11 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қырғыз Республикасында өткен референдумды байқауға қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.
Б.Имашев Қырғыз Республикасының сайлау және референдумдарды өткізу жөніндегі орталық Сайлау комиссиясының төрайымы Н.Шайлдабеко-
ваның шақыруы бойынша «Қырғыз Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қырғыз Республикасы заңының жобасы жөнінде референдумды байқау аясында бірқатар сайлау учаскелерін аралап, дауыс беру және дауыстарды санау рәсімдерін ұйымдастырудың ерекшеліктерімен, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен, олардың сайлау процесінің ашықтығын және оның ұлттық сайлау заңнамасына сәйкес өтуін қамтамасыз ету үшін жасалған қажетті шаралармен танысты.
Байқау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Ортсайлауком басшысы референдумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, учаскелік сайлау комиссияларының кәсіпқойлығын, сайлау процесінің транспаренттігі мен ашықтығын атап өтті. Сайлауға әлемнің 35 елінің 46 халықаралық ұйымынан барлығы 181 халықаралық байқаушы аккредиттелген екен.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Имашев Қырғыз Республикасы Сайлау және референдумдарды өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрайымы Н.Шайлдабековамен кездесті. Кездесу шеңберінде Қырғыз Республикасында референдумды өткізудің тәжірибелік аспектілері, науқанның ерекшеліктері мен сайлау барысының айқындығы және оның ұлттық сайлау заңнамасының нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралардың қолданылуы талқыланды.
Н.Шайлдабекова Б.Имашевқа референдумды байқауға қатысқаны үшін алғысын білдіріп, елде референдуммен қатар жергілікті өзін өзі басқару органдарының депутаттарын сайлау өтуіне байланысты Қырғызстанның сайлау органдарына екі есе салмақ түскенін атап өтті.
Сондай-ақ, биылғы жылы референдумда дауыс берудің ерекшелігі – сайлаушылардың биометрикалық деректерінің негізінде дауыс беруі болды. Бұл қадам сайлаудың транспаренттігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Б.Имашев Н.Шайлдабековаға ұсынған ақпараты үшін ризашылығын білдірді, сондай-ақ, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы сайлау органдарының арасында көптеген бағыттар бойынша тиімді қызмет жасауға мүмкіндік беретін жылы серіктестік қарым-қатынас орныққанын атап өтті. 2012 жылы екі ел ведомстволарының арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын.