Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әділет жолында
1872 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген Ишанғали 1883 жылы Хан Ордасындағы бастауыш мектепті, 1885 жылы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген. Ол 1886–1891 жылдары Орынбордағы қырғыз (қазақ) мұғалімдер мектебінде оқып, Баймағамбет Тайғожин, Ибрагим Шынаров, Құрманғали Сүйербаев, Ахмет Қошқарбаев, Қосмұхамед Жабағин, Нұрғали Рамазанов, Үмбетқали Дүйсенбин, Нұрғали Құлжановтармен бірге бітіріп шыққан алғашқы толқын қазақ мұғалімдерінің бірі еді.
Деректерге қарағанда, Ишанғалидың әкесі Меңдіхан аса бай болмаған, керісінше патша үкіметінің алдында жазықты болып, итжеккенге айдалған. Оның әйгілі күйші Сейтек Оразалиевпен бірге Сахалиннен қашып келгені ел ішінде айтылады. Қалай болғанда да Ишанғали әке даңқымен, ата дәулетімен көтерілген адам емес, өзінің ерекше алғырлығымен алға шыққан тұлға.
1891–1902 жылдары Ақтөбе өңірінде әуелі мұғалім, кейін тілмаш қызметін атқарған Ишанғали ХХ ғасырдың басында туған жеріне – Бөкей ордасына оралады. Мұнда ол 1904 жылы Қамыс-Самар қисымында хатшы, 1905–1907 жылдары Таловка және Қамыс-Самар бөлімдерінде депутат, 1908–1915 жылдары Қамыс-Самар қисымы және Екінші Теңіз жағалауы окру-гінде әкімнің (правитель) көмекшісі болып істейді. Замандастары оның сауатты, іс қағаздарын қатесіз жүргізетін білікті маман болғанын жазады.
Бөкейлікте Ишанғали обаға қарсы күрес жұмысына да белсене араласыпты. Осы еңбегі үшін 1911 жылы қаңтарда патша жарлығымен Анна лентасындағы алтын төсбелгімен марапатталған. 1912 жылы Қамыс-Самар қисымының уақытша правителі болып жүріп, «Қазақстан» газетінің таралуына да барынша қолдау жасаған. Оның ел ішінен 30 адамды газетке жаздырып, редакцияға 100 сомдай қаражат жібергені сол басылымда жазылған.
Естеліктерде Ишанғалидың әкімдік қызметте жүрген кезінде барынша халықшыл, әділ болғаны, әділетсіздікке төзбейтіні, жуандардан момынның ақысын алып беретіні айтылады. Содан да болар, 1916 жылы қазақтарды тыл жұмысына алу туралы патша жарлығы шыққанда, Ишанғали Уақытша кеңеске арнайы өтініш беріп, осы іске уәкіл болуды сұрайды. Сонда жүріп ол тізім жасаудағы әділетсіздікке қарсы шығады, қазақ жастарына араша түсуге тырысады. Сейітқали Меңдешұлы 1916 жылы Бөкейлікте жігіт алуда болған заңсыздықты айта келе: «Олардың жолсыздығын ашып, сотқа тарттыруға біреудің де батылы бармады. Жалғыз Қамыс-Самар қазағы Ишанғали Меңдіқанұлы болмаса», деп жазған еді.
Тұңғыш драматург
Зерттеушілер Мұстафа Ысмағұловтың, Исатай Кенжәлиевтің, Мақсат Тәжі-Мұраттың зерттеулеріне қарағанда, Ишанғалидың алғашқы пьесалары төңкерістен көп бұрын жазылған. Мысалы, жәнібектік Ш.Бұлқашев 1966 жылы: «1912 жылы Ишанғали өзінің «Малдыбай» атты кітабын жазып шығарды. 1913 жылы Ишанғалидың «Сорлылар» атты екінші пьесасы, көп ұзамай-ақ «Үйшік-үйшік» деген күлкілі пьесасы шықты», деп жазған.
Драматургтің өмір жолын алғаш тиянақты зерттеген Мұстафа Ысмағұлов «Ишақаңның «Малдыбай», «Байғұстар», «Үйшік, үйшік» атты үш пьесасының көшірмесін Академияның қолжазба қорынан таптық. Бір пьесасы 1910 жылы, бір пьесасы 1910–1912 жылы жазылғаны көшірмеде көрсетіліпті», дейді. Ал тағы бір бөкейлік Ғабит Сарыбаев «Мен 1908–1912 жылдары Жаңақалада «Ибрагимия» мектебінде оқып жүргенімде «Малдыбай» пиесасын бірінші қойғанда Зәбира келіншек болып ойнағам», дейді.
Қазақ театрының қалыптасу кезеңі туралы 1950 жылы шыққан еңбегінде Шахмет Құсайынов былай дейді: «1905 жылғы революциядан кейін ішкі Россиядан шет аймақтарға жер аударылған орыстың прогресшіл-демократ оқығандары Бөкейге (орталығы Орда) келіп, мектептерде сабақ береді. Қазақ жастарының оянуына, ұлт мәдениетінде алғашқы қадам жасауына, сөз жоқ, солардың ықпалы тиеді. 1917 жыл солардың басшылығымен Орда қаласында қазақ жастарынан театр труппасын ұйымдастырады. Труппаны революциядан бұрын «Малдыбай» комедиясын жазған драматург Меңдіханов Ишанғали басқарады. Меңдіхановтың қолжазба күнінде халық арасына тараған комедиялары осы труппаның күшімен тұңғыш рет сахнаға қойылады».
1957 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы баспасынан жарық көрген «Қазақ ССР-ның тарихы» атты зерттеуде де қазақ ұлттық драматургиясының алғашқы қадамы Ишанғали Меңдіхановтың «Малдыбай» пьесасынан басталатыны көрсетілген.
Ишанғалидың қазасы
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Бөкей ордасында жаңа үкімет – Уақытша үкіметтің Орталық атқару комитеті орнайды. Сол жылы 21 сәуірде Ишанғали Меңдіханұлы Бақтыгерей Құлманов, Батырқайыр Ниязов, Уәлитхан Танашев, Мәжит Шомбалов, Шафхат Бекмұхамедов, Сейітқали Меңдешев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев секілді зиялы қауым өкілдерімен бірге Бөкей ордасы қазақтарының сиезін ұйымдастыруға қатысады. Сиезде Бақыткерей Құлманов Астрахан өлкесі қазақтарының комиссары болып сайланып, И.Меңдіханұлы оның көмекшісі болып тағайындалды. Осы сиез бұрын Астрахан облысы құрамындағы Бөкей ордасын автономия етіп бөлу туралы қарар қабылдаған. Артынша, 1917 жылдың шілде айында Бөкей ордасы жеке әкімшілік бірлік ретінде бөлініп, Бөкей губерниясы болып жарияланды.
Бөкейлікте бұдан кейінгі оқиғалар өте қызу, қым-қуыт ауысып тұрған. 1917 жылғы 1 желтоқсанда Астрахан губерния сынан С.Нұралыханов келіп, Уақытша үкіметтің Ордадағы атқару комитетін таратып жібереді. Ал 2 желтоқсанда Орда қаласында митинг өтіп, Бөкей революциялық комитеті құрылады. Алғашында Уақытша үкіметтің бұрынғы мүшелері қамауға алынғанымен, кейін олардың көпшілігі кеңес билігін орнатуға белсенді атсалысады. Солардың қатарында Ишанғали да болады.
1918 жылдың мамыр айында Орда қаласында І Бөкей облыстық кеңесінің сиезі өткенде, Ишанғали Меңдіханұлы Ішкі істер комиссары болып сайланады. Бұған қоса Ишанғали Ордада ашылған Ұлт істері комиссариаты Бөкей бөлімшесінің баспа бөлімін басқарады.
Бұл азамат соғысының аласапыран кезеңі еді. Әсіресе Бөкейлікте ақ пен қызыл алмасып, оның үстіне «түсі» қандай екені белгісіз банды, «куәр» көбейіп, елдің берекесі әбден кеткен кезі еді. 1919 жылдың ақпан айында Бөкейлік соғыс комиссариатының тапсырмасымен ел ішіне шыққан Ишанғалиды жанындағы 5–6 серігімен бірге банды отряды өлтіріп кетеді.
Ишанғалиды сол кездегі бөкейлік жолдастары, зиялы қауым қатты жоқтаған. «Дұрыстық жолы» газеті: «Ишанғали Меңдіханов – Ішкі ордалықтың ең таза, жігерлі һәм қызметкер азаматтарының бірі еді, қазақ тілінде ең бірінші тиатр кітаптарын (пиесалар) жазып, майданға қойушы – Меңдіханов еді. Оның жалғыз Ішкі ордалық емес, бар ішкі бүтін қазақ ұлтына, бүтін алты алашқа бұл туралы еткен мағнауи қызметі өте зор еді. Ұлтымыздың қалам иелеріне, жігерлі азаматтарға өте мұхтаж бір заманда Меңдіхановтың арамыздан жоқ болуы – біз үшін зор қайғылы іс. Ішкі ордалық үшін өлсе орны, жоғалса құны толмайтын ең үлкен қаза» деп жазды.
«Триумфатордың трагедиясы»
Ишанғали тұлғасын тамаша зерттеп, бірнеше мақала жазған ғалым-жазушы Мақсат Тәжі-Мұрат бір шығармасын дәл осылай атаған болатын. Шынында қазақтың тұңғыш драматургінің қапия қазасынан басталған трагедия ғасырға жалғасты деп айтуға болады.
Бір қызығы, Ишанғалиды өлтірген бандының есімі белгілі. Ол – кейін «Қазталов жерінде кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан революционер» деп ұлықталған Ефим Панченко. Ишанғалидың өлімінен кейін Бөкей губернелік атқару комитетінің төрағасы Милютин мен хатшы Варламовтың Орталық Комитетке жазған шағымына қарамастан, Е.Панченко жазаланбаған. Жазаланбақ былай тұрсын, кейін республиканың дербес зейнеткері атанып, құрметтің бәрін көрген. Тіпті 1962 жылы 80 жасында қайтыс болған кезінде сүйегі Қазталов ауданы орталығындағы алаңға жерленіп, пионерлер мен комсомолдардың ленинизм идеясына адал болуға ант беретін қасиетті мүйіске айналған.
Кеңестің солақай саясаты кезінде ақ «қара» атанып, мағынасы кері айналған ұғымдар аз емес қой. Бұл да соның бірі деп қоя салуға болар еді. Алайда Ишанғалидың ғасырға созылған трагедиясына дәл осы тұлға себепті болғанын көп адам біле бермейді.
Кезінде Шәңгерейдің есімі ақталуына қарсы болған қарасартовтар секілді, Ишанғалидың есімі аталуына, тарихтан өзіне лайық бағасын алуына дәл осы Панченко мен ұрпақтары, жолдастары барынша кедергі жасаған. Тіпті Ишанғалидың қабіріне ескерткіш белгі қойылмаған.
1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне Мұстафа Ысмағұловтың «Ол да бір аяулы ардагер еді» деген мақаласы шыққанда, Ғабит Сарыбаев авторға хат жазып: «Сіздің 2 июльде шыққан «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған Меңдіханов туралы мақалаңызды оқып шықтым. Жалпы, мазмұны дұрыс жазылған. Әдебиеттен орын алатыны да рас. Бірақ менің айтайын дегенім: Меңдіхановты банды өлтірген жоқ. Оны өлтірген – қызыл гвардия отрядінің командирі Ефим Панченко. Бұл жерде бас араздық, әйел мәселесінің де қатынасы бар.
...Онымен қатар Меңдіхановты «нағыз большевик еді» деп куәлік беруге болмайды. Алғашқы кезеңде кадрдың кемдігінен совет органдарында түрлі пікірдегі адамдар істеп жүрді ғой. Сондықтан естелік жазғанымызда бұл мәселе жөнінде жазбай жүргеніміз де сол себептен болды. Осыны сіздің есіңізге салам» деп ескерткен екен.
Белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев 1968 жылы Қазақ КСР Қауіпсіздік комитетінің тапсырмасымен чекист Серікқали Жақыпов жөнінде кітап жазуға кіріседі. Осыған байланысты Қазталов өңіріне де келіп, материал жинайды. Кітап 1971 жылы «Соңғы ерлік» деген атпен жарық көреді. «Сол күннен бастап 1919–1922 жылдары аралығында партия қатарына кірген оншақты қарт коммунист «Тарихи оқиғаны дұрыс көрсетпеген» деп менің үстімнен Орталық Комитет пен баспа орындарына арыз-шағымдар қуа бастады» дейді жазушы. Осы даудың бәрі негізінен Ишанғали мен Панченко төңірегінен басталатын...
Зылиха апайдың арманы
Зылиха – әкесі қаза тапқанда 4 жасында қалған Ишанғалидың қызы. Ол әкесіне лайықты құрмет көрсетілгенін, кітабы шыққанын, қабірі басына ескерткіш белгі орнатылғанын көре алмай, 2004 жылы шерменде күйінде өмірден өткен.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Ишанғали Меңдіханұлына арналған бірнеше папка сақтаулы тұр. Мұнда Зылиха апайдың тарихшы ғалымдармен, билік орындарымен жазысқан хаттары мұқият сақталған. Ауылда тұратын қарапайым қазақ әйелінің жазықсыз өлім құшқан әкесі – қазақ халқының тұңғыш драматургі Ишанғали Меңдіханұлының есімін ақтауға тырысқан итжанды әрекеті осы құжаттардан анық көрінеді. Амал не, кеңес өкіметі жылдары панченкошылар тарапынан болған қарсылық тәуелсіздік жылдары бойкүйездік пен салғырттыққа ұласып, перзент арманы ақыры орындалмаған...
И.Меңдіхановтың ағартушылық еңбегі туралы жарық көрген әр мақаладан кейін редакция арыз-шағымның астында қалып, ақталуға мәжбүр болған. 1986 жылы Мақсат Тәжі-Мұраттың «Ізі жатыр тепсеңде» мақаласы Фурманов аудандық газетінде жарияланысымен, Панченконың көрші Қазталов ауданында тұратын өрен-жараны өре түрегеліп, тиісті орындарға шағымданған. Сол орындардың қысымымен аудандық газет Хайдар Ермұратовтың «Ауылдағы Октябрь» атты кітабының Панченконы марапаттайтын тұсынан үзінді жариялап, былайша айтқанда, оқырмандарынан кешірім сұрапты.
1974 жылы Зылиха апайдың әкесі Ишанғали Меңдіхановтың бейітіне белгі қою жөнінде Қазақ КСР Министрлер Советіне жазған арызы айналып келіп Жұлдыз кеңшарының директорына тапсырма болып жеткен. Сөйтіп, сол жылы 3 қазанда кеңшар директорының міндетін атқарушы Кенжетай Хайруллин, партком хатшысы Әміргереев, инженер Ғұбайдолла Мұхитов, ауылкеңес хатшысы, тағы басқа бір топ маман Қарағашты оба деген көне қорымдағы Ишанғали Меңдіханов зиратының басына темірден белгі қоюға келісіп, жұмысқа кіріседі. Бірақ жоғарыдағыдай қарсылық салдарынан іс аяғына жетпеген.
1979 жылы ғалым Мұстафа Ысмағұлов Алматыдан арнайы келіп, қарттардың, куәгерлердің көмегімен Ишанғали Меңдіханов бейітінің орнын анықтап, акт толтырады. Бұл мәжбүрлі шара еді: өйткені арада өткен 60 жыл ішінде еш белгі қойылмаған драматургтің қабірі жермен жексен болып, оны білетін адамдар да азайып қалған. Мұстафа ағай сол жолы қабір орнына уақытша 3 метрлік асбест тұрба көмгенін жазған.
...Арада тағы ондаған жыл өтеді. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік эйфориясы өтті. Одан кейін нарықтың аласапыран дауылы ауылдарды шайқап кетті ғой. Сол жылдары Жұлдыз ауылында үй салған бір кісі Ишанғали қабірінің басына уақытша қойылған тұрбаны пешке мұржа қоюға суырып алыпты. Осылайша, қазақтың тұңғыш драматургінің қабірі мүлдем ұмытылды...
Эпилог
Кейінгі жылдары Ишанғали Меңдіханов мұрасының жалғыз жоқшысы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі десе де болады. Тарихи тұлға жөніндегі ең толымды материалдар – құжат көшірмелері, БАҚ мақалалары, көне суреттер, көптеген хат осы музей қорында мұқият сақталған. Түрлі атаулы даталар кезінде көрме өткізіп, экспозиция жаңғыртып тұратын музей ұжымы Зылиха апайдың аманатына адалдық танытып келеді. Кейінгі жылдары драматург тұлғасына қызығушылық білдіріп, ізденіп жүрген Бақтылы Боранбаева, Ерсұлтан Нұрғисаұлы сынды тарихшылар негізгі деректі дәл осы музей қорынан алып жүргені рас.
Биыл Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына 190 жыл толады. Осы датаға орай «Музей мұрасы» деген сериямен бірнеше жинақ баспадан шықалы отыр. Соның бірі – Ишанғали Меңдіханұлының өмірі мен қызметін қамтитын тұңғыш толымды жинақ.
Бұйырса, Зылиха Ишанғалиқызының өмір бойы көксеген тағы бір арманы жүзеге асатын сияқты. Биыл көктемде, бесқонақтың қарсаңында музей директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр бастаған бір топ азамат Қазталов ауданы Қарасу ауылдық округіндегі Жұлдыз, Төртпішен ауылдарына арнайы барып қайттық. Жұлдыз ауылының тұрғыны Сәрсенбі Анухановтың көмегімен тұңғыш драматургтің қабірінің орны қайтадан нақтыланып, GPS координаты қағазға түсірілді, акт жасалды. Бұл іске округ әкімі Сұңғат Қажығалиев қолғабыс қылып, өз көлігімен алып жүргенін айтайық. Осы маңдағы Үшаша қыстауында көп жыл мал баққан Сәрсенбі Мұратұлының сөзіне күмәнданудың қажеті жоқ секілді: ол 1994 жылы көне зираттан асбест тұрбаны қазып алған ауылдасының әрекетін өз көзімен көрген, қабір орнын жадында жақсы сақтаған. Ендігі жоспар – демеуші азаматтардың көмегімен қазақтың аяулы бір тұлғасы, тұңғыш драматург Ишанғали Меңдіханұлының қабірі басына ескерткіш белгі орнату.
Батыс Қазақстан облысы