31 Тамыз, 2011

Жаңа оқу жылының олжасы

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ӨРНЕК АУЫЛЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ Облыс орталығынан шеткері ауданның бірі – Қарабалық Ресеймен шекарада орналасқан. Шекараның сызығындай болып ағатын Үй өзені ақын, аудармашы, журналист Мұхаметжан Сералин осыдан аттай 100 жыл бұрын «Айқап» журналын шығарған Троицк қаласы мен қазақ даласының арасын бөліп тұр. Соның да себебі болар, бұл ауданда қазақ мектебі қашаннан көп болған жоқ, барының өзі ауылдан жұрт үдере көшкен жылдары жабылып қалған. Атына сай табиғаттың салған өрнегіндей ақ қайың көмкерген өңірдегі Өрнек аулында Мұхаметжан Се­ралиннің кіндік қаны тамған. Халқы­мыз­дың біртуар перзенті сол жерде мәңгілік тыныстап жатыр. Қаймағы бұзылмаған қа­зақ ауылындағы орта мектептің даңқы бір кездері алысқа кетіп жатар еді. Кенжелеп болса да Мұхаметжан атамыздың атын алған сол мектеп осыдан біраз жыл бұрын жабылып қалған. Оған ауыл кө­шінің тоқтамауы басты себеп болған еді. Соңғы кездері көш сиреп, ауылдың сәл де болса еңсесі көтерілген соң мектептің қажеттігі қайта біліне бастады. Өрнек ауы­лындағы тұрғындардың өтінішімен орталау мектеп қайтадан ашылды. – Ауылымыздағы Мұхаметжан Сералин атындағы мектеп қайсы жылы жабы­лып қалғанымен, оның ғимараты бүлін­бей сол күйінше сақталған болатын. Көп жерлерде босаған ғимараттың бүліне бас­тай­тынын, оны құрылыс материалы үшін бұзатынын көзіміз көріп жүр. Ал біздің ауылда атамыздың атындағы мектепті бүл­діруге ешкімнің қолы бармады, бірнеше жыл бос тұрса да бір шегесі қисайған жоқ. Міне, сол үйді уақыт талабына сай қай­тадан жөндеп, аз уақыттың ішінде жа­ңа оқу жылына дайын еттік, – дейді мектеп директоры Гүлбаршын Ермаған­бе­това. Өрнек мектебін мұғалім кадрларымен қамтамасыз ету де шама-шарқынша жүр­гізілуде. Енді өрнектік балалар осы қазақ мектебінде оқитын болады. Бұрынғыдай өзге ауылдардан туған-туыс іздемейді немесе аудан орталығындағы интернатқа жат­пайды. Өз ауылында, ата-анасының қа­сында білім нәрінен сусындайтын бола­ды. Қарабалық ауданында 35 мектеп бар. Биылға дейін осы білім ошақтарының екеуі қазақ тілінде білім беретін. Енді жаңа оқу жылы олардың қатарына Өрнек қазақ орталау мектебі қосылды, яғни қазір Қарабалықта үш қазақ мектебі бар. Дегенмен, кейінгі жылдары ауылдарда қазақ мектептерінің ашылуы шабандап кетті. Аудан басшыларының және облыс­та­ғы білім беру саласы мамандарының айтуынша, бала санының аздығы мен ма­мандардың жетіспеуі мемлекеттік тілде білім беретін мектептерді ашудың басты қиындығы болып отыр. Алайда, кейбір ауылдардағы көрініс басқаша ой түюге жетелейді. Осы аудандағы Михайлов се­ло­сындағы орта мектепке баратын 130 ба­ланың 30 пайызының ұлты қазақ. Ал осы ауылға іргелес Лесной ауылының тұрғы­ны Емелхан Шарапи қазақ тілінде білім алу үшін төрт баласын бірдей аудан орта­лы­ғындағы интернатқа берді. Ауыл мектептеріне маман тұрақтату тек Қарабалық ауданы ғана емес, жалпы облыс өңіріндегі өзекті мәселенің бірі. Мектеп жабылған жерде ауыл болмай­ды, сондай-ақ ел болмаса мектеп те ашы­л­майды. Қарабалық ауданындағы ауылдар­дың жойылуы салдарынан қазақтың талай азаматтарын тәрбиелеп шығарған іргелі білім ошағы – Тастыөзек орта мектебі жабылып тынды. Биылғы жаңа оқу жы­лының олжасы болған мектеп Өрнек ауылының облыс картасынан сызыл­май­тыны ауылдағылардың сенімін күшейе бастады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Қарабалық ауданы.