Мұсылман мемлекеттері даму көшінің соңында келеді. Неге?
Ислам әлемі – шексіз әлем. Ал ислам діні – ғаламшарға тамырын терең жайған екінші орындағы қуатты дін. Бірінші орында Христиан діні. Ал Иудаизм болса, осы аталған монотеистік үш діннің ішіндегі ең алғашқысы, бірақ ол дінді ұстанатындардың саны 16 миллион ғана. Исламның да, Христиан дінінің де, Иудаизмнің де арғы тегі бір. Себебі, монотеистік үш діннің түп тамыры Ибрагим (Ыбырайым, Авраем) пайғамбардан бастау алады. Тарихқа үңілсек, пайғамбарлардың арғы тегі Ибрагим пайғамбарға келіп тіреледі. Мұхаммед пайғамбар Ибрагим пайғамбардың үлкен ұлы Исмаилдің ұрпақтарынан тараса, Мұса мен Иса пайғамбарлар Ибрагим пайғамбардың кіші ұлы Исаактан тараған.
Мұсылман әлемінің киелі қаласы Меккенің негізін қалаған да Ибрагим пайғамбар. Меккедегі миллиондаған мұсылмандар сиынатын Қағбаны да о баста Ибрагим пайғамбар мен Исмаил тұрғызған. Бірақ, өкінішке орай, аталмыш шындықты бұл күнде көп жұрт біле бермейді әрі білуге де тырыспайды. Сондықтан батыс әлемінің оңшыл саясаткерлері әлгі діндердің арасындағы ортақ құндылықтарға баса назар аударудан гөрі олардың арасындағы айырмашылықтарға көбірек басымдық беріп, Ислам дінін кемсітіп, мұсылмандарды шеттетуге дайын тұрады. Ол ол ма, тіпті Исламды әлемнің ең ықпалды діндерінің бірі деп танудың орнына оған кеселді идеология деп айдар тағады немесе оны экстремизм, терроризм немесе фундаментализмнің ұясы деп, адамзатты Исламға қарсы бағыттауға және аталмыш діндердің арасына от жағып, оларды ұстанатын халықтарды бір-бірімен қақтығыстыруға тырысатындар да табылады. Ислам мен мұсылмандарға деген мұндай жаңсақ көзқарас Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің арасында да орын алып отырғаны жасырын емес. Мысалы, Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатура тарату, мұсылмандардың киелі кітабы Құранды өртеу немесе биылғы жазда мұсылмандарды шеттету мақсатында Норвегияда орын алған террористік жарылыстар мен қанды қырғын жоғарыдағы теріс пиғылдың іс жүзіндегі көріністері. Ал мұсылмандар тарапынан әлгіндей айуандыққа барып, өзге діндегілердің киелі кітаптарын өртеу немесе пайғамбарларына күйе жағу, оларды даттау еш уақытта болған емес.
Ал шындап келгенде, Ислам мен Ислам әлемінің ұстанымы терроризммен де, экстремизммен де, фундаментализммен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұсылмандардың киелі кітабы Құранда жамандықты уағыздайтын сүре немесе аят атымен кездеспейді. Керісінше, Мұхаммед пайғамбар арқылы Алладан жеткен әділеттікке шақыратын төмендегідей нақылдар бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар екені күмән тудырмайды. Мысалы, “Басқаларды мүсіркемеген адамды Құдай мүсіркемейді”, “Өзі тоя ішіп-жеп, көршісі аш жүрген пенде Құдайдың құлы емес”, “Басқаны ұрып жыққан мықты емес, ашуын ақылына жеңдірген адам мықты” немесе Құранның 60-сүресінің 8-аятындағы: “Алла дініңе қарсы соғыс ашпаған, баспанаңнан айырмаған адамдарға қайырымды болуға тыйым салмайды. Алла әділетті пенделерді сүйеді” деген ғибратты құндылықтар Ислам дінінің нағыз толерантты дін екенінің нақты дәлелі. Құранда Иса пайғамбарға да үлкен құрмет көрсетілген. Сосын Мұхаммед пайғамбар өзінен бұрынғы пайғамбарлардың бәрін де сыйлаған, олар туралы ғайбат сөз айтпаған. Ең бастысы, Алладан Құран түскеннен бері он төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, киелі кітаптағы 114 сүре мен 6346 аяттың бір әріпі де өзгеріске ұшыраған емес. Олар еш уақытта бұрмаланған да емес.
Бұл күнде Ислам әлемінің 57 мемлекеті бір тудың астына біріккен. Бұл туды Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы берік ұстап келеді. Биыл еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеп жатқан Қазақ елі үшін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етудің тарихи маңызы өте зор. Өйткені, әлемдік қауіпсіздік, бейбітшілік, ынтымақтастық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту үшін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мәні мен қажеттілігі күннен-күнге артып отыр.
Бүгінгі таңда Ислам әлемі үлкен қиындықтарға тап болуда. Африканың солтүстігінде, Таяу Шығыс елдерінде орын алып отырған қақтығыстар мен соғыстар ешкімді бейжай қалдырмайды. Сондықтан дәл қазір ислам қауымдастығына жаңғыру қажет, ғылыми-техникалық даму мен білімге бет бұру ауадай керек. Оларды іске асыруға мұсылман мемлекеттерінің мүмкіндіктері жеткілікті, себебі Ислам әлемінің жиынтық экономикалық әлеуеті ұшан-теңіз. Ендеше, осы мүмкіндіктерді шегіне жеткізе пайдалана отырып, Ислам әлемі иық тірестіре күш біріктірсе, экономикалық қарым-қатынастарды күшейтіп, өзара көмектің ең тиімді тетіктерін іске қосса, дамудың жаңаша жолына түсетіні сөзсіз. Сондықтан Ислам әлемін үлкен реформа күтіп тұр. Ол реформа басталып та кетті. Оның бір сипаты мынадан байқалады. Бұдан былай Ислам Конференциясы Ұйымы мұсылман мемлекеттерінің келешек мақсат-мүдделеріне сәйкес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) болып қайта құрылды. Бұл тарихи шешім Астанада қабылданды.
Ислам әлемін реформалау жөніндегі соны бастаманы, тайға таңба басқандай етіп, үстіміздегі жылы Астанада өткен Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалық еткен еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Елбасы ИЫҰ-ның ең басты қағидасы ретінде сауда-саттықты жандандыратын инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік және ғылым-білім салаларын қамтитын пәрменді бағдарламаларды бірлесе отырып іске асыруға жол сілтеді. Сонымен қатар ИЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Ислам әлемін кері тартып отырған негізгі факторларды да айшықтап атап өтті. Мәселен, бүгінгі таңда Ұйымға мүше елдердің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) көлемі тоғыз жарым мың АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде жиырма төрт мыңға теңелетінін алға тартты. Ұйымға мүше елдердің даму үрдісінде де айтарлықтай айырмашылық бар екеніне назар аударып, жан басына шаққанда ІЖӨ-нің ең дамыған мұсылман елдері мен дамуы кенжелеп қалған мұсылман мемлекеттеріндегі айырмасы 100 есеге жететініне назар аударды. Дәл қазір ИЫҰ елдері әлемнің энергетикалық байлығының 70 пайызын иемденіп отырса да, ол елдерге әлемнің ІЖӨ-нің 7,5-ақ пайызы келетінін және әлемдік тауар айналымының 11 пайызы ғана тиесілі екенін батырып айтты. Бұл кемшіліктердің Ұйымға үлкен сын екенін әрі мұндай жағдайдан құтылу үшін Ислам мемлекеттерінің әрқайсысы белсенділік танытып, бәсекеге төтеп бере алатын жеке қабілетін күшейтпесе болмайтынын шегелей келіп, осылардың негізінде ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер экономикалық дамудың бірлескен стратегиясын жасақтауы керектігін баса айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің назарын Астанада биыл өткен жетінші Әлемдік ислам экономикалық форумында жариялаған ұсыныстарына аударды. Өйткені, әлгі форумда Елбасының бастамалары қолдау тапқан болатын. Өзекті де нақты бастама ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Ислам әлемінің ең дамыған 10 мемлекетінің басын біріктіріп, исламдық үнқатысу алаңын ашу керектігін министрлердің назарына қайта ұсынды. Айтса айтқандай-ақ, бүгінгі таңда Ұйымға мүше мемлекеттердің ең дамыған ондығымен бүкіл әлем есептеседі. Өйткені әлгі ондық күллі ИЫҰ мемлекеттерінің жиынтық өнімінің 80 пайызын өндіреді.
Әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне төніп тұрған қатерлерді ескере отырып, Елбасы ИЫҰ аясында өзара азық-түлік көмегін ұсына алатын БҰҰ-дағы ФАО (Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) секілді аймақтық қор жүйесін қалыптастыру мәселесін де көтерді. Қазақстанның азық-түлік экспорттаудағы әлеуетін ескере отырып, ондай ұйымның штаб-пәтерін біздің елде орналастыруға да әзір екенімізді алға тартты. Әлемге төніп тұрған энергетикалық кауіп-қатер де Елбасының назарынан тыс қалмады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағамдауы бойынша, 2030 жылға дейін энергетикалық ресурстарды өндіру мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 17 триллион АҚШ доллары керек болады екен. Осы мәліметтерді негізге ала отырып, Елбасы біздің елде “Болашақ энергиясы” деген тақырып аясында әлемдік “ЭКСПО - 2017” көрмесін ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, оның ИЫҰ тарапынан қолдау табатынына сенімді екенін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесінде жасаған баяндамасында Ислам әлемін реформалаудың жол картасын жан-жақты айқындап берді. Президент ұсынған төмендегі ұсыныстар жоғарыда айтылған уәждің бұлтартпас дәлелдері.
Біріншіден, мұсылман мемлекеттерінің алдында тұрған мәселелердің шешімін сол мемлекеттердің өздері айқындап ұсынуы керек.
Екіншіден, Ислам әлемі дамудың шикізаттық векторынан шығып, индустриялық-инновациялық деңгейге көтерілуі қажет.
Үшіншіден, ИЫҰ шеңберінде ұсақ және орта бизнесті қолдайтын озық жүйе қалыптастыру керек. Ол үшін Ислам даму банкінің аясында ұсақ және орта бизнесті қолдайтын арнайы қор құрылуы ләзім. Қаржыландырудың исламдық үрдісі мен тиімді құралдарын Ислам әлеміне кеңінен енгізу парыз.
Төртіншіден, ИЫҰ аясында энергетика саласы бойынша технологиялық және инвестициялық әріптестіктің бірлескен жоспарын жасап, Халықаралық инновациялық орталық құру бүгінгі күннің талабы.
Бесіншіден, исламдық банк жүйесінің қызметіне басымдық беру үшін арнайы халықаралық конференция ұйымдастырып, Алматы қаласын исламдық қаржы орталығы ретінде дамыту керек.
Алтыншыдан, Ислам әлемі өзінің басымдығы болып саналатын демографиялық әлеуетін тұрақты экономикалық дамудың ең маңызды тетігі деп қарауы қажет. Халықаралық сарапшылардың болжамына қарағанда, 2030-шы жылдары мұсылмандардың саны 2,2 миллиардқа жетіп, әлем халқының төрттен бірін құрайтын болады.
Демек, жетіншіден, соншама адамды білім-ғылыммен қамту үшін білім мен ғылым деңгейін көтеріп, жаңа идеяларды тудыратын, сөйтіп, ислам өркениетінің жаңғыруы мен қайта өрлеуін қамтамасыз ететін интеллектуалдық элита тәрбиелеу қажет. Бұған Ислам әлемінің әлеуеті жететініне ешбір күмән болмауға тиісті. Себебі, орта ғасырларда Ислам әлемі адамзат өркениетіне математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салаларында үлкен жаңалықтар ашып, адамзат, оның ішінде Батыс өркениетіне өз үлесін еселеп қосқан болатын. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия қалалары ол замандарда бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталықтары болатын.
Сегізіншіден, ИЫҰ-ны реформалау мен жаңғырту аясында оның институттары мен органдарының тиімділігін арттыру қажет. Ол үшін Ұйым терең сараптамалық жұмыстардың негізінде алдын-ала жоспарлар мен зерттеулер жасай алатын арнайы Институт немесе Орталық ашуға тиісті.
Тоғызыншыдан, соңғы 10 жылда Ауғанстанда өндірілетін героин мен есірткі тасымалдау он есеге өсіп кетті. Ал Ұйым болса, есірткімен күрес жүргізуде өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Сондықтан Ұйым аясында Ауғанстанға көмек беруді үйлестіріп отыратын арнайы жүмыс тобын құру қажет.
Оныншыдан, бүгінгі таңда Ислам мен Ислам әлеміне интернет арқылы жабылатын жала мен қысымға төтеп беру үшін әрі Исламның толерантты әрі бейбіт дін екенін бүкіл әлемге паш етіп отыратын е-ISLAM интернет ресурсын қалыптастыру қажеттігін күн тәртібіне қою керек.
ИЫҰ елдерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне басшылық еткен Президент Н.Ә.Назарбаев Ұйымды реформалауға бағытталған жоғарыда белгіленген іс-шаралармен қатар Ислам әлемінің намысын қайрайтын кейбір ащы шындықтардың да бетін ашып, келешекте олардан тиісті қорытынды шығаруға жетелейтін мына бір мәнді де астарлы сұрақтарды көлденең тартты:
“Бүгінгі таңда Ислам мемлекеттері соншалықты мол табиғи, адами әрі қаржы ресурстарына ие бола отырып, неліктен әлемдік даму көшінің соңында келеді?
Ислам әлемінің университеттері әлемдік жоғары білім саласында неліктен басқаларға үлгі көрсете алмай отыр?
Соңғы 20 жыл ішінде мұсылман елдерінде табиғаттану және техникалық ғылымдар саласында бірде-бір әлемдік мәні бар жаңалықтың ашылмау себебі неліктен? Бұл олқылықтар көзге ұрып тұр. Сондықтан оларды байқамау мүмкін емес”, дей келіп, өзі төтесінен қойған әлгі сұрақтардың жауабы ретінде: “Бәлкім, озық идеялардың пісіп-жетілуі және әлемдік мәні бар ғылыми жаңалықтардың ашылуы үшін ақша мен табиғи байлықтардың мол болуынан гөрі, ең алдымен, интеллектуалдық орта мен қоғамдық-саяси климат қалыптастыру қажет шығар”, деген түйінді уәжді көлденең тартты. Бұл сұрақтар мен берілген жауаптың астары Кеңеске қатысқан министрлерге терең қозғау салды. Олай болмауы мүмкін емес.
Ислам әлемінің сыртқы істер министрлері Астанада өткен Кеңестен үлкен сабақ алып қайтты деуге толық негіз бар. Егер Кеңесте ұсынылған Ислам әлемін реформалаудың жан-жақты ойластырылған тетіктері басшылыққа алынып, тез іске қосылатын болса, мұсылман мемлекеттерінің инновациялық әрі тұрақты дамудың сара жолына түсетініне ешбір күмән жоқ. Ол жолдың біздің елге де тікелей қатысы бар. Ендеше, Ислам әлеміне және оның бөлінбес қанатына айналған әрі үстіміздегі жылы егемендігінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан өз елімізге де ақ жол тілейік, ағайын!
Әділ АХМЕТОВ, сенатор, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі.