ШЕРУГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ
Керімбай ОЙТБАЕВ, Дайындық лагері штабы бастығының орынбасары, подполковник: – Әрбір жауынгер үшін парадқа қатысу – мәртебе. Осы шеруге біз жыл сайын қатысып келеміз. Жылда Конституция күніне бір айдан астам уақыт қалғанда Астана қаласының іргесіндегі әскери бөлімге келіп, парадты лайықты деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстарын бастаймыз. Биыл парад ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізілетін болғандықтан, біз оған ерекше дайындалдық. Әскери бөлімге 18 шілде күні келіп, оның жанынан шатырлы қалашық тіктік. Осы жерге біздің әскери құрылым бірінші болып келді. Келген күні дайындыққа білек сыбана кірісіп кеттік. Қазір бір ай бойы таңертеңнен кешке дейін болған жаттығуларымыз әскери парадта өз жемісін берді деп ойлаймын. Биылғы шеруге қатысқан 28 әскери топтың бәрі алға қойған мақсатты лайықты орындап шықты. Біздің парадқа дайындығымызға министр Әділбек Жақсыбеков пен генерал-лейтенант Мұрат Майкеев жоғары бағасын берген болатын. Шеруде біздің жауынгерлер басшылықтың сол сенімін ақтады деп айта аламын. Елімізді қорғау – әрбір азаматтың парызы. Ал әскер қатарында болу әр адамның азаматтық борышы. Қазір біздің Қарулы Күштеріміз – әлемдегі озық технологиялармен жарақтанған, саны мен сапасы үйлесім тапқан әскер. Миргүл ӨСЕРОВА, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44793 әскери бөлімінің радиотелеграфисі: – Әскерге келісім-шартпен 2008 жылы келдім. Осы парадқа екінші рет қатысып отырмын. Әскери шеруге қатысқаным өзім үшін емес, барлық туған-туысқандарым үшін де абырой, мәртебе. Осыны былтыр парадқа алғаш рет қатысқанымда сезіндім. Парадқа бір ай дайындалдық. Дайындығымыз жақсы өтті. Басшылық бір ай бойы бізге барлық жағдайды жасап отырды. Дайындық кезінде басқа өңірлерден келген нәзік жанды әскерилермен таныстық. Кейін достасып кеттік. Осы жағдай жыл сайын қайталанады. Биылғы парадқа әйелдердің екі қорабы қатысқанын білесіздер. Оның біреуі – медбикелер болса, екінші қорапты әскери іс жүргізушілер құрады. Барлығы 191 адам болды. Осы әйелдердің бәрі еліміз бойынша 8 000 әскерилердің арасынан іріктелді. Сондықтан осыншама адамның арасынан суырылып шыққан 191 қыз парадқа қатысқаны үшін өздерін бақытты сезінеді деп ойлаймын. Болашақта, келісім-шартым біткеннен кейін де әскери қызметті жалғастырсам деймін. Оған ешкім қарсы емес. Мен еліме, Отаныма қызмет етуді өзіме парыз санаймын. Айбат ӘБДІР, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы артиллерия бригадасы 29 108 әскери бөлімінің бөлімше командирі: – Әскери парадқа алғаш рет қатысып отырмын. Біздің Сарыөзек гарнизонынан шеруге 80 жауынгер, 7 офицер келді. Олардың бәрі Астанадағы еліміздің бас алаңында шеруге қатысқанын мақтаныш көреді. Дайындық кезінде осы жөнінде құрдастарыммен әңгімелесіп, сыр бөліскенімде білгенімді айтып отырмын. Биылғы парад ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналғанын білесіздер. Осындай шаралар еліміз Қарулы Күштерінің күш-қуатын, қорғаныс қабілетін көрсету үшін ғана емес, әрбір азаматтың бойында отансүйгіш сезімді қалыптастыру үшін өтетіні сөзсіз. Енді бұйыртса, келесі жылы да парадқа қатысу ойымда бар. Осы жолғы парадтың тағы бір ерекшелігі, оған әскери техникалар мен адам саны былтырғыға қарағанда көптеп қатысты. Әскерилер саны 2500 болса, техникалардың ішінен бұрын шеруде көрсетілмеген қару-жарақтар ұсынылды. Қысқасы, мұндай парадтар кез келген елге керек деп ойлаймын. Арыстан ӘЛІМБЕТОВ, Құрлық әскерлерінің ракета-әскерлері артиллериясы, 36 803 әскери бөлімінің капитаны: – Парадта Елбасы айтқандай, Қазақстан – Конституция күні әскери шеру өткізетін әлемдегі жалғыз ел. Қазір бұл біздің бірегей дәстүрімізге айналды. Биылғы парад үшінші рет Ата Заң қабылданған күні өткізілді. Осындай әскери парадтардың еліміздің Қарулы Күштерін нығайтып, қорғаныс қабілетін арттыруда, азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратыны анық. Осы шеруде мен «Точка – У» әскери техникасында отырдым. Бәрі жақсы өтті. Алаңда жүріп бара жатқанда техниканы көрсетіп, парадты өтізіп жатқан еліміз үшін мерейің өсіп, қуанады екенсің. Біз парадқа дайындық үшін барлық жағдайды жасаған командирлерімізге алғыс айтамыз. Командиріміз – подполковник Келесбай Әбдіқұлов. Астанаға 22 шілде күні келіп, содан бері шеруге дайындыққа қатысты барлық жұмыстарын атқардық. Тағы «Нұр Ислам» ЖШС-іне алғысымызды білдіреміз. Күніне үш мезгіл тамақ әзірлеп, жауынгерлер үшін барлық жағдайды жасады.* * *
ШЕРУДІ ТАМАШАЛАУШЫЛАР ЛЕБІЗІ
Хамит ОЛЖАБАЕВ, соғыс және еңбек ардагері: – Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай және Конституция күніне байланысты өткізілген әскери шеру еліміздің айбынын көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, ертеңімізге деген сенімді де арттыра түсті. Сұрапыл соғыс пен еңбек майданында өсіп-жетілген аға ұрпақ – біздерді осы шараны көруге арнайы шақыртқаны қатты қуантты. Жасым 86-ға келсе де әскерилердің «Қазақ елі» монументі алдымен жүріп өтуін өз көзіммен көргім келді. Оның үстіне әскерилердің киімдерін өзгертіп, техникалар жаңартылып жатқаны көңіл қуантады, ертеңге деген сенімімізді күшейте түседі. Осындай игі істі ұйымдастырып, өзі басы-қасында жүрген Президентке үлкен рахметімді жеткізгім келеді. Кешегі қиындықтарды артқа тастап, кемел келешекке көз тастаған заманда, осындай әскери шерулердің өткізілуі жастарымыз үшін аса қажет деп есептеймін. Өскелең ұрпақ еліміздің айбыны әрі қорғаны саналатын әскерилеріміздің әдемі сап түзеп өткенінен өнеге алуға, солар сияқты жеңімпаздар маршымен осындай алаңдардан жүріп өтуге талпынары сөзсіз. Патриотизмге тәрбиелеудің бір тетігі осында жатса керек. Қазіргі жастар терең білім алып, болашақ көшіне ілесуде деп нық сеніммен айта аламын. Ендігі мәселе, сол жастарымыздың денсаулығын нығайтып, оларды ел қорғау ісіне ерекше баулу керек. Біз де өз тарапымыздан жастарды Отанын сүюге, еліне аянбай еңбек етуге тәрбиелеуден жалықпай, қолымыздан келгенін жасаймыз дегім келеді. Жұмабай КЕНЖЕТАЙ, зейнеткер: – Қазақстан жеке мемлекет болып отау тіккеннен кейін мынадай әскери шерудің өтуі заңды да. Оның еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Конституция күніне орайластырылып өтіп жатуы осы сөзіміздің нақты дәлелі болса керек. Қазақстан Қарулы Күштерінің қуатына қарап, елімізді қорғау саласындағы жетістіктерге көз жеткізгендей болдым. Әр мемлекеттің өзін қорғай алатындай қауқары болуы керектігін ескерсек, әскеріміздің қазіргі бет алысы жаман емес екен. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап келген Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында өткізіліп жатқан әскери шеру ел тұрғындарының көңіліне қуаныш пен сенім арттырады десем, артық айтқандық болмас. Өзім өмір бойы ауыл шаруашылығында тер төктім. Қазір зейнеткермін, бірақ соған қарамай, мына немерелерімді тәрбиелеп жүрген жайым бар. Солардың рухани жандүниесін байытып, «нағыз қазақ» дейтіндей азамат болып жетілуіне қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысудамын. Елдің тұтқасы осылар емес пе. Ертең осылар ержетіп, мына ағалары мен әпкелері сияқты әскери шерулерде сап түзесе, төбеміз көкке жеткендей болмай ма, еңбегімізді ақтағаны емес пе. Сондықтан да өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен рухты сіңіруге бір кісідей атсалысып келемін деп айта аламын. Осындай әскери шеруді өз деңгейінде өткізген әскерилерге алғысымды айтамын. Әлия ТАСЕКЕЕВА, Қазақстан Жастар конгресінің мүшесі: – Әскери шерудің өткізілуі өте маңызды. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ғана емес, әскери шеру еліміздің барлық өңіріне тікелей эфир арқылы тарап отыр. Сонымен, әскери шерудің елдігіміздің рухын көтеру, ұлттық санамызды ояту және халықты біріктіру бағытында алар орны ерекше. Әскери әлеуетімізді көре отырып, тұрғындар өздерінің ертеңіне деген сенімін жоғалтпақ емес. Осыдан еліміздің өркендеу жолында екенін, өз азаматтарын қорғауға қауқары жететінін және қажет жағдайда қамқоршы екенін көруге болады. Осы ретте әскери шерудің ел тәуелсіздігіне орайластырылып аталып жатуы заңды да. Егер тарихқа көз жүгіртсек, еліміз тәуелсіздік жолында талай бұралаң өткелектерден өтті. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ерекше маңызға ие. Экономиканы дамытуда ғана емес, сонымен бірге, әлеуметтік саланы көтеруде көптеген шаруалар атқарылды. Міне, жиырма жылда жеткен жетістігімізді қорытындылауда осындай шараның қолға алынуы өте орынды. Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен басталған әскери шеру біздей жастар үшін үлкен мәртебе. Осыны көрген көптеген жігіттеріміз еліміз Қарулы Күштері қатарынан көрінгісі келеді ғой деген ойдамын. Мен үшін әдемі киім киіп, саппен жүріп өткен әпкелерімнің шеруі қатты ұнағандығын несіне жасырайын. Болат ЖАҚАНОВ, Астана қаласы мәслихатының депутаты: – Биылғы әскери шерудің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылып өткізілуі ел мерейінің үстемдігін айшықтап берді. Қазіргі таңда Қазақстан көптеген жетістіктерге жетіп, халықаралық аренада өзіндік орнын тапқан ел ретінде белгілі. Соның жарқын бір көрінісі Қазақстан Қарулы Күштерінің алаңда шерумен жүріп өтуі дер едім. Оның үстіне бұл әскерилердің шеруі жастарымызды патриотизмге тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосатын болады. Сонымен қатар, әскери шерудің Конституция күнінде өткізілуі құқықтық мемлекет құрудағы демократиялық құндылықтардың қоғамымызға дендей ене бастауын паш етеді десем қателеспеймін. Біз заңды қадірлеу арқылы ғана жетістіктерге жетіп, осындай айтулы шараны өткізе аламыз. Еліміздегі тұрақтылық пен татулық Елбасының сарабдал саясатының арқасы десек, Нұрсұлтан Әбішұлының шерудің алдынан жүріп өтуі үлкен әсер қалдырды. Әскери шеру сонысымен де маңызды және тартымды.-------------------------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ