31 Тамыз, 2011

Отанның алтын арқауы

578 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Конституция күніне байланысты республикамыздың түкпір-түкпірінде мәнді де сәнді түрлі шаралар болып өтті АЛМАТЫ_______________________ Тәуелсіздігімізді тербеткен Алма­ты үшін Ата Заңымызды ұлықтауға арналған мереке – ең мәртебелі де, ме­рейлі шаралар қатарынан орын ала­ды. Биыл да оңтүстік астана бұл күнге жақсы дайындықпен келді. Ме­рекелер мен мерекелер арасын­да­ғы жетістіктер мен жақсылықтар тү­ген­деліп, қала тұрғындарын қуа­ныш­қа бөлеген шаралар таңертеңгі 9-дан басталды. Алматылықтар, алдымен, Конституция күніне арналған Астана­да­ғы әскери шеру мен Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың  арнайы құт­тық­тау­ын он-лайн режімінде тама­шала­ды.  Елордадан жолданған Мем­лекет басшысының игі лебізі қаланың жеті ауданындағы халық көп жиналатын жерлерге қойылған арнайы экран­дар­дан салтанат құ­рып тұрды. Қаладағы басты шара «Астана» алаңында өткізілді. Осы жерде әскери училищелер курсанттарының Конституция күніне арналған шеруі өтті. Әскери шеруден соң  қазақ­стан­дық эстрада жұлдыздарының  ұлт­тық рухтағы әндері асқақтады. Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қо­раз­баев, Нағима Есқалиева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Алмас Кішкенбаев тағы да басқа әншілер әннен шашу шашты. Оразаның айт күніне ұласқан осы­нау тамаша мерекені кешке қа­рай «Битлз» тобының әндері фестивальді жалғастырды. Конституция күнін тойлау  кешкі ақшамда мерекелік отшашумен аяқталды. КӨКШЕТАУ____________________ Ата Заңның басты құндылығы – ұрпақ тәрбиесін биіктетуінде. Белгілі дәрежеде осынау қастерлі міндет мектеп мойнына жүктелген. Мектепті тәрбиенің бесігі, болашақтың есігі дейтініміз де сондықтан. Бұл тұрғыда, биыл Кеңөткел ауы­лының бақыты жанып тұр. Осыдан 32 жыл бұрын салынған ескі мектеп ауыл еңсесін түсіріп тұратын. Енді, міне, Конституция мерекесі күні 80 үйлік ауыл қуанышқа бөленіп, түгел­дей қайта жөнделген Кеңөткел негізгі мектебінің есігі айқара ашылды. Оған аудан  бюджетінен 18 миллион теңге бөлініп, ұқыптылықпен жұм­салды. Жиһаздарының барлығы жап-жаңа. Ғаламторға қосылған компьютер сыныбы, кітапхана, асхана, за­маналық оқу бөлмелері осындағы 48 оқушының игілігіне де қызмет етуде. Бірінші сыныпқа үш-ақ бала барады екен. Есесіне мектеп жанынан «Арай» шағын орталығы қоса ашы­лып, 25 бала тәрбиеленуде. Болашақ дегеніміз осы. Ауыл қуанышына облыс әкімі С. Дьяченко мен аудан әкімі Е.Сағдиев  ортақтасып, сый-сауғаларын тап­сыр­ды. ТАЛДЫҚОРҒАН _______________ Еліміздің барлық өңірлерін­дегідей, Талдықорғанның орталық алаңында Конституциямыздың қа­был­данғанына 16 жыл толуына ар­нал­ған салтанатты шаралар өтті. Мем­лекеттік әнұран әуенімен жиыр­ма жігіт пен қыз еліміздің Көк бай­ра­ғын алаңға алып шықты. Бұдан кейін мерекеге жиналғандар алдында Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов құттықтау сөз сөйледі. Мерекелік бағдарламаны облыс ұйымдары мен мекемелерінің сал­та­натты шеруі жалғастырды. Түрлі-түсті шарлар мен жалаушаларды көтерген олар ұрандатып, орталық алаңнан өтті. Мереке соңы кешке жастар дискотекасына ұласып, отшашумен аяқталды. АҚТӨБЕ _______________________ Ақтөбе қаласында Конституция күніне байланысты мерекелік салта­нат­тың шымылдығы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтағы Ту­тұ­ғыр алдында облыстық педаго­ги­ка­лық жетістіктер конкурс-мара­фо­нының жеңімпаздарын марапат­таумен ашылды. Қырық білім беру ұйымының әрқайсысына 500 мың тең­ге және 916 мұғалімнің әр­қай­сы­сы­на облыс әкімінің (120 мың теңге) сыйлығын өңір басшысы Архимед Мұхамбетов салтанатты жағдайда тапсырды. «Табиғат сый» бау-бақша өнімдерінің, гүлдер көрмелері және «Қызанақ мересі» конкурсы ұйым­дас­тырылды, концерттік бағдарла­ма­лар ұсынылды. ОРАЛ___________________________ Конституция күні құрметіне орай Орал қаласында «Қазақстанның үз­дік тауары» аймақтық байқау-көр­ме­сі мәреге жетті. Оның басты мақсаты – отандық өнімнің сапасын жақсарту, жергілікті тауар өндірушілерді бә­се­ке­лестік ортаға бейімдеу және олар­ды халықаралық сапа стандарт­та­ры­на көшуге бағыттау болып табы­ла­ды. Іс-шара талаптарына сай Ақ­жайық өңірінің жиырма алдыңғы қатарлы кәсіпорны «Үздік өндірістік тауарлар, «Үздік халықтық тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша сынға түсті. Байқау қорытындысында арнайы комиссия жаңа технология мен са­па­ны басқарудың тиімді әдістерін өнді­ріс­ке енгізген үздіктердің үздігін таң­дап алды. Ендігі жерде оның же­ңімпаздары Елбасының «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін бақ сынауға қатыспақ. Олардың қатарында «Гидромаш-Орион», «СтройКомбинат», «Әлім», «Орал сауда-өнеркәсіп ком­па­ниясы», «АлтимСтройДеталь» және «Родник» ЖШС бар. Ата Заңымыз бізге, ең алдымен, алаңсыз еңбек етуге, оның игілігін көруге, әркімнің бойында бұғып жат­қан жеке қарым-қабілетін ашуына шексіз мүмкіндіктер беріп отыр. Тауар өндірушілер сайысы да Конституция берген құқықтар аясында дәс­түр­ге айналып келеді. Осы арқылы біз өз өнімдерімізді экспортқа шығарудың ұтымды әдістерін белгілей алдық. Әрі берері мол бұл іс өзара тәжірибе алмасу мектебіне және жаңа әріп­тес­тер табу жолындағы таптырмас алаң­ға айналды, деп мәлімдеді газет тілшісіне Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы маркетинг және логистика бөлімінің бастығы Айнұр Файзуллина. ТАРАЗ__________________________ Конституция қуанышы облыста – Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғар­ғы Бас қолбасшысы Н.Назар­баев­тың қаты­суы­мен Астана төрінде өткен әскери шеруден көрсетілген тікелей хабар­ды көпшілік болып тамашалаумен басталды. Бұдан кейін облыс әкімі Қ.Бозымбаев жұртшылық алдында Ата Заң  аясында атқарылып жатқан игілікті істер мен қол жеткен табыстар туралы сөз сөйледі. Бүгінде Әулиеата өңірі тұрғын­да­рының береке-бірлігі мен тату-тәтті тірлігінің нәтижесінде облыс эко­но­ми­касы мен әлеуметтік жағдайы жақ­сара түсті. Еліміздің үдемелі инно­вация­лық-индустриялық даму бағдарламасы шеңберінде құны 135 млрд. теңге болатын 19 жоба қолға алынса, оның құны 23,2 млрд. тең­гені құрайтын 8 жобасы іске биыл асырылмақ. Қоғамдық дамуымыздың түбегей­лі қағидаттарын айқындап берген Ата Заң арқасында бүгінде облыста 21 ұлттық-мәдени орталық, респуб­ли­калық 9 саяси партияның фи­ли­алдары, 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдар мен 400-ге жуық діни бірлестіктер жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Ата Заң аясында салтанат құрған бірлік пен тірліктің береке мен мерекеге бастар нәтижесінің жарқын мысал­дары­ның бірі, жақында Талас ауда­ны­на қарасты Тамабек Қартабаев атын­дағы және Көшек батыр ауыл­дарында жаңа мектептер бой көтеріп, ондағы ата-аналар мен ұстаздар және оқушылар үлкен қуанышқа кенелді. Облыс орталығының шалғайлығына қарамастан, жоғары өркениет тала­бы­­на сай салынып, жаңа оқу және спорт­тық құрал-жабдықтармен жаб­дық­талған бұл мектептердің қабыр­ға­сында оқыған оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие алуға барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабалар армандаған барлық игіліктерді бүгін­де Ата Заңымыз Астана мен ауылға дейінгі аралықтың бәрінде ақиқатқа айналдыруда десе, ешкімнің де қателеспесі анық. ҚОСТАНАЙ_____________________ Қостанай қаласында Быковский атындағы көше бар. Әңгіме оның атында емес, затында болып тұр. Қа­ланың шеткі шағын ауданында орна­ласқан осы көшемен жүргеннің өзі бір ғанибет. Екі жағына шынар аға­шы тізіліп өскен көшенің бойындағы үйлердің аулаларын гүлзарлар көм­керіп тұр. Көшені де, аулаларды да бұлай көркемдеген қала әкімшілігінің ком­муналдық мәселелер жөніндегі кә­сіп­орындары емес, тұрғындардың өзі. Осындағы №7 үйде көптен тұ­рып келе жатқан Дмитрий Степанович Хиличенко ақсақал қолына күрек алып, аулаға гүл еге бастап еді, барлық тұрғындар оның соңынан ерді. Ақырында, бір адамның баста­ма­сы қоршаған ортаны қорғау шара­сына ұласты. Еліміздің Конституциясы күні мерекесінде адамдар Ата Заңымыздың тек құқық қана беріп қоймай, Ота­ны­мыздың гүлденуі үшін көп нәрсеге міндеттейтінін түсінсе игі. Бы­ков­ский көшесі тұрғындарының баста­масы соның кішкентай ғана мысалы, дейді «Нұр Отан» ХДП Қостанай қалалық филиалының төрайымы Римма Бектұрғанова. Конституция күні мерекесін Быковский көшесінің тұрғындары өздері жасаған алаңқайда мерекеледі. ҚЫЗЫЛОРДА__________________ Алаш жұртының арқа сүйері – Ата Заң. Әрбір қазақстандықтың  құқын сақтайтын құнды құжаттың қабылданғанына да биыл 16 жыл толып отыр. Ораза айттың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Конституция күнін қызылордалықтар өз деңгейінде атап өтті. Ата Заңның айбарын асыратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ол халықтық мерекеге айналды. Сондай іс-шараның бірі Студенттер сарайында өтті. «Конституция – Ел тәуелсіздігінің негізі» деп ата­ла­тын салтанатты жиында облыс әкімі Болатбек Қуандықов баяндама жасап, аймақ халқын мерейлі мерекемен құттықтады. Осы салтанатты жиын барысында жұмысына жаңа­дан кіріскен бірнеше мемлекеттік қызметші ресми түрде ант қабыл­дады. Жақында Астанада қазақ күре­сі­нен «Қазақстан барысы» атты жа­рыс­тың өткені белгілі. Бұл жарысты ұйымдастырушылардың бірі Қы­зыл­орда облысының әкімдігі екені де аян. Конституция күні мерекесі қар­са­ңында «Қазақстан барысы» түйе балуандар жарысында топ жарған жүл­дегерлер құрметтелді. Оған Шы­ғыс Қазақстаннан үшінші орын алған Шалқар Жоламанов пен екінші орын иегері жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевтар келді. Бұл өзі керемет көрініс болды. Жүл­дегерлер кортежі қарақұрым ха­лықтың арасына келіп тоқтағанда олар­ды қасқыр ішік жамылған 50 балуан қоршап алды. Сөйтті де, құр­мет­пен сахнаға алып шықты. Одан кейін ақбоз атқа қонған «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл мен оның бапкері Садық Мұста­фаевтардың төбесі көрінді. Алаңға жиналған мыңдаған халықтың қо­шеметі оларды көкке көте­ріп жіберді. Салтанатты шара барысында Шалқар Жоламановқа 10 мың, Бейбіт Ыстыбаевқа 30 мың АҚШ доллары табыс етілді. Ал «Қа­зақ­стан барысы» атанған Ұлан Рыс­құлға 120 мың доллар сыйақы берілді. Сонымен қатар, облыс әкімі Болатбек Қуандықов Сыр өңірінің мерейін тасытқан балуанға еліміздің кез келген қаласынан пәтер алып беретін болды. Және ай сайын 300 мың теңге көлеміндегі біржылдық стипендия тағайындады. Ұлықтау рәсімінің соңында Ән­ұран орындалып, алаң толы халық «Менің Қазақстанымды» шырқады. Мерекелік шара отшашуға ұласып, эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасын тапты. ШЫМКЕНТ ____________________ Конституция күні Шымкент қа­ла­сында қазақтың үш ұлы биінің атын­дағы көшелер тоғысатын Ор­да­басы алаңында салтанатпен ата­лып өтті. Облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов құттықтау сөзінде тәуел­сіз Қазақ­стан­ның жиырма жыл ішін­де ға­сырға бергісіз жолды жү­ріп өткенін айтты. Оның нәтижесін халық көріп отыр. Тек білім са­ласында ғана үш жылдың бас-аяғында 164 нысан пайдалануға берілген. Биыл жыл соңына дейін 58 ғи­ма­рат іске қосылады. Ал 25 тамыздан 1 қыркүйекке дейін 36 әлеуметтік нысан есігін айқара ашпақ. Мұндай алапат құрылыстар Оң­түс­тіктің өмірінде болған емес. Мектептер, балабақшалар және медици­на­лық мекеме бюджет есебінен са­лы­нып жатыр. Қазақтың Атымтай жо­март­тары да аянып жатқан жоқ. «Осының бәрі айналып келгенде халық игілігі үшін», дейді ардагер жур­налист, Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының Оңтүстіктегі фи­ли­алының төрағасы Байдулла Қоныс­беков. ПЕТРОПАВЛ ___________________ Конституция мерекесінде шал­ғай­дағы Ғабит Мүсірепов ауданы адам жанын жадырататын айтарлық­тай жаңалықтарға толы болды.  Атап айтқанда, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы ая­сын­да  бір ауысымда 90 адамды қа­былдайтын 100 орындық ауданаралық туберкулез диспансері іске қосылды. Оны  салып, қажетті құрал-жаб­дық­та­рын орнатуға 1,5 миллиард теңге жұмсалды. Облыс әкімі Серік Білә­лов ақ халатты дәрігерлерге  «Жедел жәрдем» жеңіл көлігін тарту етті. Аудан орталығында  облыстық қазы­на­дан бөлінген 125 миллион теңгеге 18 пәтерлі  коммуналдық-жалгерлік тұр­ғын үй тұрғызылды. Ол бірінші кезекте  көп балалы және аз қам­тыл­ған отбасыларға, бюджет қызмет­керлеріне берілді. «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту ордендерінің, бірнеше  медальдардың иегері  Әйіп  Анафин ақсақал, бала кезінен мүгедек  Әнел мен Жәнел Сүгірбаевалар, жас маман Ажар Сағымбекова, тағы бас­қалары жайлы пәтерлерге ие болды. Орталық алаңды жаңғыртуға 5 миллион теңге қарастырылып, Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығы  атындағы саябақ ашылды. Жұртшылықтың жұмылуы­мен жас көшеттер отырғызылды. «Жастар» стадионын қалпына келтіруге 42 миллион теңге жұмсалып, тұсаукесері өтті. Бір топ  еңбек ардагері мен озаттарына  «Ауданның құрметті азаматы» атағы салтанатты жағдайда тапсырылды. ӨСКЕМЕН______________________ Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен қалалары Ата Заңы­мыз­ға арналған мерекелік шаралар­ды ел есінде қаларлықтай атап өтті. Өскелең қала Өскеменде мереке қар­са­ңында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ха­лықаралық форум ұйымдастырылды. Ал 30 тамызда орталық Республика алаңында қала тұрғындарының қаты­суымен шеру болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтулы мерекемен жиналғандарды, халықаралық мүшәйраға қатысушы ақындарды құттықтады. Сол күні 9 мемлекеттің өкілдері қатысқан ІІ халықаралық бал фестивалі өткізілді. Ата Заңымыз және ел Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылдығына арналған Х Азия және Тынық мұхиты жағалауы елдерінің қол күресінен чемпионаты төрт күн бойы қала тұрғындарын бей-жай қалдырмады. Қазақстан құрамасы тағы да бас жүлдені жеңіп алды. Тараздық Дмитрий Трубин ең жоғары салмақта қарсыластарын шаң қаптырды. Келесі жылы Алматыда қол күресінен әлем чемпионаты өт­пек. Ол Азия қол күресі феде­ра­ция­сының президенті, жерлесіміз Мұқан Ағзамовтың 60 жылдық мерейтойына арналмақ. Кешкілік Ертіс өзені бой­ында амфитеатр, ғашықтар аллеясы, ТМД елдерінде баламасы жоқ дауыс жазатын студия, экологиялық мониторинг орталығын өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ашып, жинал­ған­дар «МұзАрт» тобының, әзілқой Тұрсынбек Қабатовтың және жергілікті өнерпаздардың концертін тама­шалады. «Егемен Қазақстанның» тілшілері.