15 Қаңтар, 2010

ТҰЛҒАЛАР ТҰҒЫРҒА ҚОНАТЫН БОЛДЫ

2782 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қазақ хандығының негізін сал­ған Керей мен Жәнібек хандардың ес­керткіштері төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қойылды. Арнайы құрылған комиссия бұл ескерткіш­терді “түр-келбеті қазаққа кел­мей­ді”, “іші кеуек, сапасы нашар” де­ген негізбен Астана көшелеріне қоюға өз рұқсатын бермеген бола­тын. Өткен жылдың аяғында көте­рілген бұл мәселе шешімін жыл басында тапқан секілді. Жақында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің басшы­лы­ғымен қазақ хандығының негізін са­лушы Керей мен Жәнібек хандар­дың және ақын Абай Құнан­байұлы­ның ескерткіштерінің эс­киздеріне қатысты республикалық ашық кон­курстың қорытындысын жариялауға арналған қазылар алқасының оты­ры­сы болып өтті. Конкурсқа белгіленген мерзімде 30 жұ­мыс келіп түскен. Хандардың бейнесіне қатысты 10 жұмыс келіп түссе, Абайдың ескерт­кіш-мону­мен­тін жасауға ынта біл­дір­гендер саны — 20. Бір айта кететін жәйт, конкурсқа қатысушылар алды­на ұлттық батырларымыз, қазақ хан­дығының, мемлекеттіліктің негізін қалаған Керей мен Жәнібек хан­дардың бейнесін архитектуралық-көркемдік қалыпта жүзеге асыру міндеті қойылып, алдыңғы құйыл­ған мүсіндердің “жолын құшпас” үшін бұл жолы жұмыстарға қойыл­ған талап күшейтілді. Атап айтсақ, қазақ хан­дарының бейнелерінде этнография­лық нақтылық, олар өмір сүрген ке­зең бейнесі киінген киімдерінен көрініс табуға тиісті. Эскиз-жобалар болашақта Астанада тұрғызылып жатқан ең әдемі ғи­мараттардың бірі “Хан шатырдың” жанындағы паркте тұғырға қонбақ. Осыған байланысты сол аймақтағы қала құрылысы және техникалық есептерді негізге ала отырып жа­салу тиістігі баса айтылды. Бір топ қалалық мәслихат депу­тат­тары және қоғам, мәдениет қай­рат­керлерінің Астана қаласы­ның әкімі атына жазған ашық ха­тында ұлтымыздың біртуар ақыны, даныш­пан хакім Абайға жаңа ескерткіш құйылып, оны қаланың ескі орта­лығындағы көрнекті жерге тұрғызу туралы ұсыныс жасалған болатын. Осыған орай жаңадан құйылатын Абай ескерткішін Бей­бітшілік көшесі мен Абай даңғы­лының қиылы­сын­да­ғы Туризм және спорт министрлігінің ғимара­тының алдына қойылуы керек деген шешім қабылданды. Республикалық конкурс қоры­тын­дысы бойынша Керей мен Жәнібек хандардың бейнесін бей­нелеуде астаналық Ринат Әбеновтің жұмысы ең жақсы эскиз-идея деп танылды. Алматылық Едіге Рахма­диев — екінші,  Тоқтар Ермеков, Бақытжан Әбішев, Ескен Сергебаев үшінші орын­ға ие болды. Бақыт­жан Әбішев және Ескен Сергебаев Абай ескерт­кі­шіне де өз жобаларын ұсынып, ол жұмыстар 2-орын алды. Ал Абай ес­керткішіне тапсырылған 20 жұмыс іші­нен алматылық Болат Досжанов­тың жұмысы ең үздік эскиз-идея атан­са, Нұрлан Далбай, Қайрат Сұ­раншы және қараған­ды­лық Ерлан Ғаймолдинге 3-орын бұйырды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бекітілген үздік эскиз-идеялар негізінде авторлар тарих, этно­графия, антропология саласындағы сарапшы мамандардың ескертпе­ле­рі мен кеңес­теріне сүйене отырып ескерткіш жо­басын жасамақ. Жоба Астана қалалық әкімдігінің жанын­дағы архитектура­лық-көркемдік кеңестің және қазылар алқасының отырысында тағы да са­раптамадан өтеді. Ескерткіштер жоба­сының соңғы нүктесін заңға сәйкес Мә­де­ниет және ақпарат министрлігінің Монумент және ескерткіштер жө­нін­дегі мемлекеттік комиссиясы қояды. Яғни, елдік пен ерліктің ны­шандары іспеттес осынау тұл­ғалар ескерткіш­терін Астанамыз­дың көрік­ті жерле­рінен көретін күн алыс емес. Венера ТҮГЕЛБАЙ. МАХАББАТ ЖАС-КӘРІНІ ТАҢДАМАЙДЫ Әйгілі француз актері Жерар Депардьенің елімізге келіп, күн шуағына шомылған оңтүстік өңірде (Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы) тәуелсіз “Таңарыс” киностудиясы түсіріп жатқан “Кеш махаббат” атты кар­ти­нада басты кейіпкерлердің бірін сомдағанынан киносүйер қауым құлағ­дар. Қысқасы, аталмыш фильм биылғы жылдың көзайымы болғалы тұр. Жаңа лента монтаждалып біткенше біздер мега-жұлдыздың қатысуымен өткен түсірілу алаңындағы ерекше ахуалды баяндай тұруды жөн көрдік. Кеше ғана төрткүл дүние тани бермейтін елімізге бүгін аяғының астына алтын төсеп те келтіре алмайтын кино алыптары қазақстандық жобаларға қатысып жатқаны, қалай десек те айта-айта жүрерліктей оқиға. Депардье мырза “Еуразия” кинофес­тива­лі­нің аясында алғаш рет Қазақстанға 2007 жылы жолы түсіп, отандық кинематографияға қызы­ғу­шылық танытқанда, бұл қадірлі қонақтың көңіл жықпас сөзіндей көрінген. Алайда, бұл­талақтап сөйлеуді білмейтін, атақ пен бай­лықтың буынан мүлде ада француз актері сол жолы шынында да ағынан ақтарыл­ған екен. – Жерар Депардьеге қанша төлегенімізді тіпті сұрамай-ақ қойыңыз. Егер оны Батыс кино­студиялары шақырса, біздің картинамыз­дың толық бюджеті болатын – жарты миллион доллар гоно­рар сұраған болар еді. Оның агент­­теріне хабар­ла­сып, “Кеш махаббатта” ойнауға ұсыныс білдір­гені­мізде, олар қаржы көлемін аздау айтқан. Бірақ, біз­дің ондай гонорар төлеуге де шамамыз келмей­тін еді. Дегенмен, Депардьеге сценарий ұна­ғаны сон­шалықты, бұл сауда­ла­сатын жәйт еместігін айтып, біздің жағдайы­мыз­ға көнді, – дей­ді “Таңа­рыс” кино­с­тудиясының бас директоры Сергей Әзімов. Сонымен француз актерін еліктірген қандай сценарий еді? Ауылдың қарт зейнеткері Қалтай (Нұржұман Ықтымбаев) кемпірінен айырылып, қамкөңіл болып қалады. Оған жаны ашыған неміс досы Гера (Жерар Депардье) мен Сатыбалды досы (Болат Қалымбетов) жалғызсырап жүрген Қалтай шалға “қалыңдық” іздеуге кіріседі. Атал­мыш фильм­де Ресей киносаңлақтары – На­талья Арын­басарова мен Наталья Гвоз­дико­ва бар екендігін айта кету керек. Екі актри­са да Қалтай­ға кемпір болуға лайықты кандидатуралар. Кинематографиядағы жаңалықтардан құлағ­дар болып жүретін халайық Болат Қалымбетов­тің былтыр ғана режиссер Сәбит Құрман­беков­тің “Секер” фильмінде өз қағидасымен өмір сүретін қиқар әкенің рөлін сәтті сомдаға­нын біледі. Сол сияқты “Кеш махаббат” карти­на­сын түсіруді де “Таңарыс” студиясы режис­сер Сәбит Құрман­бековке сеніп тапсыр­ғанын айта кетелік. – Мен бұл карти­наны қырғыз режис­сері Ахтан Арын-Ку­бат­пен бірігіп жасауым керек еді. Бірақ, оның өз жобаларына орай уақытымыз үйлеспей, жалғыз өзім жұмыс іс­теуге тура келді. Про­дю­сер маған “Кеш махаб­батты” түсіруге ұсы­ныс жасағанда ой­лан­бай келіссем де, жүре­гімнің түбінде бұл жауапкершіліктің үде­сі­­нен шыға аламын ба деген қорқыныш та, уайым да болды. Алай­­да, осы картинадағы жұлдыз­дың дең­гейінде жұмыс істеудің сәті қайта түс­пейтіндігін де түйсін­дім. Депардье бірінші күні-ақ барлық қау­пімді сейілтіп жіберді. Қарапайым, көңілді, көпшіл мінезімен тү­сіру алаңында тамаша ахуал орнатты, – дейді режиссер Сәбит Құр­манбеков. Жерар өз кәсібінің хас шебері екендігін қазақ­стандық, ресей­лік әріптестері, түсіру тобы бір ауыз­дан тәнті болып мойындайды. “Ұстаға оң-солы бір” дегендей, әлем көрер­мендерін сирек талантымен табындырған киномэтрі туралы түрлі пікірлердің бәрі бір жерге тоғы­сатын­дығын байқайсың. – Оның қолынан кел­­мей­тіні жоқ сияқты көрін­ді. Егер сценарий талап етсе ол трактор­дың да, қира­ған кез келген көлік­тің де рөліне оты­рады. Дәл сол сияқты бір минут та ойлан­бай ұшақ­­тың да штурвалына ие бола алады. Мына бір сәт­ті айтайын. Актер жалаң­аяқ өзен­ді кешіп өту керек болатын. Ол ойланбас­тан, күздің суы­ғына қарамай, аяқ киімін шешіп, өзенді шал­пыл­датып өте шық­ты. Оның әйелін ойна­ған актриса астауда отырған Жерар­дың жонын ысуға бата алмай, жүрексініп тұр­ған-ды. “Мен сенің күйеуің емеспін бе. Неге қор­қа­сың?” деп арқасын бар ынта-ықы­ла­сы­мен ысуға көндіре қойғаны. Мен бәрінен де осы көрініс­тен жүрек­сініп едім. Түсіру жұмыс­тарының бәрі дала­лы жерде жүрген­дік­тен, астауға құятын суды қай жерге ысыта­ты­ны­мызды білмедік. Астау да ақыр­заманнан қал­ған­дай, ескі еді. Бұл қолай­сыздықтан да актер­дің өзі құтқарды. Өзендегі салқын суды астауға шелектеп тол­тырт­қызды да, түсіру жұ­мыстарын жалғас­тырып кеттік, – дейді режиссер. Адамның айтқысы келгенін ыммен түсіне­тін француз актерімен тіл табысу үшін аудар­машы­ның да айтар­лық­тай қажет емес кездері де болған. Де­пардье бізді дауыс ырғағынан, ишара-ымы­мыз­дан-ақ түсініп отыр­ды. Әлемге әйгілі актердің әріптестері шы­нын­да да Жерар­дың дәп өзімен жұ­мыс істеп жат­қан­дарына сенбей де қалатын. Сон­дай­да ол актерлер­дің қолын алып, “Біздер – әріптес­терміз” дейді екен. Бірінші түсіру күні Депардьеден бастап, бәрі де тол­қыды. Бұрын-соң­ды қазақтың киіз үйінде киноға түсіп көрмеген фран­­цуз актерінің ойынын көруге келген қара­құрым адам оның ширығып тұрған жүйкесін одан әрі жұқартып жіберсе керек, ол шын мәнінде “арс” ете қалды, – дейді Депардьенің дуб­лері альпинист жә­­не фотограф Вла­ди­мир Тугалев. Бұл картинада қазақстандық Ту­га­левтің де айы күт­пеген жерден туған. Дублер ре­тін­де аса күрделі дүние жасай қой­маса да, бос уақы­тында өзінің сүйік­ті ісімен де айна­лысуға мүмкін­дік ал­ған Тугалевке әлемге әйгілі ак­тер­ге дублер болу тура­лы ұсыныс түс­­кенде бұл біреулердің қал­жыңы деп қабыл­даса керек. Кино­студия кеңсесі үйі­нен алыс болмаған соң, нем кетер деп басын сұға салады. Сонымен, Де­пар­дьеге ұқсап туған жерлесімізге ол кеткен соң жалпы сценаларға қатысу бұйырған. Қолы аздап босай қалса баладай күліп, айналасындағылардың қылығын айнытпай келтіріп, түртіп ойнап, қытықтап кетіп, бәрінің шаршағанын өз шуағымен басатын актердің болмысына тәнті болмау мүмкін емес. Нағыз талантқа ғана тән ниетпен, сценарийді бүге-шігесіне дейін жаттап алатын Депардье мырзаның түсіру алаңында араласпайтын шаруасы жоқ көрінеді. Кадр қалай құрылған, жарық пен камера қалай орналастырылған, – бұл осының бәрімен ісі бар актердің кінәмшілдігі де емес. Бұл өз ісін бес сау­­сағындай білетін, қол­ға алған ісіне жауап­кер­ші­лікпен, жана­шыр­лықпен қарайтын кәсіп­қой ак­тер­дің болмысы деп қабылдаған жөн болар. – Депардье менің күт­кенімнен де асып түс­­ті. Мен көптеген әй­гі­лі өнер адамдарын көр­дім. Олардың еш­қай­сысы туралы жаман пікір айт­қым келмейді. Бірақ, әлі күнге дейін Жерар­дан ар­тық көнбіс адамды кез­­­дестірмедім. Жай өмір­­де ерекше жағ­дай мен күй талғамайды. Есе­­сіне, жұ­мыс бары­сында керемет жинақы әрі өте тәртіпті. Ол бар­лық жаңа нәрсеге деген балалық қызығу­шы­­лы­ғын сақтап қалған. Ал­ғаш­қы күні түсіру жұ­мыс­­тарын аяқтап бола салы­сымен, Депардье Шым­­кенттегі базарға апа­рып келуге өтініш біл­дірді. Базарға кешке, кісі аяғы тарқай баста­ғанда барға­ны­мыз дұрыс болыпты. Әйтпесе, оның өнеріне табынатын­дар бізді таптап өлтірген­дей екен, – дейді Әзімов. Қысқасы, биыл жаңа фильм тұсауын кеспек. Соңғы он жыл ішінде өзі түскен картиналардың бір де біреуінің пре­мье­ра­сына қатысуға мұрша­сы кел­ме­ген француз ак­тері үсті­міз­дегі жыл­дың көк­те­мін­де, мүмкін күзде болғалы тұрған тұ­сау­ке­се­рі­не қа­тысуға уәде беріп кетіпті. “Әурелеңмен” үлкен экранға келіп, “Секер” арқылы жас көрермендердің жүрегін селт еткізген режиссер Сәбит Құрманбеков өзінің кино­фестивальдердің емес, көрермендердің көңілінің жетегінде кетіп бара жатқанына сенімді. Ал жаңа фильмнің сценарийі тіпті әмбебап, ескірмейтін мәңгілік махаббат тарихы. Нағыз көрер­мендерге арналған картина түсіруге ұмтыл­ған шығармашылық топ жүрекке әжім де түс­пей­тіндігін, әмір де жүрмейтіндігін паш еткісі келеді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Кәкімбек САЛЫҚОВ: ЕРЕЙМЕНТАУ – ЕҢСЕЛІМ! “Біздің тарих – бұл да бір қа­лың тарих”, – деп Қадыр ақын айт­­қандай, қазақ халқының тари­хы тым тереңнен, есте жоқ ескі заман­нан тамыр тартады. Жүріп өткен жолы да, шежіре-сыры да, тіпті, жал­пы адамзат өркениетіне қосқан үлесі де еш халықтан олқы соқпай­ды. Атап айтқанда, баба­лары­мыз “желмен бірге көше бермей”, сал­та­натты кент-шаһар­лар да тұрғыз­ған. Тас қопарып, кен де қазған. Та­лай жұрт үсті-басын тері-терсек­пен бүтін­деге­ніне мәз болып жүр­ген­де, бастан-аяқ саф алтыннан киім ки­ген. Дәл осы айтыл­ған­дар­ды мақ­та­ныш етуге бола ма? Әрине, болады! Өкінішке қарай, бүгінгі көп­те­ген отандастарымыз, әсіресе, бей­қам­дау бой түзеп келе жатқан жас ұрпақ туған жұртының тап осын­дай тамаша тарихын жете біледі деп айту қиын. Арғы заманды былай қойғанда, “көп түркі енші алысып тарасқандағы” қара шаңырақты, яғни аяулы ата­жұрт­­ты еншілеп қалған, дербес ел ретін­де ту көтер­ген дүбірлі дәуір ке­зең­дерінен де аса мардымды мәлімет біле бермей­ді. Бір сөзбен айтқанда, ел мен жер шежіресін жүйе­леп, арда жұрты­мыз­дың қат­пар-қатпар тарихын таны­ту жо­лын­да біз атқаруға тиісті іс әлі де қыруар. Осыны ойлағанда Астана­дағы “Фолиант” баспасының “Менің Отаным – Қазақстан” се­рия­сы­мен шығаратын өлкетану тақыр­ы­бын­дағы тарихи-танымдық кітап­тары, міне, дәл жоғарыдағы олқы­лығымыздың орнын толтыруға сүбелі үлес болып қосылар құнды еңбектер дер едік. Серия аясында бұған дейін жа­рық көрген “Ұлытау”, “Ойыл” кітап­­тарымен таныс болатынмын. Жуырда “Ерейментау” кітабы қолы­­ма тиді. Ішкі мазмұны бай, көр­кем де келісті безендірілген еңбекті парақтай отырып, қасиетті Ерей­ментау өңірінің арғы-бергі тарихы жүйелі кестеленгеніне көз жеткіздім. Қадым заманнан сыр шертетін тас­тағы жазба-өрнектер, қола дәуірі­нің жәдігерлері және көне түркілер кезеңіне байланысты түйін-пайым­дармен басталған жинақта өңірдегі жер-су, ру-тайпа атауларына қатыс­ты дәлелді тұжырымдар келтіріліпті. Аймақтың тылсым табиғаты, аң-құсы, өсімдіктер әлемі жайлы сипат­тама да Ереймен өңірі туралы оқырман таным-түсінігін молайта түсуге қызмет етіп тұр. Еңбекте ел қорғаған батыр ба­ба­лар, әсіресе, Қанжығалы Бөген­бай батыр туралы мол дүние бар екен. Бұл, әрине, өте орынды. Батырдың өз басының ерлігі, ақылмандығы, сөзге жүйріктігімен бірге, аталары мен аға-інілерінің ел тарихындағы ор­ны туралы деректер де көп сыр ұқтыр­ғандай. Бұл бағыттағы атақты Бапан би мен Саққұлақ би жөніндегі әңгі­ме­лерді сүйсіне оқыдым. Кітапта сон­дай-ақ ХХ ғасырдың басындағы осы өңірдегі дүбірлі оқиғалар жаңғы­рығы да шынайы бейнеленіпті. Кешегі кеңестік кезеңдегі өлке тари­хына қатысты қысқа әрі нұсқа дерек­тер де орынды қолданылған деп түйдім. “Фолиант” баспасының “Менің Отаным – Қазақстан” сериясы бо­йын­ша осындай құнды басылымдар шығаруды қолға алып, әр өлке-өңір тарихын жаңаша өрнектеуге ұм­тылуы – ел мен жер шежіресін өс­ке­­лең ұр­пақ санасына сіңіру, олар­дың бойына отансүйгіштік, ұлтжан­дылық секілді тамаша қа­сиеттерді қалып­тас­тыру жолындағы баршаға ортақ игі іске қосылған үлкен үлес. Лайым, төл та­ри­хы­мызды жаңаша қырынан та­ны­тар жүйелі де мазмұнды туын­дылар көбейе бер­гей. Кешегі Е.Бек­маханов, М.Қо­зы­баев, А.Сейдімбек сияқты арыс­­­тары­мыздың арманы да осы еді ғой! Астана.