2-3 қыркүйекте Астанада Қазақ Ұлттық музыка академиясында Микаэл Таривердиев атындағы органшылардың VІІ Халықаралық конкурсының азиялық айналымы өтеді. Оған елімізден жеті, Корея пен Жапониядан бір-бір үміткерден қатысса, аталмыш байқауға сыйлы қонақ ретінде белгілі актриса Наталья Арынбасарова мен Микаэл Таривердиев мейірімділік қорының президенті, конкурстың арт-директоры Вера Таривердиева шақырылып отыр. Ал қазылар алқасының құрамында Джеймс Дэвид Кристи (АҚШ), Окубо Наоми Мацуи (Жапония), Ғабит Несіпбаев (Қазақстан), Лада Лобзина (Ресей) сынды әлемге танымал органшылар бар.
Органшылар конкурсының азиялық айналымы республикада алғаш рет өткізілгелі отыр. Сондай-ақ, бұл байқаудың көрнекті композитор Микаэл Таривердиевтің 80 жылдығымен сәйкес келетіндігіне де ерекше мән берілген. Кеше жоғарыда аталған академия ғимаратында конкурс жайында өткізілген баспасөз мәслихатында әйгілі органшы Джеймс Дэвид Кристи өзінің бұл байқауға төрелік ететіндігін Қазақ елінің өзіне деген құрметі дей келе, конкурсқа қатысқалы отырған таланттардан мол үміт күтетіндігін жеткізді.
Конкурс аяқталғаннан кейін Қазақ Ұлттық музыка академиясының орган залында «Аз и Я» концерті өтеді. Концерттің негізгі мақсаты – еуразиялық кеңістік идеясының маңыздылығын жеткізу болса, бағдарламада Шығыс тақырыптарына бет бұрған Шығыс, Ресей, Еуропа композиторларының туындылары орындалмақ. Аталған шарада сөз бен музыка алмасып отырса, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы мен Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет, «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме», «Кассандра таңбасы» кітаптарынан үзінділер мен өлеңдерді Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Арынбасарова оқиды. Сонымен қатар, Микаэл Таривердиев атындағы Халықаралық органшылар конкурсы аясында Хироко Иноуэ (Жапония), Лада Лабзина (Ресей), Венера Сейітбатталова (Қазақстан) сынды лауреаттар тыңдармандарын өз өнерлерімен тамсантады деп күтілуде.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
––––––––––––
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.