліміздің барлық өңірі ән мен жырға өте бай және әр өңір өзіне тән мақаммен, мәнермен қазақ өнерін дамыта өркендетіп келеді. Әр өңірдің өнердегі ерекшелігін тек сол аймақтың өзінде қалдырмай, бүкіл республика бойынша насихаттауға, ұлттық өнерімізді ортақ мәдени құндылық ретінде жастарға үйретуге тәуелсіздік алған соң қол жетті. Байқауда біз Маңғыстаудың, жеті қайқының әндерін жатсынбай, нақышына келтіре орындаған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың талантына тәнті болдық, – дейді Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры А.Зейілова.
Қазақ дәстүрлі ән өнерінің өкілдері – желкілдеген жастардың домбыраны шебер меңгеріп, әуелете ән салып, тәуелсіздікке тарту жасауы көңіл көтерді. Жастар жалынды, ұлттық мұраға мұқият болса, мәдени мұралардың мұқалмасы белгілі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы