Алматыда 1892 жылы француз архитекторы Поль Гурдэнің жобасы бойынша іргетасы қаланған тарихи ғимаратта Алматы қаласының жаңа музейі ашылды. Бөгенбай батыр көшесіндегі жүз жылдан аса тарихы бар көне ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, әрін-сәнін келтіріп, музей үшін сәтті таңдалғаны жәдігер жинақталатын орынның салтанатын асырып-ақ тұр. Музейдің ашылу рәсімінде қала әкімі Бауыржан Байбек шаһар өміріндегі мәдени оқиғаның маңызы туралы айта келіп: «Мемлекет басшысы атап өткендей, Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, еліміздің мәдени, ғылыми және туристік орталығы. Өскелең ұрпақ үшін бұл жаңа музейдің тәрбиелік маңызы өте зор. Жастарға заманауи мультимедиалық құрылғылармен жабдықталған Алматы музейінен барлық бағыттағы ақпараттарға толық жауап алу қызықты болады деп ойлаймын. Бұл музей алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналатынына сенемін», – деді.
Алматының жаңа музейі – Жетісу аймағының тарихи-мәдени мұрасын әр қырынан көрсететін ірі ғылыми әрі мәдени орталығына айналары сөзсіз. Музейде 40 мыңға жуық жәдігер жинақталған. Оның ішінде бейнелеу өнерінің, этнографияның, әр түрлі кезеңдер мен мәдениеттің туындылары мен құнды қазыналары бар. Жаңа музей осы саладағы технологияның кең мүмкіндігін танытады және қала тарихының барлық тараулары бойынша ақпараттық-бейнелеу материалдарына аса бай 11 залдан тұрады.
Алғашқы екі экспозицияның тақырыбы Ұлы Жібек жолы бойындағы әкімшілік билігі, қолөнері мен саудасы, мәдениеті мен идеологиясы бар қаланың орта ғасырға дейінгі үш мың жыл бұрынғы шағын елді мекен негізінде басталған урбанизация үдерісін қамтиды. «Қазақ мемлекеттілігінің бастауы» және «Жетісудың этнографиясы» залдары қазақтардың әскери өнерін, қазақ этнографиясының ерекшелігін, Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасу кезеңіндегі аймақтың тарихын ашып көрсетуге арналған.
ХІХ-ХХ ғасырдағы қаланың даму кезеңі «Алматы тарихының Верный кезеңі» деген залына жинақталған. Қызыл ағаш шеберлерінің қолынан шыққан жиһаз өнерінің сирек туындылары сол дәуірдің қайталанбас тынысын сездіріп тұр. Ал «ХХ ғасырдағы Алматы» залы Қазақ КСР-нің астанасы болған қаланың маңызды тарихынан сыр шертеді. Сондай-ақ, «Түркісіб», «Саяси репрессиялар», «Алматы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты бөлімдер еліміздің тарихындағы қасіретті жылдар туралы баяндайды. «Елбасы және Алматы» атты зал азаттықтың алтын бесігі болған Алматы қаласының саяси, мәдени, ғылыми, экономикалық орталығына айнала отырып, алып мегаполиске табан тірегенге дейінгі тарихын Елбасы еңбегімен байланыстыра отырып тарқатады.
Музейдің ашылу салтанатына қала басшылығы, ғылым және шығармашылық өкілдері, қаланың құрметті азаматтары мен ардагерлері, студент-жастар қатысты. Алматы қаласының музейі Бөгенбей батыр көшесі, 132-үйде орналасқан.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ