23 Желтоқсан, 2016

Қаржыландырудан қайтарым күтіледі

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың қазан айында Мәжілістегі ҚКХП-ның депутаттары фракция мүшесі Айқын Қоңыров дайындаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына жолданған сауалға қол қойған еді. Сауалдың қысқаша мазмұны мынадай: Ипотекалық борышкерлер­дің проблемаларын шешу үшін Елбасының тапсырмасымен әзірленген 2015 жылдың сәуір айындағы қарызды қайта есептеу бағдарламасына сәйкес «Про­блемалы кредиттер қоры» АҚ екінші деңгейлі банктерге 130 млрд теңге бөлгені айтылып, ол 2004 жылдың 1 қаңтары мен 2009 жылдың 31 желтоқсаны ара­лығында қарыз алғандардың борышын қайта есептеуге жұм­салуы керектігі көрсетілген еді. Халықтық коммунистер осы бағ­дарламаға 2009 жылдан кейін несие алғандар неге кіргізіл­меді, доллардың бағамы өзгеруінен жапа шеккендер 2014 жылы да болды ғой. Олар неге бұл бағдар­ламада қамтылмады? Сонымен бірге, қаражат қай банктерге қан­ша көлемде берілді, қайта есептеуге неге барлық банк қатыс­ты­рылмады, ал берілген қаражат­ты мақсатсыз шығындарға жұм­саған­дар болды ма және қайта есептеу нақты қанша борышкерді қамтыды деген сұрақтар қойылған-тын. Осы сауалға Ұлттық банк төрағасынан төмендегідей жауап келді: «2015 жылғы 24 сәуірде Ұлт­тық банк 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ғана беріл­ген ипотекалық қарыздарды қай­та қаржыландыруды көздей­тін бағдарламаны бекітті. Бағ­дар­­ламаны әзірлеу шеңберін­де Ұлт­тық банк жанынан ведом­ст­во­ара­лық жұмыс тобы құрыл­ды, оның құрамына мүдделі мем­лекеттік органдардан басқа, Қазақ­­станның «Ақ жол» демо­кра­­тия­лық партиясының, Қазақ­стан­ның Коммунистік халық пар­тиясының және ипотека­лық қарыз алушылардың мүддесін білдіретін қоғамдық бірлестіктердің өкіл­дері кірді. Бағдарламаның негіз­гі өлшемшарттары осы жұ­­мыс то­бында, оның ішінде қай­та қар­­жыландыруға жататын қа­рыз­дарды беру кезеңінде пыс­ықталды. Ипотекалық тұрғын үй қарыз­дары бойынша мерзімі өткен берешек жөніндегі және мемлекет­тің қаржылық мүмкіндіктері (130 млрд теңге) статистикасы де­рек­терінің негізінде 2004-2009 жылдар аралығындағы кезең айқындалды. Қарыздарды өтеу кезеңін айқындау кезінде Ұлттық банктің бұрынғы басшылығы нақты қандай өлшемшарттарды басшылыққа алғанын айқындау қазіргі уақытта мүмкін емес. Бағ­дар­лама тәсілінің қарыз беру мерзіміне қарай біртекті бол­мауын мойындасақ, қазіргі уақыт­та бағдарламаны іске асыру­ға бөлін­ген қаражаттың шек­теулі болуына байланысты басқа кезең­­­дерде берілген қарыз­дар­ды қамтуға мүмкіндігі жоқ. Қарыз алушылардың қам­тылуын ұл­ғай­туды немесе өзге өлшем­шарт­тар­ды кеңейтуді көздейтін кез келген өзгеріс мемлекет тарапынан қо­­сым­ша қаражатты талап етеді. Қазіргі кезде қаражат 15 екін­ші деңгейлі банкке және 3 ипо­текалық ұйымға бөлінді. Бағдарламаға 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде бе­ріл­ген, 2015 жылғы 1 қаңтар­дағы жағдай бойынша 36,5 млн теңгеден аспайтын сомада берешегі қалған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бар барлық банк енгізілді. Ұлттық банк «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ-пен бірлесіп, «Қазақстанның халық банкі» АҚ-қа, «ForteBank» АҚ-қа және «Цеснабанк» АҚ-қа бағдарламаның талаптарын сақтауы мәселелері бойынша тексеру жүргізді. Қазіргі кезде «АТФ Банк» АҚ-ты тексеру жүзеге асырылуда. Тексерулердің нәтижелері бойынша банктердің бағдар­лама талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда айыппұл санкцияларын қолдану туралы мәселе қаралады. Ал бағдарлама шегінде 25 000 қарызды қайта қаржыландыру болжамдалады. Қаражатты игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қар­жы­ландырылған қарыздардың саны шамамен 41 000 болуы мүмкін, оның ішінде 12 000-ға жуығы ХӘОТ-тің қарызы. 2016 жылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша Бағдарламаны қолдануды өтінген 25 мыңнан астам өтініш банктерге (ипоте­ка­лық ұйымдарға) берілді. 19 069 өтінішке қатысты 115,7 млрд теңге сомаға қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданды, 16 721 өтініш бойынша жалпы сомасы 91,9 млрд теңгеге немесе бөлінген қаражаттан 70,7%-ға қарыздар қайта қаржыландырылды. 2016 жылдың басынан бастап Ұлттық банкке азаматтардың қарыз­дарды бағдарлама талаптары­мен қайта қаржыландыруға көмек көрсету туралы 3 000 өті­ніш түсті» делініп, қосымшада 130 млрд теңгенің қандай екінші дәрежелі банктерге қанша көлем­де берілгені көрсетілген. Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»