Алматы облысының Балқаш ауданындағы Іле өзені сағасында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғат резерватын құру бүгінгі күнгі маңызды міндет. Іле өзенінің сағасы – Орталық Азиядағы ең үлкен сағалардың бірі. Оның флорасы 427 түрден тұрады, 37-сі өсімдіктердің сирек кездесетін түрлеріне жатады. Ал 7-уі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Осында 53 мекендіге жататын 284 түрлі құс мекендейді. Оның да 33-і «Қызыл кітапта» тұр.
Осы аймақтағы жануарлар әлемі де өзінің байлығымен дараланған. Мұнда қарақұйрық сияқты өте сирек кездесетін жануар да бар. Өткен ғасырдың ортасында Балқаштың сәні болған Тұран жолбарысы құрып кетті.
Рамсар конвенциясы бойынша Іле өзені сағасының су-батпағында өсетін шалғындары жаһандық маңызы бар өсімдіктердің тізіміне енгізілген. Іле-Балқаш бассейнінде шаруашылық істер қызу жүргізіле бастаған сәттен экожүйенің табиғи режімі бұзылды. Соның ішінде Балқаш көлінің гидрологиялық режімі де бар. Егер Іле өзенінің сағасы табиғи реттегіш ретінде тазартып тұрмағанда, көлдің гидрологиялық режімінің бұзылуы қазіргіден де көп болатын еді. Балқашқа ағатын түрлі зиянкестерді ол сорғыш құсап өзінің бойына сіңіріп алады. Одан өз бойындағы экожүйені бүлдіріп отырғанымен, әйтеуір экологиялық және әлеуметтік-экономикалық зардаптарды болдырмайды.
Қазір Іле сағасындағы 16 көлдің 5-уі ғана қалған. Осында мекендейтін жабайы аңдар мен құстар қоректенетін асыл шөптер құрып бара жатыр. Қыстың қарынан пайда болып, Қапшағайдан құйылатын ағын судан құстардың ұялары мен басқа да су жануарларының мекендері талқандалып қалған.
Бұған қоса, браконьерлік аңшылық пен балықшылықтың кесірінен, сексеуілдерді заңсыз шабудан, жиі болып тұратын өрттерден, суда жүретін құстардың балықшылардың ауларына түсіп қырылуларынан, оның үстіне, адамдардың тәртіпсіз демалыс орындарын жасап, артынан қоқыстарын шашып кететіндігінен Іле сағасының экожүйесі мен биологиялық айрықша қалпы жылдан-жылға жұтап барады.
Халықаралық және отандық тәжірибелерге қарағанда, ірі өзендердің сағалары бүкіл әлемде айрықша күзетпен қамтамасыз етілген. Мысал үшін алыс шетелдерге бармай-ақ, Ресейдегі Волга өзені сағасындағы Астрахань қорығын айтуға болады. Сондай-ақ, Лена өзені сағасындағы «Лена-Дельта» биосфералық резерватын айтуға болады. Тіпті, өзіміздің Жайық өзенінің сағасындағы «Ақжайық» табиғи резерватындағы жағдай да Ілемен салыстырғанда айтарлықтай жақсы.
Іле өзенінің сағасына «Іле-Балқаш» табиғи резерватын құруды бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Жасыл даму» (2010-2014 жылдар) бағдарламасының шеңберінде қолға алған еді. 415 мың гектарды құрайтын «Іле-Балқаш» мемлекеттік резерватын құруға қажетті құжаттар толығымен әзірленіп, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған. Алматы облыстық әкімдігі оған қажетті жер аумағын белгілеген. Осы жұмыстарға бюджеттің 10 млн теңгесімен қоса, БҰҰ Даму бағдарламасының 417 млн теңгелік гранттық қаражаты жұмсалған. Осынша қаржы мен күш-жігер жұмсалған жобаны аяқсыз қалдырмау үшін мен жуырда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені шешуді Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017 жылғы жұмыс жоспарына енгізуді өтіндім. Менің сауалымды бірнеше әріптесім қолдап, өздерінің қолдарын қойды. Мәселенің оң шешілуінен үміттіміз.
Аңсар МҰСАХАНОВ,
Сенат депутаты