Елбасымыздың күні-түні тынбай, Мәңгілік Еліміз үшін жасаған ұлы істерінен хабардар болған сайын, мектебімнің, биылғы түлектердің, достарымның атынан алғысымды қалай жеткізе аламын деген ойға батамын.
Арман қанатын байлап алып, кейде Елбасымызбен кездесіп, дидарласқым келеді...
Жарқын өмір... Бақытты балалық сәттер...
Аса мәртебелі Елбасы! Сізді теледидардан көріп отырып, кейде таң қаламын. «Біздің Президентіміз өте көп жұмыс атқарады, алайда барлығына қалай үлгереді екен?», – деп өз-өзіме сұрақ қоямын. Сондағы түсінгенім, Сіздің бойыңызда үлкен қасиет бар екен. Ол қасиет ардақты анаңыздың ақ сүтімен дарыған деп ойлаймын.
Нұрсұлтан ата, Сіз бүгін бүкіл әлемге танылған тұлғасыз. Еліміздің көшін бастап жүрген Көшбасшысыз. Еліміздің бағына туған кемеңгер, данасыз. Солай бола тұрса да, Сіз жүрегі дархан, көңілі баладай, ауылды аңсайтын қазақтың қара домалақ баласысыз. Оны мына жазбаңыздан аңғардым. Оқып отырып, ерекше толғандым...
«...Бала кезімізде мектепке бара жатқанда, кең көшенің бойында кеңесіп, өткен-кеткеннің сәлемін сәтімен алып, батасын беріп, бақытыңды үстеп отыратын қарияларды көп көретінбіз. Олардың алдын кесіп өтпей, тоқтап, назарын аударып, аузымызды толтырып «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, сонан соң көптен күткен керек істі тындырғандай болып, шаттана жүгіріп бара жататынбыз...». Қандай әдемі көрініс!.. Менің көз алдымнан бақытты балалықтың алтын бесігінде тербелген, арқасына кітап толы әжесі кестелеп тігіп берген дорбасын асынған, сырма шалбар киген, оның қалтасындағы асық-сақалармен мақтанып, қарияларын қазынаға балап бара жатқан бір топ оқушы-балалар елес берді...
Нұрсұлтан ата, сенесіз бе, сол шаттанған балалар ішінен мен Сізді бірден танып қойдым. Шын айтамын. Сізді «Менің балалық шағымның аспанынан» көрдім ғой...
Мен де бүгін күндегідей мектепке бара жатырмын. Айналамның бәрі әсем. Әдемі ғимараттар көз тартады. Нұрсұлтан ата, Сіз туған өлке – Жетісу жері күннен-күнге құлпырып барады...
Нұрсұлтан ата, балалық шақтың аспаны деген ғажап екен!
Балалық шақтың жолдары, Сіз айтқандай, үлкен-үлкен бақыт жолдарына бастайды... Біреуді іздейсің, біреуді жоғалтасың, ең бастысы, бақытты шақтың тәтті елесі санадан өшпесе керек...
Тағы да былай деп жазыпсыз, Нұрсұлтан ата: «...Қазір де, жолым түскенде, сол баяғы балаң сүрлеумен тағы да жүріп өткенді ұнатамын. Сол кезде әр үйдің алдында отырған ақ сақалды абыз қарияны, ақ жаулықты әз аналарды тағы да көрем бе деп елеңдеймін... Солармен бірге кеткен қимас шақ – балалық балдәуренді бүгінгі ұландардың бойынан көремін бе деп, көшеде жүгіріп бара жатқан бүлдіршіндердің соңынан ұзақ қарап қалатыным бар...». Әрине, көре аласыз, Нұрсұлтан ата! Ол – біз ғой! Қимас шақ – балалық балдәуреніңіз біздің бойымызда сақталғанына еш күмәніңіз болмасыншы...
Әр үйдің алдында отырған ақ сақалды абыз қария мен ақ жаулықты әз аналарды да көре аласыз... Олардың қатарында менің сүйікті атам мен әжем де бар...
Тек, Сізден бір өтінерім – Жетісуға жиі келіп тұрыңызшы...
Сізді Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ұл-қыздарыңыз, Сіздің бақытты балалық шағыңыз күтеді...
Біз қазір есейдік. Аз уақыттан соң алтын ұя – мектебімізбен қоштасамыз.
Біздің ұранымыз, Сіз өзіңіз айтқандай: «Елдің күші – бірлікте». Бұл сөзіңізде үлкен мән, мағына бар. Расында да, барлығымыздың басты ұстанымымыз Бірлік болуы керек. Біз – жас ұрпақ бірлікті ту етіп ұстасақ, үлкен жетістіктерге жетеміз. Елдің тірегі де, болашағы да – біздерміз.
Нұрсұлтан ата, Сіздің жиырма бес жыл ішінде Тәуелсіз Қазақстанға қосқан үлесіңіз де, сіңірген еңбегіңіз де сансыз. Қазақ еліне берген серттей сөзіңіз бен серпінді ісіңіз әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз!
Жәмила БАХТИЯРҚЫЗЫ,
Талдықорған қаласындағы №9 орта мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы
Алматы облысы