23 Желтоқсан, 2016

Бір күн Ұлттық ұлан сапында

210 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
14753440_1144722835576085_5449311478043466067_oӨскемен қаласындағы республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бір күнін Ұлттық ұлан сапында өткізді. Олар қайнаған әскери өмірдің тынысын сезініп, ел қауіпсіздігі жолындағы тынымсыз тірлігіне куә болып қайтты. Әрі өздері де қаламдарын қаруға алмастырып, жауынгерлік дайындықтан өтті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған бұл шара ел Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығына орайластырылған. Басты мақсат – жергілікті БАҚ өкілдеріне Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығындағы жауынгерлік дай­ын­дық пен ұрыстық әлеуетімен таныс­ты­рып, бұқаралық ақпарат құрал­дарымен байланысты нығайту. Таңғы 8:00-де өңірлік қолбасшылықта жиналған журналистер үстеріндегі жеңіл киімдерін әскери киімге ауыс­тырып, бірден плацта сапқа тізілді. Әлбетте, әскери киімнің бәріне шақ келе қоймағаны рас. Өйткені, кей нәзік жанды журналистердің бойлары белгіленген әскери талапқа сай емес. Біріне етігі үлкен болса, біріне шалбары шақ келмей жатты. Десе де, барымен базар қылған қаламды қаруластар бір күндік жауынгерлік тапсырмаларды абыроймен орындауға мықтап бекінді. Командирлік жауапкершілікті өзіне жүктеген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыстар жөніндегі орынбасары, пол­ковник Рашид Ахмеджанов бір күндік әскер қатарына қабылданған жас сар­баздарға оқу-жаттығу алаңында қару­мен оқ ату барысындағы қауіпсіздік ереже­лерін жіті түсіндірді. Бұдан кейін темірдей тәртіпке бағынған журналистер әскери көлікпен Өскемен гарнизонының оқу-жаттығу алаңына аттанды. Бұл күні ауа райы қолайлы бола қойған жоқ. Таулы аймақтың ызғары есіп, түнімен толассыз жауған омбы қар аяққа құрсау болғанымен, бір сағат бұрын қымсына қабылдаған әскери киімнің қадірін «жас сарбаздар» бірден түсінді. Көліктен түсе сала, сапқа тізілген журналист-жауынгерлерге берілген алғашқы тапсырма – биік жотада орналасқан ату алаңына саппен жылдам жүгіре жету. Бетті шалған үскірік аяз бен аяқты тір­секке дейін көмкерген омбы қар командир бұйрығына тосқауыл бола алмады. Осы тұста шараның басты кейіпкерлері Ұлттық ұлан жауынгеріне қойылатын басты талап – дене дайындығының мықты болуы керектігін аңғарды. Ату-жаттығу алаңында қолға бірден қару ұстатпас бұрын, әуелде сол қаруды қалай ұстап, қалай оқтау керектігі үйретілді. Аз уақытта қарудың қыр-сырын меңгерген журналистер автоматты шашып, қайта құраудан жылдамдыққа жарысты. Әбден қаруға қол үйренгеннен кейін, нысананы көздеуде мергендіктерін сынады. Ақпарат майданында қаламдары төселген тілшілер, кез келген жан көре білмейтін ерекше құбылыстарды камера объективімен сезетін телеоператорлар, фототілшілер өздерінен мықты жауынгер шығатынын әп-сәтте дәлелдеді. Жаттығу барысында БАҚ өкілдеріне «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы қару-жарақтың түр-түрі таныстырылды. Күші тіпті, брондалған техниканы талқандауға жететін арнайы мақсатта қолданылатын ірі калибрлі винтовкалар журналистер қауымын тамсандырмай қоймады. Шара барысында полковник Рашид Ахмеджанов тілшілер қауымына Ұлт­тық ұланның ішкі қауіпсіздікті қор­ғаудағы алар орны мен бүгінгі күн­ге дейінгі жеткен жетістіктері жайлы баяндады. – Тәуелсіздік жылдарында елдің қорғаныс саласы талай жетістіктерімен мақтана алады. Әскери әлеуеттің жоғары деңгейі – ел тыныштығының кепілі. Сайдың тасындай сарбаздар кез келген жағдайға сақадай-сай. Біздегі техника мен қа­ру-жарақтың түрлерін өздеріңіз көр­діңіздер. Өзімізге жүктелген тапсырмаларды 25 жыл көлемінде абыроймен атқарып келеміз. Біздің бөлімше сонау Тәжікстан еліне де көмек қолын созып, «сарбаз» деген атқа күні бүгінге дейін лайықты еңбек етіп келеді, – дейді ол. Өздерін жауынгер ретінде сезініп, мүмкіндіктерін сынап көрген журналис­тер әскери өмірдің ғана емес, сарбаз­дарға арналған ботқаның да дәмін татты. Кез келген жағдайда, қандай ауа райын­да болмасын елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғайтын жауынгерлердің қырағылығы мен төзімділігі абы­ройға лайықты екеніне көз жеткізді. Тілшілер қауымы бір күн болса да осынау қатаң режімнің қыр-сырынан хабардар болып, әскери өмірдің қиындығын тереңірек түсінді. Енді алдағы көктем айларында журналистер арасында тактикалық оқу-жаттығулардан жарыс ұйымдастыру көзделіп отыр. Бағдат АМАНГЕЛДІ, қатардағы жауынгер ӨСКЕМЕН 14859799_1144723018909400_118195974433142990_o 14876630_1144722502242785_9063707733929736002_o