...Біресе, табаны қақ-қақ айырылып, қаңсыған көл. Қайраңда қалған сом балықтар. Құжынаған шыбын-шіркей. Қаптаған құрт-құмырсқа, бақа-шаян...
Біресе, иен шөл дала. Айтақыр... құйын... сұрқия, жексұрын уіл. Бір топ қорқау қорғансыз киікті паршалап, қанын шашып жатыр. Салақтаған қанды тілдерімен жер сызып, қыңсылап, айналшықтап жүрген шибөрілер. Былайырақтағы шеңгелдердің арасы толы сасық-күзендер, жылт-жылт етіп, тынымсыз шақалақтайды...
Бұл – оның қайбірде көрген түсі еді.
Ол көрген түстерін жадына тұтпайтын, жаңғыртып, әлектеніп жатпайтын. Сол түсі құрғыры... қатталынып қалыпты. Қаншама «түс – түлкінің б...» дегісі-ақ келгенімен, іштей боркеміктеніп, аласұрып, жайсызданып жүрді.
Ол, әрине, тағы-тағы талай-талай түстеріңізді түгендеп, келмеске аттандырып салған. Ал… мына бірі – өткен түнгісі жүрегіне жылы ұялап, жан сірін жіпсітіп, санасына жұп-жұмсақ жайғасқандай.
«Айда жүр. Анасы екеуі. Екеуі де шат! Алла нұрына шомылған Ай-ана да көңілді, ғажап!.. Данышпан, қарт Қаратауы – Өгізтауы да осында екен. Өгізтауы – бәз-баяғы, әкесінің әсерлі де әдемі әңгімелеріндегідей, ертегідегідей! Тартылған бал-бұлақтардың көздері ашылған; бұрқ-сарқ қайнап, тастан-тасқа тентектене шоршып, бұлтыңдап, бұлдыраңдай домалайды.
– Балам, есіңде ме «аспандағы айды әпер» дей беретінің? – Жып-жылы күлімсіреген сүттей аппақ анасы ғой. – Ия... апа! – Бұл да ұяңдана күліп, анасының ыстық құшағында мамырақан тербетіледі, бауырына емірене тығыла түседі. «Астапыралла! Мұнда қалай жеткен?» Жар салып, дәруіш жүр: – Патша түс көріпті, түсін дөп жорығанға ат басындай алтыны, ат-тоны, сый-сияпаты бар! Құрулы тұрған дардың да барын ұмытпаңдар!.. Бір үңгірден шыға келген жылан мұның жолын кес-кестеп: – Патшаның түсінде не көргенін айтсам, алтыныңды менімен бөлісер ме едің? – дейді. Бұл: – Рахым етіңіз... – дейді қашқақтап. Сол сәтінде жылан ақсақалды қария кейпіне еніп: – Мен Қызыр пайғамбар едім, ия, балам, өз бойыңның байлығы жетерлік екен, алдыңнан, алдарыңнан жарылқасын! – деп ғайып болды...»
* * *
Е-е-е!?. Соныменен...
* * *
Иә, соныменен, алаң жүректің аяңы алабұртқан желіске ауысқан, беймазаңқы, үшінші тәуліктің жүзі еді. Көктем де қотыраштанып, сепкен дән тырбықтанып, қылқынып, маусым айы бел ортасынан ауған, шілде кірер алапат оттың маздап тұрған кезі-тін. Тал түс. Әйелім түкпірдегі қараңғы бөлмеде тұмшаланып, мен ауызғы кіреберісте газет-журнал аударыстырып отырғанмын. Үйде – екеуміз, балалар оқуда, сыртта. Жалығып, пысынаңқырап та, «қой… жұрт қатарлы мызғып алайын», дедім.
Едендегі тақыр төсенішке қатты жастықтарымды умаждай сұлап, ұйқы шақырмаққа «Қазақ әдебиетін» қамыс кеміргендей қайтара-қайтара езбелеймін. Қараймын, кірпік айқасар түрі жоқ; қайта, жуалдыз тіреп қойғандай көздерімнің шақырайып кеткені.
Білмеймін… түлен түртті ме, әлдене, қараптан-қарап, еліріп, жоқ жерде желік жабысқандай. Шалқамнан жатқан күйі аяқ-қолдарымды аспанға көтеріп, үш-төрт мәрте серпіле әткеншек тептім де, ырғып тұрдым. Ойнақтаған кәрі түйедей қутың-қутың етемін. Мұздатқышқа жетіп барып, саусақтарымды қайшылай сұғып-ақ жіберіп… Ол райымнан тез қайттым. Графиндегі қайнаған жылымық судан лықылдата жұтып, қимас қу серігім сигарымды құлағыма қыстыра, тықырши тысқа ұмтылдым.
…Дала – өрт! Күн – шеңберінің шырқау шегінде – тастөбеңде шәңгекке ілінгендей салбырап, шақшиып, ақилана тоқтап қалған; құмға бөккен мәшиненің газ бергеніндей, лапылдаған жалынын ышқына үрлейді. Тұншыға шиқылдаған шөжелер, оқта-текте ызыңдаған шыбындар, зыңылдаған аралар, тосын ғырқылдаған алақанаттардан өзге тіршілік атаулының иісі сезілмейді. Көгеріс біткен қан-сөлсіз сазарып, демін ішіне тартқан. Әбден оңып, жидіп, үлбіреген шыт матадай өңсіз аспанда шоқып алар қылау көрінбейді. Үйдің алдындағы өрілген жүзімдердің көлеңкесі – ауасы құрғақ қарт та әз Қаратауымның етек баурайы... Шып-шып тершітіп, таңдай-танауыңды қуыра қақтайды. Әйтеуір, әзірге беймәлім бір өзгерістің нышаны байқалатындай ма? Әне-міне, тағатсыздана, уақыт-сәтін күтіп те тұрғандай ма?..
Тылсым тыныштықты қора жақтан қылқына қақылдаған – жүн-жұрқадан тап-таза, сып-сидаң мекиен тауықтардың іштеріндегі түр-тұрпатына қарамастан қағынған бірінің ащы үні қақ айырды. Оған үздіге қоқақтаған қотыраш қораз қосылды. Бүкшеңдей үйге сүңгіп, жинап қойған салқын судан құман толы алып шықтым. «Жандары бар ғой… обалдағы-ай!?» Темір тұмсықтарын бақаша керген тауықтардың бастары қылтылдап, тамақтары қылқ-қылқ етеді; сүп-сүйір сүйек тілдерін шошайтып алған. «Кім біледі... бәлкім, шыжыған күнде тар торда қапастанып, қорланып, бір замандардағы еркіндіктерін, кең жайылымдарын аңсауда, елегізуде де болар?..» Табан астында тауықтардың алдында қарабеттеніп, күнәһарланып қалсам да... пісуге шақ қалған жұқанақ жұмыртқаларын тергілеп, борша-боршам шығып, еңкектей көлеңкеме оралдым.
Тұшынбасам да, жүзімнің астында сигарымды сорғылап, серік етіп, көлік күткен көшер адамдаймын, «жол сауғалайтындаймын». Күзеу шаштарымның ара-арасынан жыбырлай жорғалаған жылғалар бет-аузымды айғыздай тілгілеп, желке-самайларымнан жылыстай мойныма құйылуда. Иегімнен тақыр жерге бырт-бырт үзілген моншақ тамшылар құмға сіңгендей… Бүкіл құрылысым көлшіктеніп кеткен. Бір сауаптысы, тер аққан сайын сарайларым ашылып, жеңіл тартып, әжептәуір адамға ұқсап-ақ қалғандаймын. Күннің аптабынан мүлдем бейқаммын. Ештеңеңнен тіптен бейхабардаймын, «құны көк тиын!»
Алапестенген төрт-бес жылдың қарасы жылыстап еді, кенеттен денсаулығымның қиюы қашып, төбемді қара бұлт торлағаны. «Сен тұр, мен атайын» ем-домшы керемет ағайындар «олай» деген, «бұлай» деген. Небір көңірсіген күндеріңіз, сан алуан алаң түндеріңіз өтті-ау, шіркін, бұйырған. «Үй күшік» те атандық. «Гүрілдек» едік – «шәуілдекке» де айналдық. Қырық кесілген жыланның кесірткелік қауқарын місе қылдық. Құдіретке «құлдық» айттық... Осы күндері өзім сезетіндеймін, аян сияқты: «Жайыма жүрмей ел-жұрттың ішіп-пышқанына дейін, бәрі, жалғыз маған ғана тіреліп тұрғанындай шаптыға беріппін, аспандағы аймен араздасыппын!» И-и-ия я я, күндіз өтірік көлгірсіп, түн баласы тынымсыз дөңбекши берсем керек, жүйке жұлмаланып, түтеленіп кетсе керек. «Эх! өтті-кетті… қайран күндер қайырылмастан, ендігісін алдан жарылқасын.»
…Бұл – «жүйрік ат, өткір пышақ, қыран құс, алғыр тазы» дегендеріңіздей жөнімен жығылатын жақсы әйелге, сенімді серікке ештеңе жетпейді екен ғой; әуелі Алла! – іш алалықтан ада, оны-мұныда шаруасы жоқ, маңдайыма біткен кешірімді де мейірімді кемпірімнің арқасында ғана аман қалғандаймын-ау, кеселдің бет-әлпеті оңғарылғандай-ау. Бейкүнә бейбақ таңертең кетеді жұмысына елпектеп, кешке келеді салпақтап, жалтақтап та келеді-ау: «Осы… қайтіп отыр екен, қас-қабағы қалай екен?» деп. Домаланып жүріп, іш қып-піш қып балаларын бағады; менің мардымсыз «жәрдемақым» не тұрады – мен де... «бір баласымын». Сөйте тұра, өткенді ысырып тастап, «қан ба, жын ба, аруақ па, әлдене», қоқиланып, ақиланып, ысқырынып шығатын ескі ғадет те қайта қылаң берген. Ондайда, әйелім баяғысынша үндемей құтылуға әрекеттенеді. Мен, жынданып: «Үнде!..» – ақ-қарасын ақтар, пәршекте, ұқ; үндемеген ішке бүгушілік, құдайсыздық» деймін бе, әйтеуір… селкілдеп шығамын ғой бұрынғымша. Сондағым: «ә-ә-ә… отағасы, сіздікінің бәрі кәміл көрінеді, жөн екен, ақылымның күйкентайлығынан менікі мүлт кетіпті» деген сияқты сұранып алардай сұйқылтым сөз-бейбақтарды есту ғана екен-дә, құрғыр. Ал, анығына келсек, құдайшылығын айтсақ, бұл: «таз ашуын тырнадан аладының» – өзіңді-өзің алдарқатудың нағыз бір порымы! – ақымақтығыңның да-ау. Бұған да мұндай құқайларыңызды қаласа да, қаламаса да қабылдар көнтері пенденің барлығына, мынау жалғанда шегінер соңғы соқыр қуысыңның қалғанына «мың да бір құлдық!..»
«Ғырқ-ғырқ» еткен алақанат өрік ағашқа құйыла сүңгіп, қанаттарымен жапырақтарды сатырлата сабалап, андағайлап өтті. Арғы жағынан шүйілген екіншісі де сөйтті. «Дауыстарын-ай... бәлелердің!» Жан ұшыра ғырқылдаған жексұрын алақанаттар осы тірліктерін бірнеше дүркін қайталаған. «Тегін емес?..» Еріккенге – ермек, желіккенге – себеп. Енді, бар зейінімді өрік ағашына аудардым. Мойынымды ыстанбауша созғылап, әрлі-берлі бұрағыштаймын. Алақанаттар тағы да бір мәрте шүйліккенде, дәу сары ала ұры мысық өрілген жүзімге секіріп түсті. «Ә-ә-ә, мықтым, сен екенсің ғой сойқақтап жүрген. Жетпей тұр ең?..»
Алақанаттар өрік ағашының бұтақтары жанасқан шатырдың қуысына ұя салса керек. Сары ала мысық та ауланың бұрышындағы алаботаның арасына балалаған. Екеулерінің де аңдығандары – ет, кей-кейде қарыз-парызға әкелген жарым-жарты жілік қызылыңды суы сорғысын деп жайып қойсаң, көзіңді ала бере, қаға жөнеледі. Әсіресе, алақанаттікі жойқын! Төрт көзіңді бақырайтып қойып-ақ жайпайды, түкті де талғамайды!.. «Сазайларыңды бір Алла бергір, бірің өліп, бірің қалмағыр, алапестер, жебірлер!»
…Жоқ-жерде өрік жегім кеп кетпесі ме. Жүзімдердің ту сыртында серейіп тұрған жалғыз түп сары өріктің қол жетерліктерінің жейтінін жеп, қайнататынын қайнатып, «қазанға» жақындап қалған. Қытық-желік, еліру есерсоқтыққа ұласқандай. Бір қарасам, өріктің түбінде тұрмын.
Сары өріктің басқа өрік ағаштарынан өзгешелігі, тек жемісінің ірілігінде емес, бұтақтары шаншыла, үкілене өседі, – сыпырғының басындай. Бұл бейбақ ағаш жастау, тәкаппар да еді. Бұжыр-бұжыр дің бұтақтарға алақандарымды желімдей жапсырып, жерден кеуделік тұстағы ашалардың біріне аяғымды лақтыра астым. «Әуп!» деп серпіле, ашаға шықтым. Тізелерім дыз-дыз еткендей. Осы мезетте барып толықтай түсініп-түйсінгендеймін – өзімнің не істемегімді? Мінез… үкілі үміт қалушы ма еді: «Ә-ә-ә… кәрі тарлан, баяғыда не құз-жартастарда арқардың құлжасынша қоқыраймап па ең?! Не нән ағаштарға «Тарзан» фильміндегі кейіпкер секілді өрмелемеп пе ең?! Соларыңды, – «жынды желге бағыштағандай», – асфальтта өніп-өскен бала-шағаңа, өткен-кеткенге жырлап та отырушы ең…».
Мен лыпып екі-үш бұтақ көтерілгенімде, жер мен екі аралықта көзге көрінбейтін бір қыл үзілгендей-ді. Енді тізелерім ғана емес, бүкіл денем дуылдап, шаптарымның аралығы дызылдап, төбе шаштарымның ақырайып сала бергені. Салмақсызданып, үлпек тисе ұшып-ақ кетердеймін… «Жорғалап қырат-қырқаларға, байпаңдап баспалдақтармен көп қабатты үйлерге, зырғып лифтімен «Қазақстан» қонақ үйінің 25-қабатына көтерілгенің түк те емес екен ғой. Қандай ғажап!.. Тәйірі, космостағы космонавтарыңның өздерінікі не? Олардың темір жұмыртқаға қамалып алып, қалқып қана жүргендіктері… Болып-толғандарды тіптен қойшы!?.»
Әрқайсысы баланың жұдырығындай, менмұндалаған сары өріктерге қол жеткізу үшін тағы жарым-жарты бұтақты табанға басу керек. Бір сәт күдікті ойлар арбап өткендей. «Жо-жоқ, ондай кәрі тарланың мен емес!..» Дегенмен, алғашында немқұрайлы сілтей салған «біссімілләмді» қайтадан байыбымен үш қайырып, жоғарыға қыран көздерімді қапысыз қададым: «Қай тұстан тиіссем екен?..» Ойпыр-ай! көк аспан қол созымдай-ақ, әттең, жарты шөкім бұлт жоқ, әйтпесе… умаждап-умаждап «үп!» дейтін.
Шаптарымның аралығының қайта зеңігенін жылдам қуып тастап, ыңылдай-ысқырына әуендетіп алып, бұтақтардың ыңғайлылау бірін діттедім.
Топ жұлдыздай шоғыр өрік көз үйіреді. «Дорба алмағанымды қарашы!? Ештеңе етпейді, көйлегімнің ішкі жағына жіберемін. Сөйтпеуші ме едік, баяғыда…». Осы қалпымда, мен, жерден мүлдем қияндап, оңаша, тамаша, басқа бір әлемде тұрғандаймын. «Ке-ре-мет!.. Аспан – алақаныңда. Тек… шақырайған күнге қолың батпайды-ақ».
…Мен, тіптен де өрік жегім кеп өліп бара жатқан жоқпын. «Мәре – пыртылдатып үзу-ау… әйтеуір.» Бір қолыммен жас бұтақты сығымдай қыса ұстап, екінші қолыммен қызғылт-сары алтын өріктерді көйлегімнің ішкі жағына сүңгіте бердім. Бір уақытта, қолымның ұшын ышқына соза бергенімде, ыстанбауымнан көйлегімнің етектерінің босап кеткені. Бір қолым бұтақта, бір қолымның ұшы өрікте, аяқтарымның ұштары да астымдағы балғын бұтаққа тиер-тимес, екі ортада қалт-құлт ілініп тұрған желбау денем аңдаусызда сатыр-сұтыр сабаланған жабайы дыбыстардан үркіп те кетіп – ұшқаным!..
«Шүкір!..» Бұл жағы да ескерілген ғой, денемді көкөніс өскен жұмсақ атыздарға лақтырып үлгеріппін. Ерте егілген, шөп басып, ұйысқан мамық помидорлардың үстіне құлаппын, – құшағына алыпты жарықтықтар. Тентек өрік ағашының қара беріш егеу қабықтары мен бұтақтарының пісте тікенектері үсті-басымды шиедей етіпті. Алла әбүйір беріп, беті-басым аман, сынған-шыққаннан да сау сияқтымын. Тек, іш-құрылысым… басқа бір белгісіз жақтарға қарай аунап, ауып та адасып та кеткендей ме? «Мейлі… ең бастысы – желбуаз іңкәр-көңіл жайында ғой!..»
«Құлай білу де – өнер!» Шүкір, тағы да. Кезінде самбоңызды да, басқаңызды да көргенбіз ғой, оның үстіне, жолай бұтақтарға соқтығысқан бар, бір-екеуін іле түскен бар… жамбасқа жайлырақ келсе керек. «Ә-ә-ә… жаман емес, кәрі тарлан! Құлаудың да құлауы бар. Осы күндергі қараптан-қарап ісініп-кепкен төбешік бермес жапалақтар құлап көрсінші! Сол құлағандарынан қайтып тұрмасын. Бейшара, бос-кеуделер! «Ұшпақ осы, болғанның жөні осылай» деп қалбаңдап жүргендері – қай жерде жалпаң етерлері, қарау қарындарының қан-жындары қалайша ақтарылары қаперлеріне де кірмей. «Боқ домалатқан – бес күндік қоңыз! Тіфәй, кәпір, беттеріңе!..»
…Іштен шыққан әйелім керіле-созыла есінеп, дүр сілкініп алып, шайтан жәшіктің тетігін басты. «Хабардың» 5-тегі жаңалықтары енді басталған екен. Бұл дегеніңіз: «екіндіге әлі ертерек, күн жарықтық – «сепкен адал дәнге де, арам шөпке де, жақсыға да жаманға да бірдей» – күшінде, қайнап тұр!» деген сөз. «Қайнай берсін… қайнай берсін! Біз де кем соғып жатқан жоқ-пы-е-е-зз! Сорлы емес-пе-е-е-зз!.. Құдай қаласа.»
Әйелім бипыңдай басып, мұздатқышқа барды. Есігін ашып, әрі-сәрі қарағыштап тұрды да... тарс жапты. Үстіндегі графиннен бокалға шорылдатты… Мен үндей қоймаған соң, өзі тіл қатты:
– Фу-у-у… ауа қалмапты ғой! Қайтіп жатырсың… бұрқыратып, көк түтінге оранып?!
Жақсы-жақсы түс-түлкішектер көріп, жайлы-жұмсақ тұрғаны, құлшынып тұрғаны айдан анық-ау – шымшым танауын шиырып, шалқалақтап, болып тұр. Жай, тегіннен-тегін, фасон қып қана емес, көзіңіз... әсіресе, ашқарақ та ынсапсыз бөгде көз оқыс бүлінерліктей-ақ жайрап тұр: қып-қызыл шәйі халатының алдын айқара аңқитып тастаған; ұзынша әдемі шашын көл-дария жайып жіберген; омырауы көрікше көтеріліп-басылып, бұлт-бұлт еткен ақ сазандай – балтыр-сандары лып-лып күміс жарқыл шашады; беттері алабұртып, көздері ойнаң-жайнаң қағады… «Ойда-жоқта, көпе-көрінеу, бірдемеден... дәмелі де ме өзі? Ой, кәззап-ой! – найсап-ой! Қоя тұр, сәл сабыр, қорықпа, пәлем – құр қалмайсың… құрғақ қалмайсың әлем.»
Мен ештеңе сезбегенсіп: – Ұнап жатыр… – дедім, сүлесоқ, әзіл-шыны аралас, «мені қашан байқар екенсің» дегендей.
Жарықшақ үнім сезік алдырды ма, жайрағырым – «келісті көркінен табанда айрылып қалып» – кәнігі барлаушыдай аяқтарының ұштарында сырғып келіп, ескі диванның шетіне, үйреншікті жайына жайғасты. Демін ішіне тарта, ұрлана, бет-пошымымды бірнеше қайтара сүзгілеп өтті де:
– Тыныштық па?.. – деді мүттәйімси, мина іздеген сапердай да аса бір сақтықпен.
– Жаман шалыңды космонавт болуымен құттықтап қойсаң қайтер-ді?!
Менің тарғылдана, дүңкілдей шыққан дауысым оның сезігін айғақтай түскендей. Бейкүнә бойжеткеннің әлпетіндей – беттерім де қалқып-көлкіп, алқызылдана жалаулатса керек. Енді ол, біршама аңырайып қалып барып, – жаңа әлгіде-ғанағы керемет күйімен біржолата қайыр-қоштасып, – арғы-бергіме кәдімгідей жанашырлық кейіппен шұқшия үңілді:
– Ауырғаннан саумысың? Сау жатыс па? Не боп қалды тағы да… табан астында?! Мынау не… жырым-жырымың шығыпты ғой!?
– Айттым ғой, – әзірге айдың бергі бетінен… барлап қана қайттым. Ел-жұрт орнында, есерлерге сабыр беріп, аманшылық боп жатса, арғы астын да адақтап, өзіне де қонақтармыз әлі. Көресің… қара да тұр!
Мен еріксіз, әртістене күлгенсігеніммен, аузымды толтыра тоқтықпен, байбатшалық кейіппен баяндадым-ау көрген-көсегендерімді, «ерен ерліктерімді».
Болған жайтқа қаныққан әйелім, ерте көктемгі дариядай жайылып, жайпап кеп берсін:
– Аурумын-аурумын деп әбден ерігіп біткенсің! Үйреніп алғансың дайынға! Жұмыс істесең көрер ем ағашқа өрмелегеніңді!? Күшіңді көрсетпейсің бе одан да… асып-тасып бара жатқан!? Елуге келгенде қай есіріс… естіген жұрт не дейді-ә, а-ә?!.
«Жә, жақсы болды, жеңілдеп, жұмсарып, босап қалатын болды бейбақ! Сонысы керек маған да, – біразға дейін құлағыма бейбітшілік орнап, тыныш жүретін. Әйтпесе... құлап жатып күлетін күлді-бадам жұртың-пұртың, қоқайың-ноқайың керек еді!? Тағы да, түкіргенім!..»
«Жо-жоқ!.. Құдай сақтасын, ондай көпшілікке күл шашарлықтай күпіршіліктен, тәкаппарлықтан. Қай нәрсенің де өз орны, шегі-шекарасы бар. Тәкаппарлық шегінен шыққанда кесірлікке, кісәпірлікке ұласады. Ол дегеніңіз, «Құдай емеспін» дегеніңізбен – қосақ қосушылықтың дәп өзі болып шығады. Мұның екінші аты – менмендік немесе өркөкіректік, сасықкөкіректік те. Міне... біздің көп ағайынның ауруы, болмағырлығы; елдің де кеселі, оңбағырлығы – осы. Адамзаттың басты қасіреттерінің бірі осы! Ал, менікі... «жалған құдайшылдарға – шын Құдайын көздеріне шұқып тұрып дәлелдеп көрсетейін!» деушіліктен ғана ғой...»
Мен, оқта-текте өкпе-бауырымның суыра солқылдатқанын, жауырынымның астының найзаша сүңгілеп, жүрегімнің тепсіне тепіректегенін елеп те, ескеріп те жатқан жоқ едім. Қайта, бұл мүшелерімнің – басқаларының да, тағы… нелерімнің де бар екендігіне, жалпы, ойда-жоқта өзіммен қайыра қауышқаныма қуанып, тіптен масайрап, телегей толайып та жаттым. Құдайдың кеңдігіне разыланып, құдіретінің шексіздігіне мың-сан құлдығымды бағыштап та білдіріп жаттым.
...Күн екіндіден әлдеқашан ауып қалғанымен, шілде кірер аптап шаптығып, әлі де от бүркіп тұрған-ды. Бірақ-та, қалай дегенмен де, со-о-о-нау шығыс тұстан, қарт та әз Қаратауымның төбесінен қылаң берген көңілді қоңырқаз бұлттар бірте-бірте тастүйінденіп, қанаттарын серпіп, осылай қарай шөліркеген егістік алқапты қарауылдай, асыға-аптыға, бүйректері бүлкілдей, суыт бет алып қалған мезгіл де еді.
Керемет бір шақ еді!..
Игілік ӘЙМЕН