02 Қыркүйек, 2011

Қазақ спортының қаһармандары

2115 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Елбасының «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масы туралы» Жарлығына сәйкес, елімізде бұқаралық спортты да­мыту мен саламатты өмір салтын насихаттауға барынша мән беріліп, мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.   Кейінгі жылдардағы еліміздің ха­­лық­аралық дәрежедегі спорттық жетістіктері де көңіл қуантарлықтай. Күні кеше ғана ел болып өткізген Ақ Азиада ойындары жас мемле­кеті­міздің әлемдік спорт қауымдас­ты­ғындағы өзіндік бет-бейнесі мен ұлттық мәртебесін тіпті ас­қақ­татып жіберді десек, артық айтқан­дық емес болар. Алматы мен Астананы дү­бір­ге бөлеп, сан саңлақты додада сы­наған аламан бәйгеде еліміздің қор­жы­ны толып, әлемдік дүбірде топ жарды. Қазақ спортының жай-күйі ха­қында әңгіме қозғау шын мәнінде қашанда өзекті. Өйткені бүгінгі күн талабын­да­ғы спорт – мемлекет беделі. Оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор ма­ңы­зын айтпағанның өзінде жас мемлекет­тің дамуына қосар үлесінің салмағы қан­ша­лықты екенін әркім-ақ бағамдай біледі. Сондықтан да біз спорт пен оның адам өміріндегі игі әсері жай­лы әңгі­ме­мізді қазақ спортының атын әлемге ал­ғаш танытып, тұңғыш рет ресми «Қазақ даласының баты­ры» атағын иеленген Қажымұқандай бабамыздан бастаға­нымыз дұрыс болар. Иә, бүгінгі ұрпақ Қажымұқандай ба­тырдың болғанын, оның «күш атасы – Қа­жымұқан» атты атағын да жатқа біледі. Алайда, ол жүріп өткен ауыр да же­ңісті жолдар, оның азаматтық бет-бейнесі жайлы толық біле бермеуі де мүмкін. Қажымұқан Мұңайтпасұлы – Қа­зақ тарихындағы тұңғыш кәсіп­қой балуан. Сонымен қатар ол туған халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзі­нен бұрынғы қандастары баспаған то­пырақты басып, спорттың сара жо­лын қазаққа да танытқан тұңғыш ұлан. Жер шарының 28 мемлекетінде кү­реске түсіп, одан 128 медальді кеудесіне таққан мұндай палуан ХХ ға­сырдың басындағы түркі халық­та­ры арасында тек қазақта ғана болды. Ресей балуан­да­ры тобында Қажымұ­қан­нан күші асқан ешкім болма­ған­дықтан да әлем чем­пиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вей­ланд Шульц сынды дүлдүлдер­мен қа­тар жүріп, Ресей палуаны ретінде сайысқа түсті. Әлемдік додаларда «Иван Черный», «Ямагата Мухунури», «Қара Мұстафа» деген лақап аттармен әлемге танылған ба­тыр бабамыз кәсіби күрес қана емес, бүгінгі күндері жастар арасында кең танылған жекпе-жектің сан түрін терең меңгерген кәсіби палуан еді. Ардақты азаматымыздың басы­нан талай қиын күндер де өтіп, оның патшадан алған сыйлығы өзіне жау бо­лып тиіп, сонау қуғын-сүргін жыл­дары басына зобалаң үйірілгені де белгілі. Ал ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы бас­талған тұста, Мұқандай батыр баба­мыз екі жыл бойы өз өнерін халыққа та­ны­тып, цирк өнерімен ел аралап тапқан ақ­шасына ұшақ жасатып, оны майдан­ға сыйға тартты. Амангелді Иманов атын­да­ғы осы ұшақта Қажытай Шалабаев сынды қазақ ұшқышы 120 рет жауын­герлік тапсырма орында­ғанын біреу білсе біреу білмес. Бүгінгі күні батыр салған сара жол­ды жалғастырып, спорттағы биік жеңі­сін халқымен бірге тойлап, оның жемісін де туған халқымен бө­лісіп отырған ар­дақты ұлдарымыз­дың бірі – Жақсы­лық Үшкемпіров. Алпыстың асқарына шыққан спорт саңлағының кеудесінде спорттық медальдардан өзге де мемлекеттік марапаттар жарқырайды. Әрине, жыл­дар бойғы қажырлы еңбегі, әсі­ресе сонау тоталитаризм заманында сонша ұлтты қанатының астында ұс­таған үс­тем саясаттың ықпалынан бі­лігі мен біліктілігі, мықты күрес­керлігі ғана биік шыңға шығарған ардақты азамат ел сенімін қалай ақтады? Осы ұзақ та қиын жол оны қазақтың даңқын аспандатуға қалай жеткізді? Бұл айтар ауызға оңай болғанмен, түйсікті жанға ерлікпен бара-бар қажырлы еңбек екені айдан анық. Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы Жамбыл облысының Тегістік ауы­лында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін ол Семей­дің мал дәрігерлік инсти­ту­ты­на оқуға тү­седі. 1974 жылы инс­ти­тутты аяқтаған соң, Алматы қала­сы­на келіп, жаттық­ты­рушы В.­А.­Пса­рев­тің басшылығымен спорттың күрес түрімен тереңірек айна­лы­суға мүм­кін­дік алады. Ол жастайынан қа­зақша кү­рес­пен, ал институт қабыр­ға­сында оқып жүрген кезінде клас­си­калық және еркін күреспен айна­лыс­қан бола­тын. 1970 жылы жаттық­ты­рушы Рома Хасанович Иль­матовтың кеңесі бойынша өзіне таныс емес күрестің жаңа клас­сика­лық түрімен айналыса бастады. Жақсы­лықтың ал­ғаш­қы ірі жеңісі 1975 жылы Алматы қала­сын­да өткен алтыншы жазғы спартакиада еді. Еліміздің ең таң­дау­лы күрескер­лері­мен белдесіп, олардың бәрін сан соқ­ты­рып, Спартакиада чем­пионы атан­ған ол, осы сайыста өмі­ріндегі ал­ғашқы алтын медалін жеңіп алды. Ж.Үш­кемпіров бұдан кейін еліміз чем­пио­натының жеті дүркін жүлдегері атанды. Түрлі халықаралық турнирлерде, одан кейінгі одақтық біріншіліктегі чемпион атанған табысынан кейін ғана Ж.Үш­кемпіров Олимпиада ойын­да­рына кан­дидаттық жолдама алады. Жақсылық Үш­кем­піров – еркін күрес­тен Қазақстан чемпионы, грек-рим күресінен КСРО-ның екі дүркін чем­пионы, әлем чемпионаты мен кубо­гы­ның жеңімпазы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, даңқты боз кілем ардагері. Ол 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында белдескен қарсы­лас­та­ры­ның бәрін жеңіп, бүкіл одақтың, қалың қазағының үмітін абыроймен ақтап шық­ты. 48 келі салмақта клас­сикалық күрес­тен төрт адамның кан­дидатурасының ішінен аз ғана ара­сал­мақпен алға шыққан Жақсылықтың кандидатурасы өтті. Бұл қиын жа­рыс­та тек Ж.Үшкемпіров қана жеңетінін басшылыққа дәлелдеген жат­тық­тыру­шысы Вадим Александрович Пса­рев­тың еңбегі ерекше. Олимпиада ба­рысында Ж.Үшкемпіров чемпион­дық­қа үміткер қарсыластары: румын Алек­сандру, поляк Керпач, болгар Хрис­тов, венгр Шерештерді шебер техника­сы­мен, шапшаң­дығы және тө­зім­ділігімен жеңіп шықты. Осы­лайша қазаққа «Олимпиада чемпио­ны» деген тұңғыш атақты Жақсылық Үш­кемпіров әкелді. Содан бері де отыз жылдан астам уақыт өтті. КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров есімі кешегі әлемнің жеті дүркін чемпионы атанған Дәулет Тұрлыхановтар үшін қандай мақ­таныш болса, бүгінгі қазақ күре­сі­нің жас майталмандары үшін де құрмет тұтар қасиетті есімге айна­лып қала бермек. Жақында ғана өзі­нің алпыс жыл­дық мерейтойын той­ла­ған ел ағасына туған елінің де ыс­тық ықыласы аз бол­ған жоқ. Атым­тай жомарттары астына қос-қостан көлік мінгізсе, бірі мемлекет мара­па­тын жеткізді, бірі кеудесіне қай­раткерлік төсбелгісін қадады. Осының барлы­ғы да кішкентай ғана қа­рапайым ауыл баласына спорттың берген нәти­же­сі, оның өмір жолындағы темір­қа­зық­тай жолбас­та­ры болған сүйікті кә­сібі күрес өнерінен тапқан жемісі еді. Аты аңызға айналған қазақтың бiртуар ұлда­ры­ның ішінде шоқтығы биік тағы бір ерен тұлға – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаев. Кейінгі жыл­дары біздің барлы­ғы­мызда олимпиа­да­лық ойын­дар басталған тұста бар үмі­тімізді бокс өне­ріне артып, додаға қос­қан жүйріктерімізге сеніммен қарай­мыз. Яғни, қазақ боксының бүгінгі биікке көтері­луіне ұлт­тың үміті мен сеніміне айналуына да кешегі Бекзат­тар­дың биік белеске шығып, Ермахан, Мұхтарханның үмітті үкілетуіне де Серіктей аға­ла­рының үлкен әсері болғаны әмбеге аян. С.Қонақбаев әуесқой бокстан Ке­ңес Одағының құрамына 1979 жылы, 20 жасында iлiндi. Оның ел аузына iлiгуi 1978-1979 жылдары бо­латын. Осы кезде Жамбыл ги­дро­ме­лиора­тив­тiк-құрылыс институ­тын­да оқып жүр­ген студент боксқа то­лық­қанды бетбұ­рыс жасап, өз сал­мағындағы боксшы­лар­ға дес бермей жүрген. Заманына қа­рай ол кезде ұлттық республикалардың спорт­шы­ларына Одақ жетекшілері өгей баладай қарайтыны белгілі. Аяқтан шалу көп болатын. Бiрақ, жасындай жар­қылдаған, алмас қылыштай өт­кiр, көп­тiң аузында жүрген Серiктей бокс­шы­ны құрама қатарына алмауға басқа уәж болмады. Серiк Қонақ­баевты мұндай қиындықтардан өзi­нiң талантты спорт­шы болғандығы ғана құтқарды. Бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем кубогының иегері, 2 дүркін Еуропа чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаев 24 жасында кәсіби бокстан қол үзгенімен, спорт сала­сындағы қайраткерлік жолынан күні бүгінге дейін қол үзген жоқ. 1986-1992 жылдары бокстан Қазақстан құрама команда­сы­ның мемлекеттік жаттықтырушысы бол­­ған ол кейіннен «Қазақстан» ком­мер­циялық-спорт клубының президенті қызметін атқарды. Пан-Азиялық бок­сер­лық ассоциацияның мүшесі (ПАБА). 1999 жылдан бері ҚР Парламент Мәжі­лісінің депутаты болып, халық қалау­лысы ретінде ұлтымыздың спорт сала­сы­ның заңдық негізінің қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде біртуар азаматтың кеудесінде «Ерен еңбегі үшін» (1980 ж ), «Еңбек ерекшелігі үшін» (1984 ж.) «Қазақстан Респуб­лика­сының тәуел­сіз­дігіне – 10 жыл» (2001 ж.), «Қа­зақстан Республикасы­ның Парламентіне – 10 жыл» (2006 ж.) медальдары мен «Құрмет» ордені жарқырайды. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлы­ғының лауреаты (1993 ж.). Туризм және спорт акаде­миясының құрметті профессоры. Афинада өткен Олимпия ойын­дарында әуесқой бокстан елiмiзге жал­ғыз алтынмен оралған Бақтияр Артаев­тың «Мен үшiн қазақ боксы­ның биiгiн­де қашанда Серiк Қонақ­баев ағамыз тұрады» деген сөзi оның қазақ бокс өнерінің шамшырағындай әлі талай қы­рандарға үлгі бола­ты­нына дәлел бол­мақ. Қайраткер, жазу­шы Олжас Сүлей­менов бірде «Әлем­дегі әрбір халық атымен танылады. Өзінің атағымен әлем­ді мой­ын­датқан адамдар өз халқы­ның да атын шығарады. Менің және басқа да ұрпақ­тардың өмірін бақыт пен мақтанышқа кенелткен сәттерің үшін саған үлкен рахмет, Серік», деп өз ризашылы­ғын білдірді. Ал Серік Ке­рім­бекұлы өзінің бір сұхбатында «Спорт­шылардың арқасында сол ел, оның күшін бағалау арқылы біледі, ел мықты болған сайын экономика да өседі, спорт дәрежесі де жоғарылай түседі» деген екен. Серік Керім­бек­ұлына «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» және де «Қазақтың туризм және спорт акаде­мия­сының құрметті профессоры» атақтары берілген. Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА. * * *

СПОРТТЫҢ ПАЙДАСЫ

Сұлтанғали ҚАРАТАЕВ, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, тұңғыш спорт комментаторы: «Жолым ауыр адамдардың бірімін. Сол жолымның ауырлығы бетімде, жүзімде, қасымда, шашымда тұр. Жеті бала жетім қалдық. Соғыстың қиындығын көрдік. Кім ұрмады, кімнің есігінде болмадық… Сондай қиын-қыстау заманның із қалдыратындығы өз алдына, адамның мінез-құлқына таңба басып тастайды екен ғой. Бірақ мен жалтақтықты жеңдім. Боксқа қатыстым. Спорт сол жалтақтығымның көбін жеңді. Әйтпесе иіліп, бүгіліп, «тақсыр, аға, көке» деп басымызды көтере алмай тұратын жағдайларымызға  өмірдің өзі душар етеді ғой. Міне, спорттың пайдасы – осы…» Қонысқара НҰРҒАЛИЕВ, білім беру ісінің үздігі: «Жігітке спортпен  шұғылданғанның пайдасы өте зор. Ол ең алдымен адамның мінез-құлқына, табиғатына жақсы із тастайды. Одан кейінгісі әрине – денсаулық. Менің күрестен спорт шебері деген атағым бар.  Бірақ, жас келген соң денсаулық та сыр бере бастады. Қан қысымым көтеріліп, үнемі ауыр жағдайда жүретін болдым. Әрине, аурудан арылудың жолы тек артық салмақтан арылу арқылы басталады деп сендім. Осылайша, өз денеме, ағзама лайықталған қозғалыс жаттығуларын жасап шығардым. Міне, соңғы 5 жылда мен өзімді жас жігіттердей мықты сезінемін. Денсаулығым да жақсы. Спорт адамның өмірінің бөлінбес бөлшегі болса деген арманым бар». Амалбек ТЫШАН,  қайраткер: «Менің өмірім спортпен тығыз байланысты. Бір кездері бокстан Қазақстан құрамасында болып, чемпион да атандым. Спорт – менің екінші тынысым. Мен одан ешқашан қол үзгем жоқ. Қазір енді тенниске көштім. Апта сайын өзіміздің клубта теннис ойнаймыз. Ал, аңшылық деген демалыс қой, сергисің, жанның рахаты. Шама келсе ондай демалыстарға жиі барғың келеді. Кейде бильярд ойнаймын. Әр қазақтың жігіті мықты болу керек, ол үшін ең бастысы спортпен айналысу қажет».