Ойдағымыз орындалды, еңсеміз тіктелді
Әлі талай белестерге шығамыз
Астанада өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға Сыр өңірінен барып, Мемлекет басшысының қатысуымен болған шараның куәсі болдық. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағына көз жүгіртіп, алдағы 2050 жылдағы елдің жағдайын суреттеп берді. Рас, ол уақытқа дейін әлі талай оқиғалар болары сөзсіз. Дегенмен, 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Елбасы мемлекетімізде орта санаттағы азаматтардың саны басым болатынын мәлімдеді. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясында тиісті жағдайлар жасалуда. Ұлттық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқасында дами түседі. Мемлекет басшысының болжамынша, оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда 120 мың долларға өсетін болады. Сонымен бірге инновациялық даму моделіне көшетінімізді де айтты. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бес жылында 300-ден астам жаңа кәсіпорын салынатынын жеткізді. Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасыры Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі екенін айтты. Жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырғанын және ол бақытты буын біздер екенімізді мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәнін тұтас ғасырға теңеді. «Былтыр біз ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болып еді. Жердің шетіне қада қағып, мөр басып, атақонысын біржолата иемдене алмады. Сан мыңдаған жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қолынан келгенше қорғады. Бірақ, дәуірдің барлық дауылынан қайыспай төтеп берді. Бұл біздің халқымыздың Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, тұңғыш рет жаңа заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз осы», деді Президент. Жалпы, салтанатты жиыннан алған әсеріміз зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктер толағай. Біздің Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлі де талай белестерге шығатынымыз айқын. Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысыТұғырымыз берік, мәртебеміз биік
Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынды бәріміз демімізді ішке тартып отырып көріп шықтық. Онда Нұрсұлтан Назарбаев егемендікке ен салған ширек ғасырлық уақыт аралығында біздің асқан асуларымыз мен бағындырған белестерімізді бір шолып өтті. Расында да біз осынау 25 жылда дала мен қаланы қатар гүлдендірген қуатты мемлекетке, салиқалы саясатын жүргізген ұлағатты ұлтқа айналып үлгердік. Осы мерзімнің межесінде шекарасын шегендеп алған мығым мемлекет дәрежесіне жеттік. Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ең үлкен жеңісіміз – Қазақстан әлем үшін тұрақты мемлекет болып қалыптасты. Соның арқасында қазірге дейін республика өнеркәсібі мен өндірісіне 265 млрд доллар инвестиция құйылған. Елдің әлеуметтік әлеуеті артты. Бұдан 20 жыл бұрын елдегі кедейлік деңгейі 36 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 12 есеге азайды. Егемен елдің еңсесі биік, жүзі жарқын, адымы қарышты, жұлдызы жоғары бола бермегін тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылда түгел айқын сезініп келеміз. Мұнда дара да сара басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін салтанатты жиында сөз алған толымды тұлғалардың барлығы да айтып шықты. Тәуелсіздік жылдарында біздің қол жеткізген ең ірі табыстарымыздың қатарында қазіргі заман талабына сай жаңғырту жүргізілген білім және ғылым саласы да бар. Оқуды инемен құдық қазғандай деп түсінген халқымыз білімнің – шырақ, ілімнің пырақ екенін де өте жақсы пайымдай білген. Сондықтан да бабаларымыздың «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деп айтып кеткен қағидалы нақыл сөзі біздің бүгінгі егемендіктің ертеңін ересен етпек болып жатқан мақсат-мүддеміздің басты бағдар-бағытының біріне айналып отыр. Президенттің көшелі көрегендігінің арқасында республикада білім саласын кешенді реформалау ісі бірден қолға алынды. Отандық білім беру жүйесі әуел бастан елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыртылуына қызмет етуге тиіс болды. Сөйтіп, еліміздің білім саласындағы мемлекеттік саясаты 1991 жылы заңнамалық базаларды реформалау бағытында жүзеге аса бастады. Ал еліміздегі білім саласын жеделдете реформалау 1995 жылдан арна тартты. Президент бастамасымен елде «Болашақ» атты ерекше мазмұнды бағдарлама қолға алынып, өзінің алдына қойылған мақсатын жүзеге асыру жолында жұмыс жасап жатыр. Бұдан басқа, «Назарбаев Университет», Назарбаев зияткерлік мектептерінің кең тараған желісі құрылуы білімге құштар оқушылар қатарының күрт көбеюіне үлкен серпін берді. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды. Қазіргі таңда Қазақстанның ересек адамдары сауаттылық деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімінің алғашқы үштен біріне кіріп отырғанында да осы атқарылған жаңғыртулардың ерекше үлесі бар. Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, профессор АЛМАТЫБарлық ұлттың басын біріктірген елміз
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астананың Тәуелсіздік сарайында өткен республикалық салтанатты жиынның берер тағылымы мол болды деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық», дей келе, елдің дамуында бірлік пен ынтымақтың маңызы өте зор болғанын тағы да бір атап өтті. Шынында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің мызғымас бірлігі мен ынтымағын cақтап, нығайту мәселесінде ТМД елдерінде, тіпті әлемде еш теңдесі, баламасы жоқ бірегей қоғамдық институт ретінде қалыптасып, даму үстінде. Елімізде, оның ішінде өңірімізде бір шаңырақ астына ұйысқан 80-ге жуық ұлттың өкілі бүгінде көптеген игі шараларды «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара», айрықша ауызбіршілікпен, тату келісім жағдайында жұмыла атқарады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың дәйектілікпен жүзеге асырылуы ісінде де Ассамблеяның алар орны ерекше. Өңіріміздегі 20-дан астам облыстық этнобірлестік пен аудандық мәдени-ұлттық орталықтардың ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді сақтап, нығайтуға байланысты әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына тұрақты атсалысатындары да аз емес. Биыл облыс орталығынан өркениеттілік талаптарға жауап берерлік заманауи келбет-айшыққа ие жаңа Достық үйі ғимаратының пайдалануға берілуі Ассамблея мен оның құрамындағы этнобірлестіктер мүшелерін айрықша қуанышқа кенелткенін де атап өтуге тиіспіз. Биылғы жыл мерекелі һәм берекелі жыл болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай жыл басынан бастап, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 60-қа жуық мәдени-көпшілік шаралар өткізілсе, одан кейінгі айларда бұл көрсеткіш еселеп артты. Онда қолөнер шеберлерінің көрмесі мен концерттік бағдарламалардан бастап, кең ауқымды қайырымдылық шараларына дейін қамтылды. Мысалы, «Ақ желкен» жастар лигасы аға ұрпаққа құрмет көрсетумен бірге бүгінгі жас ұрпақты патриоттылыққа тәрбиелеп, баулыса, «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық компаниясы аудандарға арнайы сапарлар ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуда. Қалай айтсақ та, күллі адамзаттың тарихындағы талай-талай ұлы оқиғалардың куәсі болған Қазақстан жыл өткен сайын дамып, барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Маржан ҚОЖАЕВА, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі ТАРАЗ