31 Тамыз, 2011

Жаңғырық

664 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Семейдегі Ертіс экология департаментінің конференц-залында ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының ұйым­дас­тыруымен «Ел тәуелсіздігі және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл» деген тақырыппен дөңгелек үстел өткізілді. Оған билік өкілдері, ғалымдар мен экологтар, полигон маңындағы аудандардан қонақтар, этномәдени орталықтар белсенділері мен журналистер көптеп қатысты. Мазмұнды жиынды аталған қозғалыстың вице-президенті Сұл­тан Картоев ашып жүргізіп отыр­ды. Жиында Курчатов қаласын­дағы Ұлттық ядролық орталық­тың бас директоры, академик Қай­рат Кәд­ір­жанов, заманында Семей өңі­­ріндегі гидрогео­ло­гия­лық барлау экспе­ди­ция­сын ұзақ жылдар бойы абы­рой­мен басқар­ған ғылым кан­ди­даты Байсұлтан Тілекин, рес­пуб­лика­мыз­­дың экс-халық депу­та­ты, ғы­лым докторы, профессор Май­ра Жангелова жә­не басқалар сөз сөй­леп, Елба­сы­ның атом ажда­һа­сын жа­бу­дағы ерлігі мен Курчатов қала­сын­дағы қазіргі оңды өз­ге­рістер жә­не оның болашағы тура­лы кең­і­нен ой тол­ғады. Жиында, сондай-ақ елімізде атом стансасын салу керек пе, жоқ па деген мәселе де қозғалды. Бұл күндері Семей өңірінде по­лигонның жабылуының 20 жыл­­дығына арналған жиындар көп­теп өткізілуде. Айталық, бейсенбі, жұма күндері Ұлттық яд­ро­лық орталық пен Семей мемлекеттік медицина университетінде полигон тақырыбын терең­нен қозғаған халықаралық конференциялар бо­лып өтті. Ал по­ли­гонның жабыл­ған күні – 29 та­мызда Семейде, Ертіс өзені жаға­сында түрлі мерекелік шаралар өтті. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.