23 Желтоқсан, 2016

Өз ісінің шебері

537 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
pri_3993Ортопедия – адамның тірек, қозғалыс жүйелерін ретке келтіруді мақсат ететін медицинаның, соның ішінде хирургияның басты бір саласы. Мұның үш тармағы бар екен. Бұлар дене бітімінің кемістігінің алдын алу, емдеу және ота жасау болып табылады. Бүгінгі күні ортопедиялық-травмотологиялық са­ла адамдарға қызмет жасау бағы­ты­на қарай бет бұрып отыр. Осы орайда Орал қаласында жоғары санатты ортопед-травмотолог Асыл­бек Әлібеков өз шеберханасын ашты. Оған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау көрсетілді. Осы арқылы несиенің пайыздық мөлшерлемесі әжептәуір қысқар­тылды. Мұның септігі ғимарат алуға да тиіпті. Ал шеберхана үшін құрал-жабдықтар мен ем-шара жүргізуге қажетті қондырғылар жеке қа­ражатқа алынған. Жаңа кәсіп иесі өз қызметінің ерекшелігі туралы газет тілшісіне баяндап берді. Оның ұзын-ыр­ғасы қандай дегенге келсек, бүгінгі күні тұрғындар тарапынан ортопед-маманның қызметіне деген сұраныс арта түсіпті. Халықтан табан деформациясын түзету жөніндегі тілектер көбірек түседі екен. Әсіресе, өңірдегі жастар арасында майтабандылық дертінің жиі кездесуі ойландырмай қоймайды. Соның салдарынан Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге жарамсыздар саны өсіп келеді. «Оны емдеу мен алдын алудың тәсілдері жеткілікті. Біз оны қажеттілікке қарай қолданамыз», дейді ортопед-травматолог Асылбек Әлібекұлы. Жалпы, жалпақ табанды адам жүрген кезде тез шаршайды. Қозғалған кезде балтыры, табаны мен белі сырқырап қоя береді. Мұның бәрі табандағы өзгерістердің әсері.  Емделмей жүре берсе, бұл тізе мен жамбас буындарының, сонымен бірге омыртқа сүйектерінің өзгерісіне соқтырады екен. Маманның айтуынша, табан сүйектері дененің бүкіл салмағын көтереді. Бұл ретте аяқ киімнің үлкен мәні бар екенін екінің бірі біле бермейді. Мысалы, үнемі биік өкшелі аяқ киім киіп жүрген жағдайда табан сүйегі бұл ауыртпалықты көтере алмай, өзгеріске ұшырайтын көрінеді. Сондықтан, ата-аналар балаларының қандай аяқ киім киетініне көңіл аудармаса, кейін өкінішке тап болуы мүмкін. А.Әлібеков кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отырады. Ол кейінгі кезде өзінің біліктілігін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, Ресей мен Польшаның іргелі ғылыми-медициналық орталық­тарында көтеріп келеді. Соның нәтижесінде, ол өңірдегі тірек-қозға­лыс жүйелерін емдейтін бірегей маманға айналған. Оның шебер­ханасындағы ота жасайтын орынның барлық талаптарға сай екені де сүйсіндірмей қоймайды. Мұнда ота жасау түрлері де жетілдіріле түсуде. Ортопед ұсынып отырған қызмет өрісі тек ота жасаумен шектел­мейді. Сонымен бірге, Асыл­бектің шеберханасы арқылы ақылы дәрігерлік кеңестер беріледі, ком­пью­терлік диагностика жасалады. Қазіргі таңда ортопедиялық тауарларға деген сұраныстар да өсе түсуде. А.Әлібеков тұрғындардың бұл қажеттіліктерін өтеуге де уақыт тауып жүр. Біз жоғарыда бүгінгі кейіпкеріміздің ой-пікіріне сүйене отырып, тірек-қозғалыс жүйесіндегі дерттердің бірқатары жайсыз аяқ киім кигеннен пайда болатынын айтқан едік. Осы тұрғыда білікті маманның лайықты әрі ыңғайлы аяқ киімді тиісті жерлерден іздеп тауып, өз клиенттеріне ұсынуы да оның бүгінгі қызметінің тағы бір ерекшелігін танытқандай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ