Қазақ үшін баға жетпес ең басты құндылық ел Тәуелсіздігі десек, осы ойды әр азаматтың көкірегіне шашаусыз шегелеген мемлекеттің мерейлі құжаты – Конституцияның орны қашанда биіктен сайлануы жарасымды. Дала тіршілігінің өрбуіне өзек болған Ата Заңды асқақ рухпен аспандатқан думанды кеш шымылдығының Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық күйімен ашылуының өзінде үлкен мән бар. Дәл бүгін қазақтың кең даласы азаттық аңсап өткен сол бұрынғы Махамбет сынды наркескен бабалардың үнін қайта жаңғыртып, елдік пен бірліктің туын тіктеп жатқанын нақышты бояуымен қапысыз бедерлеген күй құдіреті ерекше әсерлендіреді. Кешегі саз бен бүгінгі ұрпақтың тың сарыны қатар өріле келіп, бойды серпер сезім билейді.
Осы шалқыма күйдің соңынан М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Рақымовтың «Қазағым-ай» әнін Еркін Шүкімановтың орындап шыққаны күллі тыңдарманды күміс көмей үннің сиқырына бөлеп тастады. К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының труппасы мың бұралып «Айжан қызды» билегенде жазира дала көк кілемін құлпыра жайып тастағандай келісті кесте өрнек төкті. Артынша Сарыарқаның сазы сайын белді қуалап, кешегі күннен бір үн тіріліп тіл қатқандай еді. Ол Болат Есімханов орындаған Мәдидің ел арасына кең тараған «Қаракесек» әні болатын. Жеке орындаушының дауысына Б.Байқадамов атындағы академиялық капелла мен астаналық опера және балет театрының хоры қосыла өң бергенде, бұл шығарма тіпті үлкен сахнада орындалатын классикалық інжу-маржанға ұқсап кеткені шындық.
«Дала сазы» деп аталатын ән топтамасы құлақтың құрыш етін қандырар тәтті әуездермен сусындатып, қазақтың халық әндерін Бибігүл Сауытова, Анар Құмарова, Гүлдана Ноғайбаева, Венара Қаржаубаева, Гүлім Алшынова наз толы нақышпен нәрлендірді.
Жас орындаушылар Нарұл Тойкенов пен Эмиль Ерғали Қазақстан композиторларының әндерінен топтаманы ұсынса, іле-шала оркестр Түркештің «Көңіл ашарымен» өз өнерін қорытындылап шықты. И.Штраустың «Жарқанат» опереттасынан Адельдің шумақтарын К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры симфониялық оркестрінің (дирижері – Айдар Әбжақанов) сүйемелдеуімен орындаған Мәдина Исламованың, А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің «Ақ тілек» балалар хорымен бірге Г.Подэльский мен И.Назалевичтің «Люблю тебя, мой край родной» әнімен шыққан КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің, әскери әндерден попурри ұсынған Медеу Арынбаев, Айқын және Рүстем Нұржігіттің өнері кеш ажарына көтеріңкі леп бергендей.
Н.Назарбаев пен А.Қоразбаевтың «Сарыарқа» әнін Степанида Басюк, Наталья Кочкина, Андрей Трегубенко мен Игорь Благодарный өзіндік талғаммен өңделген үлгіде паш етті. Эстрада әншісі Ділназ Ахмадиева бастап шыққан жастар тобы И.Грибулинаның «Астанасын», Дәулет, Жасұлан мен Бақытжан сынды жасөспірім өрендер «Ақ тілек» пен «Елігай» балалар хорымен бірге Ә.Ысқақ пен А.Ахметбекұлының «Көк тудың желбірегені» әнін, Азамат Жылтыркөзов, Бауыржан Әндіржанов пен Андрей Трегубенко Қ.Жүнісовтің «Егемен Қазақстан» әнін патриоттық рухта көкке самғатқанда, Ата Заңның құрметіне төгілген шуақ елорда төрін еңселендіріп жіберген.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.