Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада биыл ашылған №66 мектеп-лицейде болып, «Жас қыран» және «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының алғашқы мүшелерін қабылдауға арналған салтанатты шараға қатысты.
Жаратылыстану ғылымдарын тереңдетіп оқытатын мектеп-лицей халықтың көз қуанышына айналды. Бұл білім ұясы Есіл ауданына қарасты «Бәйтерек» монументі маңына орналасқан. «Алтын ХХІ» ЖШС салған мектеп биылғы жылдың 5 қаңтарында Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен ашылғанын да айта кетейін. Жобалық қуаты бойынша 1200 баланы қабылдай алатын лицей алдағы уақытта өз оқушыларын физика, математика, химия және биология пәндеріне тереңдетіп оқытпақ. Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты шара үздік оқушыларды «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына алғашқы мүшелер қабылдауымен маңызды болды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа жүйе құру керектігін айтқан. Осыған орай, еліміздегі жастар ұйымдары көшбасшыларының бастамасы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылған еді. Бұл жаңа тұрпатты жас қазақстандықты, ұлттың болашақ элитасын қалыптастыруға бағытталған балалар мен жасөспірімдер ұйымы болып табылады.
Бұл күні қала оқушылары бойынша іріктелген 150 үздік оқушы «Жас қыран» және «Жас ұлан» ұйымының мүшесі атанып, Президент Н.Назарбаевтың қолынан ұйымның туын қабылдап алды. Білім күнімен барша ұстаздар мен оқушыларды құттықтаған Елбасы Н.Назарбаев, биыл Қазақстанда оқушыларға 7441 мектептің есігі ашылады, 2,5 миллион бала мектепке барады. 20 жыл ішінде еліміз бойынша 780 мектеп салынды. 2020 жылға дейін тағы да 513 мектеп іске қосылады. Бүлдіршіндеріміздің 56 пайызы балабақшаға баратын болды. Жаратылыстану білімі Қазақстанға өте қажет. Ашылатын жаңалықтар да, ғылымның шыңы да дәл осы мамандықтардан шығуда. Қандай мамандықты таңдасаңыздар сол мамандықтың шыңына жететін болыңыздар, деді.
Салтанатты шара аяқталған соң, Елбасы мектеп ғимаратын аралады. Президент мектептің кіреберісінде орнатылған электронды өткізу жүйесімен танысып, сынып бөлмесіндегі үлкен экраннан оқу фильмін тамашалады. Информатика пәнінің мұғалімі мен оқушылар Президентке оқу үдерісінде жаңа инновациялық технологиялардың қолданылуы жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 4-сыныптың сабағына қатысты. Бұл мектепте 1 мен 10- сыныптар аралығында 1600 оқушы оқып, оларға 80 ұстаз сабақ береді. Жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер барлық оқытушы құрамның 55 пайызын құрайды. Оқушылар мен мұғалімдердің негізгі бөлігі №59 мектеп-лицейінен ауысып келген.
Жергілікті бюджеттен электронды қауіпсіздік жүйесіне электронды журнал, оқушының электронды күнделігі, мектепті әкімшілендіру және басқару бойынша электронды мәліметтер базасына қаражат бөлінген. Мектептің материалдық жабдықталуына келер болсақ, оқушылардың қауіпсіздік жүйесі, 4 информатика кабинеті, үлкен және шағын 2 спорт залы, футбол, волейбол-баскетбол алаңдары, оқу залымен қоса кітапхана, 560 орындық акт залы, сондай-ақ би залы бар.
Мектеп-лицейдің өзге мектептерден басты айырмашылығы ондағы электронды қауіпсіздік жүйесінің орнатылуында. Бұл жөнінде лицей директоры Айжан Шаяхметова аталған жүйе арқылы оқушы мектепке кірер кезде арнайы таңбаға саусағын тигізгенде арнайы құрал ашылып, оқушы ішке кіреді. Сабақ аяқталған кезде де осы үрдіс арқылы мектептен шығады, деді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.