«Жақсы адамға жақын жүрсең, өзің де жақсылыққа жақын жүресің», деген сөзді кімнен естігенім есімде жоқ, әйтеуір, естіген сәтте көңіліме қонып, жаныма жағып, санамда сақталып қалды. Естіген бойда: «Мен осы кімдердің жанында жүрмін?» деген ойдың жетегіне түстім де кеттім. Ойлап отырсам, өзім білетін, өзім сыйласатын азаматтардың көпшілігі жақсылардың қатарынан екен. Көңіл-күйім кәдімгідей көтеріліп сала берді. Ойымды ой қозғап, осы тіршілікте қатар жүрген адамдармен бірге өткізген күндер, түрлі оқиғалар тізбектеліп жүре берді. Сондай өзім үшін ардақты саналатын азаматтардың алдыңғы қатарында замандасым әрі әріптесім Талғат Батырханның келбеті ерекше көлбеңдей берді.
Ол – журналист. Жүрегі қалаған мамандығының адал құлы. Журналистикада жаңалық ашқан жоқ. Қай саясатқа болмасын белсенді емес. Бірақ, құдай берген қабілетіне қарай, бар білетіні, бар бітіретіні өмір бойы илеген газет атты әлемнің «саясатын» керемет жүргізеді. Иә, білген адамға газет дегеніңіз нағыз саясаттың алаңы. Мұнда мемлекеттік, ұлттық, салалық мүдденің бәрі қамтылады, айтылады. Газеттегі бір сөзден кеткен қате үшін қаншама тілшінің, қаншама басшының тағдыры басқаша болғанын естіп те, біліп те жүрміз. Демек, журналист кәсібі от пен судың ортасындағы жұмыс десек болады.
Кейіпкерім Талғат Батырхан журналистиканың ат ауыстырып көрмеген иесі болғандықтан ба, осы мамандықтың қасиеті жайында бұрын мән бермеген ойлар тарқатылып кеткендей. Жалпы, баспасөзге талап көп қойылатын сияқты: қалың оқырманнан, қоғамнан, биліктен, баспаханадан, тіптен кейде мектептегі оқушыдан да... Демек журналиске жүктелетін жауапкершілік деген жетерлік. Ал осындай міндетті абыроймен атқару үшін не істеу керек?! Журналистің қасиеті қандай болмақ?
Өз ойымша, біріншіден, білім дер едім. Иә, жақсы журналист болуға терең білім, көп оқу керек-ақ. Екіншіден, ізденгіштік-еңбекқорлық. Одан әрі.., одан әрі қандай қасиет қажет десеңіз, батылдық пен сақтық деп айту қажет. Ал осы қасиеттің бәріне иелік етсеңіз, әрине жақсы-ақ. Қалай иелік етесіз? Оның кілті – мінезде.
Мен білетін Талғат Батырханның қасиеті – кісілік мінезі. Қашан көрсең, қабағы – ашық, көңілі – кең, пейілі – ақ. Бірінші көрісіп, танысқанда солай болып көрінген еді, әлі де сол қалпында. Асықпай жүреді, жүрегімен күледі, әңгімесін көсілтіп айтады, жұмысын да жасайды. Пенде емес пе, күнделікті іс барысында ашуланып қалатын кездері де болады. Ондайда қысқа сөйлейді, бірақ батырып айтып жібереді. Айтқанда да сөздің салмақтысын тауып, естіген адамның сүйегін сырқыратып жібергендей болады. Керек десеңіз, бір-ақ ауыз мысалмен кімнің болса да мысын басатыны бар. Өзімнің түйсігімде оның мұнысын ешкім кемшілігі деп айтып жатпайды.
Тәкең негізі білімпаз азамат. Аңдаған адамға көп оқығанын, көп оқитынын аңғару қиын емес. Қай кезде, қай жағдайда әдебиет жайында, әрине, жазушы-ақындар туралы әңгіме өрбісе, біздің Тәкең қамшы салдырмайды-ау. Мәселен, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбай, Дүкенбай Досжан, Төлен Әбдік, Дидахмет Әшімханұлы, тағы қайсы жазушылардың қай әңгімесі, қай романы жайында әңгіме қозғалса, сол шығарманың кез келген оқиғасын айнытпай айта жөнеледі. Айта отырып, өзінің ой-пікірін де қосып-қосып қояды. Мұндай сәттерге куә болғанымда өз басым әріптесіме қызығып та, қызғанып та қараймын. Ол өзі талғампаз да. Жаңа кітапты, жақсы кітапты іздеп жүреді, сұрап жүреді. Және сол іздегенін тапқанша қоймайды.
Соңғы кездері Талғат Батырхан туралы бірнеше мақала оқып шықтым. Сонда: «Талғат аз жазады, бірақ саз жазады», дегенді ұғындым. Қазір солай шығар. Алайда Тәкеңнің бұрын жас кезінде, яғни тілшілік қамыты мойнынан үзілмей жүргенде жазып тастаған талай-талай мақалаларын көргенбіз. Бергіні айтпай-ақ, сол еңбек жолын бастаған Талдықорған облыстық «Жерұйық», республикалық «Халық кеңесінде» жазғандары аз ба?! Әр жылдарда әр елдерде тұрып, асқаралы абыройға ие болған қазақтың қайраткер ұл-қыздары туралы мақалалары кімді қызықтырмайды?! Қилы-қилы тағдырлы танымал тұлғалар туралы ой-толғамдары «Көңіл көкжиегі» атты кітапқа арқау болды. Осы бір жазуы жеңіл, салмағы ауыр танымдық-тағылымдық жинақтағы кейіпкерлерді таныған сайын қазағыңның текті халық екеніне көзіңді жеткізе түсіп, ұлттық рухың көтеріліп қалады. Тәкеңнің «оймақтай ой» жазатын тәсілі де бар. Кіп-кішкентай дүниеден ауқымды ой салатын, керісінше, дабырайған дүниеден шап-шағын ой алатын қабілеті де қызықтырмай қоймайды. Айналып келгенде, Тәкең аз жазса да, саз жазса да, көп ойланып, қаузаған тақырыбын әбден пісіріп барып жазатын қаламгердің өзі.
Тәкең нағыз қазақы жігіт. Тұла бойынан ауыл баласының иісі аңқып тұрады. Атасы мен әжесінің қолында өскенін айтпай-ақ аңғарасыз. Талғат Батырханды жай ғана қазақы жігіт деуіміз аз, ол ұлттық намысы найзағайдай азаматтың қатарынан. Қазақ баласының өнерде, ғылымда, басқа да сайыстан бәйге алғанын көргенде кәдімгідей қуанып, марқайып кетеді. Адам намысын қайрар спорттың бір деген бесаспап білгірі. Осы саладағы саңлақтарды сөмкесіне салып оқып жүретін «Советский спорт», «Спорт-экспресс», «Қазақ спорты» арқылы біліп, қуанғанын сездіріп жүреді. Күндегі жұмысы әр кабинетті аралап жүріп: «Иә, қазақтарым, қалайсыңдар!» деген сөзбен басталып жатады.
Әріптесімнің тағы бір қасиеті көпшілдігі дер едім. Олай дейтінім, Тәкеңді көп адам іздейді. Жұмыстан бөлек жай әңгімелесуге келетін адамдардың өзі бір төбе дер едім. Қашан көрсең оның бөлмесіне кірген адамдардың әңгімесі жарасып кете барады. Көпшіл адамның досы да көп болатыны заңдылық қой. Осы орайда Талғаттың өзі аса құрметтейтін аға-жолдастарына қарап тағы да қызығып қоямын. Мәселен, Жанболат Аупбаев, Кенжеғали Мыржықбай, Камал Әбдірахманов, Қонысбай Әбіл секілді ағалары, жақын жүретін дос-сырластары Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы, Сайын Есмағи, Мұратбек Тоқтағазы, Амантай Шәріп, Дихан Қамзабекұлы, Ерлан Бекқожин, Қыдырбек Рысбекұлы... Қайсын айтсаң да атағынан ат үркетін, нағыз «сен тұр, мен атайын» дейтін азаматтар. Бұлар менің білетіндерім ғана. Тәкеңнің үйде, түзде, басқа да күйде араласып-құраласатын сыйлас замандастары көп-көп екенін ішім сезеді. Соңына ілескен, «ағалап» жағалап жүретін Жандос Бесбоғда, Амангелді Қияс, Азамат Есенжол сынды әріптес інілерін қалай ғана сайдың тасындай жігіттер демессің.
Иә, бүгінде «Астана ақшамы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып еңбек етіп жүрген Талғат Батырхан нағыз ердің жасына келіп отыр. Талдықорғаннан түлеп ұшқан, Алматыда арман қуған елгезек жігіт бүгінде Астанада, бас қаланың басылымында баспасөздің майталманы болып қалыптасты. Айта кеткеніміз артық болмас, ол болашақ елордаға Ақмола кезінде-ақ табан тіреген азаматтың бірегейі. 1998 жылғы көктемде келген еді. Бүгінде құтты мекеніне айналған осы шаһарға алғаш келгенде есігін ашқан шығармашылық шаңырағы «Ақмола ақшамы» газеті болатын. Жұмысты бас редактордың орынбасары болып бастады. Одан кейін «Астана ақшамы» болды. 2002 жылы Тәкең ойламаған жерден «Қазақстан теміржолшысы» газетіне ауысып кетті. Алғашқыда астаналық газетті салалық басылымға қалай қиып кетті екен деп ойланып та қалған едік. Сөйтсек, ҚТЖ басшылығы аптасына бір-ақ рет шығатын шағын газетін үлкейтуді ойластырған екен. Бас редактор болып барған Талғат Батырхан «Қазақстан теміржолшысын» үлкен форматқа көшіру, аптасына 5 рет шығаратын процесті атқарып шықты. Онымен қоса жаңа дүркіреп шыға бастаған «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары ретінде Астанадағы тілшілер қосынын ашып, шығармашылық топқа жетекшілік етті. Бес жылдан кейін Тәкең «Астана ақшамына» қайта оралып, сол құтты орнына қайта орнықты. Редакция қуанып қарсы алды. Осылайша ол жас елордамыздың қалыптасу кезеңіне түгелдей куәгер болып келе жатыр.
Иә, адам баласы үшін бұл жалғанның мәні де, сәні де әркімнің өмір-дарияда өз орнын тапқаны дер едім. Бұл ретте менің кейіпкерім Талғат Батырханды жұлдызы жанған азамат десек жарасады. Олай дейтінім, жан жүрегі қалаған мамандығы – журналистиканың жемісін теріп жүр, жан шуағын тербеткен берекелі отбасының тірегі болып келеді. Жан сарайын жадыратқан ағайын-достарының арасында абыройға ие болуда.
Осының бәріне Талғат замандасым қалай ие болып жүр?! Оның сыры қарапайымдылықта, табиғилықта. Ал ол кеңдікке жол ашары анық. Соған ие болған адам кем болмайды екен. Сондықтан да Талғат Батырханның жүрген жолы да, жүрген ортасы да кең сарай деп білемін.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ.
Астана.