23 Желтоқсан, 2016

Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойы түйінделді

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тарих жылнамасына қарай жылжып бара жатқан 2016 жыл – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен Жүсіп Баласағұн жылы болып жа­рияланғаны белгілі. Бұған дейін Түркияда, Әзербайжанда, Қыр­ғызстанда, Түрікменстанда, Ре­сейде ұйымдастырылған ғұ­ламаның 1000 жылдық мерейтойы  кеше Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жүсіп Баласағұн: гуманизм педагогикасының қайнарлары және қазіргі заман» тақырыбымен түйінделіп, ұлы ғұламаның ең­бектерін зерттеуші отандық және шетелдік ғалымдардың басын қосқан халықаралық дөңгелек үстел осы жылдың қорытынды жиы­ны іспетті өтті. Түркі ойшылы Жүсіп Бала­сағұнның гуманистік идеялары негізінде рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруды діттеген халықаралық дөңгелек үстелде белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов ежелден өмір сүріп келе жатқан ізгілік қағидасын Жүсіп Баласағұн мұраларымен байланыс­тырып, қатпарлы, терең ойларын «Мемлекеттен бастап кез келген мекемені ізгілікті адам ғана басқаруы керек» деген қарапайым оймен түйіндеді. Тарихшы ғалым Мәмбет Қой­гелді Баласағұнның мұрасын насихаттауға байланысты тиісті орындарға бірнеше рет хат жаз­ғанын, Жүсіп Баласағұнның атына көше беру, ұлы ойшылдың атымен жоғары оқу орындарының бірін атау, оған ескерткіш орнату секілді игілікті істердің атқарылуы қажеттілігіне назар аудартты. Жүсіп Баласағұн секілді тарихи тұлғаны бүгінгі күні әркім өз топырағына тартып, өз еліне еншілеп алғысы келетін пиғыл байқатады. Қырғыз халқы басы бүтін өзіне меншіктесе, қазақтар да қалыспай, Тараз топырағына теліп қоятыны бар. Ал Баласағұн секілді тұлғалар «туған жер» деген тар түсінікке сыймайды, адамзаттың ой-санасының дамуы­на үлкен үлес қосқан данышпан даралығы арқылы өзін қастерлеген елдің бәріне ортақ өмір сүре береді. Дөңгелек үстелге қатысқан Түр­кия, Ресей, Беларусь және Қазақ­стан­ның ғалымдары Қараханид дәуірінің ұлы ойшылы және түркі тіліндегі «Құтты білік» дастанының авторы Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойында атқа­рыл­ған шаруаларды түйіндей келе, өз ұсыныстарын білдірді: жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру мақсатында түр­кі ғұлама ойшыл­дарының фило­софиялық, тарихи, педагогикалық, психологиялық мұрасын насихаттау. Халықаралық дөңгелек үстелді қорытындылап, атқарылған шара­ларға атсалысқаны үшін баршасына алғысын білдірген ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйы­мының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Серік Пірәлиевке, шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәліге ұйым атынан та­ғайындалған халықаралық Жү­сіп Баласағұн атындағы медальды табыс етті. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ