20 Желтоқсан, 2016

Зайсандағы зілзала

1007 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Оның зардаптарын жою Елбасының елжандылығын жаңа қырынан көрсетті. 1990 жылдың 14 маусымында сағат 12-ден 47 минут өткенде Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік өңірінде үл­кен жер сілкінісі болды. Зайсан зіл­за­ласы деген атпен тарихқа енген осы апат халыққа үлкен зардаптарын ти­гіз­ді. 8874 үй қирап, 36 мың адам бас­панасыз қалды. Келген шығын сол  кездің ақшасымен 300 миллион рубль деп бағаланды. Бұл орасан зор шығын еді. Ең бастысы, зілзала салдарынан бүкіл бір ауданның халқы тұрғын үйлерінен айырыл­ды. Марқакөл, Күршім, Тарбағатай секілді көрші аудан халқы да оның зардаптарына ұшырап, халықтың еле­у­- лі бөлігінің баспаналары тұруға жа­ра­май қалды. Бір жақсысы, Алланың шарапатының арқа­сында болар, зілзала күндізгі уа­қытта болғандықтан халықтың басым көп­шілігі далада, әртүрлі жұмыстарда жүр еді. Сондықтан, көптеген үйлердің қабырғалары жарылып, енді біразынікі құлап жатқан тұста зілзаладан бір ғана сәби шетінеді. Ол баланың аты Біржан болатын. Халық осы бір оқиғаны есте қалдыру үшін осы бала тұрған Ражков ауылының атын өзгертіп, оны Біржан деп атады. Кейіннен осы атау ресми түрде бекіді. Бір жақсысы, халыққа орасан зор ауыртпалығын әкелген зілзала зардаптары жедел еңсерілді. Бұған сол тұста респуб­лика басына келген Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі қайраткерлік қарымы себеп болды. Оқиға болып өткеннен кейін дереу республикадан орталық штаб құрғызып, зілзала зардаптарын жою, қиналған халыққа көмек беру мәселесін ойластырған Нұрсұлтан Әбішұлы 18 маусымда Зайсан жеріне өзі де келді. Табиғат апаты салдарынан қираған ауылдарды аралады. Халықпен  бетпе-бет сұхбаттасып, абыржып, еңсесі түсе қалған жұртшылыққа қайрат-жігер берді. Зілзаланың келтірген шығындары мен зардаптарын өз көзімен көргеннен кейін батыл шешімге барып, бүкіл республика халқын онымен күреске жұмылдырды. Мәселен, Зайсан ауданының әрбір ауылына бір-бір облысты бекітті. Әрбір облыстың құрылыс саласындағы үлкен трестері, құрылыс ұйымдары Зайсан жеріне көшіп келгендей әсер қалдырды. Республиканың әр шалғайынан кірпіш, цемент, бетон плиталар мен дайын қабырғалар, басқа да көптеген құрылыс материалдарын тиеген алып машиналар Зайсанға қарай ағылды. Олардың күндіз-түні тынбаған жүрістерінен қара жер тітіреді десек те болады. Сөйтіп, бір ауданның бірнеше мыңдаған тұрғын үйлері бір-екі жаздың ішінде толықтай қайта салынды. Ескі саман үйлердің орнын қызыл кірпіштен, дайын бетон қабырғалардан тұрғызылған жаңа еңселі үйлер басты. Біз тұрған Қарабұлақ ауылына Алматы облысының құрылысшылары бөлінген еді. Олар бір жаздың өзінде бірнеше жүздеген үйді салып тастады. Сондықтан, ауыл халқының алматылықтарға деген алғысы шексіз. Елбасы тек тұрғын үйлер салғызумен ғана шектелген жоқ. Халық көп шоғырланған ауылдардан жаңа өндіріс орындарын ашқызу мәселесін де ойластырып, еліміздегі ірі-ірі комбинаттарға, өндірістік бірлестіктерге салмақ салған екен. Сөйтіп, Қарабұлақ ауылынан жаңа сүт зауыты бой көтерді. Мұны Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының тапсырысы бойынша түріктің атақты «Финтрако» фирмасы салды. Сөйтіп, тәуелсіздік таңы енді атқалы тұрған елең-алаң шақта біздің ауыл алғаш рет қазақ-түрік болып араласты. Алыстағы ағайынның қадірін таныды. Сол кездің өлшемімен алғанда бұрын өңімізді қойып, түсімізге кірмейтін жарқыраған әдемі, еуропалық стандарт деңгейіндегі тамаша зауыт салынды. Аудан халқы сол кезде республикадан ағылған көмекке әбден риза болды. Елбасымызға ақжарылқап алғысын айтты. Елбасымыздың қайраткерлік қарымын, елім деп соққан жүрегін оны осындай қиын сәтте бірлікке шақырған елжандылығын көрді. Бүгінде еліміздің шығыс өңіріндегі Зайсан ауданы экономикасы дамыған, сәнді де сәулетті аудандардың біріне айналып келеді. аудан орталығы Зайсан қаласына барсаңыз, оның келбетіне қарап, ерекше риза боласыз. Міне, осынау көріністе Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі өзіндік қолтаңбасын аңғарып, ол кісіге деген іштей ризашылық сезімге бөленесіз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»