23 Желтоқсан, 2016

Қуатты Қазақстан – баянды болашақ

341 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

mangilik-el Ойдағымыз орындалды, еңсеміз тіктелді

Менің саналы ғұмырымның біраз бөлігі мемлекеттік басқару органдарында өтті. Облыстық атқару комитетінің төрағасы болған кезімде мұнайлы Атыраудың әр саласын, әр ауданы мен әр ауылын дамыту, өркендету үшін еңбектендік. Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланғанда да өңірдің проблемасына Үкіметтің, тиісті министрліктердің назарын аударуға тура келді. Өңір­дің өркендеуіне қатысты кейбір мәселелермен кезінде Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де ортақ мүдде тұрғысында пікірлес болып едік. Ол сол кездің өзінде әр облыстың проблемаларын жетік білетінін аңғартушы еді. Жас жігіттің жанарындағы жалындаған отты, елге, туған жерге жанашырлығын, отаншылдық сезімін көріп, қызметіне сырттай тілеулестік танытып жүрдік. Ал еліміз тәуелсіздігін алған тұстағы эконо­ми­калық, әлеуметтік ахуалымыз соншалықты мәз емес еді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда елімізде алғаш рет президенттік сайлау өт­кізілгені де әлі есімде. Қазақстанның мемлекет басшысын таңдауға сенім білдірген ең тұңғыш сайлауға әркім мемлекеттің тізгінін елдің келешегін ойлайтын, ұлттық мүддені көздейтін басшыға тапсырсақ деген үмітпен келді. Республика халқы сол сәтте елге тұтқа болатын бірден-бір үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Сол күнгі сайлауда дауыс беруге асыққан жұрттың көптігін әлі ұмытқан жоқпын. Мен де алғашқылардың қатарында сайлау учаскесіне ертелетіп барып, өз дауысымды Нұрсұлтан Әбішұлына берген едім. Мен секілді оған сенім білдіргендер де көп еді. Елдің сол кездегі үміті де, сенімі де бұл күндері өзінің жемісін берді. Тәуелсіздікті аңсаған ел-жұрт Тұңғыш Президентіне алғаш сенім білдірген соң 15 күн өткенде еліміз дербестігін алып, тәуелсіз Қазақстан атанды. Бірақ елдің тұралаған салаларына еңсе тіктету оңай емес еді. Осынау қиын кезеңде елі сенген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев реформаларды жедел жүргізіп, шетелден инвестиция тартуға қадам жасады. Өзіне сенім білдірген халықтың үмітін ақтауға ұмтылды. Содан бергі 25 жылда Қазақстан әлемдегі қуатты елдердің қатарына енді. Экономиканың әр саласы сауықты, ауылдарымыз еңсе тіктеді. Тұрмыс түзелді. Әр жылымыз тарихқа, мәдениетке, тіпті ауылға арналып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық істер атқарылды. Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Осынау табысты, мерейлі мереке қар­саңында «Ешкім де біз үшін Қазақстанды қайта жаңғыртпайды, ол үшін әлемдік қоғамдастықта орын алуға қол жеткізбейді, біздің өміріміздің стандарттарын көтермейді», деп Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаңында айтқанын бекерден-бекер еске алған жоқ. Сөз мәнін ұғына алатындарға мұның астарында үлкен мағына бар. Ол – елдің бірлігі мен ынтымағы. Ол –  жеңісті, жемісті биікке жету үшін талмай еңбектену. Ол – Қазақ елін тек өзіміз ғана көркейте, өркендете алатынымыз. Ол – Елбасына тіреу болып, айналасына топтаса білу. Ойға алған осы мақсатымыз орындалды, нәтижесі –  Қазақстанды жаһан жұрты таныды. Еркін елдің еңселі елордасы – Астанамыз бой көтерді. Индустриялық-инновациялық жобалар іске асып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның экономикасы өркендеді, қазақтың өркені жайылды. Елге құт дарыды, берекеміз тасыды. Осының бәрі – Елбасының ерен еңбегінің жемісі! Алда да осы бағыттан таймай, бірлігіміз нығайып, Қазақстанымыздың қуаты арта берсін!  Есен ТАСҚЫНБАЕВ,  Атырау облысының құрметті азаматы

Әлі талай белестерге шығамыз

Астанада өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған салтанатты жиынға Сыр өңірінен барып, Мемлекет басшысының қаты­суымен болған шараның куәсі болдық. Жиын­да Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бола­шағына көз жүгіртіп, алдағы 2050 жылдағы елдің жағдайын суреттеп берді. Рас, ол уақытқа дейін әлі талай оқиға­лар болары сөзсіз. Дегенмен, 2050 жылға дейін дамыған 30 ел­дің қатарына кіреміз. Елбасы мем­лекетімізде орта санаттағы азамат­тардың саны басым болатынын мәлімдеді. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясын­да тиісті жағдайлар жасалуда. Ұлт­тық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқа­сында дами түседі. Мемлекет басшы­сы­ның болжамынша, оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда 120 мың дол­ларға өсетін болады. Сонымен бірге инно­вация­лық даму моделіне көшетінімізді де айтты. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бес жылында 300-ден астам жаңа кәсіпорын салынатынын жеткізді. Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасыры Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі екенін айтты. Жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырғанын және ол бақытты буын біздер екенімізді мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәнін тұтас ғасырға теңеді. «Былтыр біз ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болып еді. Жердің шетіне қада қағып, мөр басып, ата­қо­нысын біржолата иемдене алмады. Сан мыңдаған жылдар бойы ат үстін­де жүріп, сайын даланы ақ на­й­заның ұшымен, ақ білектің күші­мен қолынан келгенше қорғады. Бі­рақ, дәуірдің барлық дауылынан қайыс­пай төтеп берді. Бұл біздің халқы­мыз­дың Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғы­рып, тұңғыш рет жаңа заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз осы», деді Президент. Жалпы, салтанатты жиыннан алған әсері­міз зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жет­кен жетістіктер толағай. Біздің Елбасының сараб­дал саясатының арқасында әлі де талай белес­терге шығатынымыз айқын. Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы

Тұғырымыз берік, мәртебеміз биік

Мемлекет басшысының қаты­суы­­­мен Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғы­на ар­налған салтанатты жиын­ды бәріміз демімізді ішке тартып оты­­рып көріп шықтық. Онда Нұрсұлтан Назарбаев егемендікке ен сал­ған ширек ғасырлық уақыт ара­лы­ғын­да біздің асқан асуларымыз мен бағын­дырған белестерімізді бір шо­лып өтті. Расында да біз осынау 25 жылда дала мен қаланы қатар гүл­ден­­­дірген қуатты мемлекетке, сали­қа­лы сая­сатын жүргізген ұлағатты ұлтқа айна­лып үл­гер­дік. Осы мерзімнің межесінде шекара­сын шеген­деп алған мығым мемлекет дәрежесіне жеттік. Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ең үлкен жеңісіміз – Қазақстан әлем үшін тұрақты мемлекет болып қалыптасты. Соның арқасында қазірге дейін республика өнеркәсібі мен өндірісіне 265 млрд доллар инвестиция құйылған. Елдің әлеуметтік әлеуеті артты. Бұдан 20 жыл бұрын елдегі кедейлік деңгейі 36 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 12 есеге азайды. Егемен елдің еңсесі биік, жүзі жарқын, адымы қарышты, жұлдызы жоғары бола бермегін тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылда түгел айқын сезініп келеміз. Мұнда дара да сара басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін салтанатты жиында сөз алған толымды тұлға­лардың барлығы да айтып шықты. Тәуелсіздік жылдарында біздің қол жеткізген ең ірі табыстарымыздың қатарында қазіргі заман талабына сай жаңғырту жүргізілген білім және ғылым саласы да бар. Оқуды инемен құдық қаз­ған­дай деп түсінген халқымыз білім­нің – шырақ, ілім­нің пырақ екенін де өте жақсы пайымдай білген. Сондықтан да бабаларымыздың «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деп ай­тып кеткен қағидалы нақыл сөзі біз­дің бүгінгі егемендіктің ертеңін ере­сен етпек болып жатқан мақсат-мүд­деміз­дің басты бағдар-бағытының біріне айналып отыр. Президенттің көшелі көрегендігінің арқасында республикада білім саласын кешенді реформалау ісі бірден қолға алынды. Отандық білім беру жү­йесі әуел бастан елдің әлеуметтік-эко­номи­калық жа­ғы­нан жаңғыр­тылуы­­­на қыз­мет етуге тиіс болды. Сөйтіп, елі­міз­­­дің білім сала­­сын­дағы мемл­екеттік саясаты 1991 жылы заң­­на­ма­­лық базаларды реформалау ба­ғы­т­ын­да жү­­зе­­ге аса бастады. Ал еліміздегі бі­лім сала­­сын же­­­дел­­­д­ете реформалау 1995 жылдан арна тартты. Президент бастамасымен елде «Болашақ» атты ерекше мазмұнды бағдарлама қолға алы­нып, өзінің алдына қойылған мақсатын жүзеге асыру жолында жұмыс жасап жатыр. Бұдан басқа, «Назарбаев Университет», Назарбаев зияткерлік мектептерінің кең тара­ған желісі құрылуы білімге құштар оқушы­лар қатарының күрт көбеюіне үлкен серпін берді. Еліміздің көптеген жоғары оқу орын­дарында университеттік білім беру дең­гейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мың­нан астам заманауи мектептер салынды. Қазіргі таңда Қазақстанның ересек адамдары сауаттылық деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімінің алғашқы үштен біріне кіріп отырғанында да осы атқарылған жаңғыртулардың ерекше үлесі бар. Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, профессор АЛМАТЫ

Барлық ұлттың басын біріктірген елміз

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ас­­тананың Тәуелсіздік са­ра­­йында өткен рес­пуб­­­­ли­­калық салтанатты жиы­н­­ның берер тағы­лы­­мы мол болды деп ой­­­лай­­­мын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз бей­бітшілік пен келі­­­сім­­нің біре­гей моде­лін қалып­тас­тыр­дық. Ең бас­тысы, кез келген адам «Мен – қазақ­­­стан­­­­дық­пын, бұл – менің елім, мен мұнда ба­­қ­ы­тым­ды таптым!» деп айта алатын әді­л­ет­­­ті қоғамды орнаттық», дей келе, елдің дамуын­­­да бірлік пен ынтымақтың маңызы өте зор болғанын тағы да бір атап өтті. Шы­­нын­­да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясы еліміздің мыз­ғы­мас бір­лігі мен ынтымағын cақтап, нығайту мәсе­лесінде ТМД елдерінде, тіпті әлем­де еш тең­десі, баламасы жоқ бірегей қоғам­дық инс­титут ретінде қалыптасып, даму үстін­де. Елімізде, оның ішінде өңірімізде бір ша­­ңы­­рақ астына ұйысқан 80-ге жуық ұлт­тың өкі­лі бүгінде көптеген игі шараларды «бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығара», айрық­ша ауызбір­ші­лік­пен, тату келісім жағ­дайын­да жұ­мыла ат­қа­ра­ды. Елдегі әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық рефор­ма­лар­дың дәйектілікпен жүзе­ге асырылуы ісін­де де Ассамблеяның алар орны ерекше. Өңіріміздегі 20-дан астам облыстық этнобір­лестік пен аудандық мәдени-ұлт­тық ор­талық­тардың ұлтаралық және кон­фес­сияаралық татулық пен келісімді сақ­тап, нығайтуға бай­ланысты әлеуметтік жо­ба­лар­дың жүзеге асыры­луына тұрақты атса­лы­сатындары да аз емес. Биыл облыс орталығынан өркениеттілік талаптарға жауап берерлік заманауи келбет-айшыққа ие жаңа Достық үйі ғимаратының пайда­лануға берілуі Ассамблея мен оның құра­мын­дағы этнобірлестіктер мүшелерін айрықша қуанышқа кенелткенін де атап өтуге тиіспіз. Биылғы жыл мерекелі һәм берекелі жыл болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай жыл басынан бастап, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 60-қа жуық мәдени-көп­шілік шаралар өткізілсе, одан кейінгі ай­лар­да бұл көрсеткіш еселеп артты. Онда қол­өнер шеберлерінің көрмесі мен концерттік бағ­дар­лама­лардан бастап, кең ауқымды қайы­рым­ды­­лық шараларына дейін қамтылды. Мысалы, «Ақ желкен» жастар лигасы аға ұрпақ­қа құр­мет көрсетумен бірге бүгінгі жас ұр­пақты пат­риот­тылыққа тәр­бие­леп, баулыса, «Қайы­рымды­лық керуені» қайы­рым­дылық ком­па­ниясы аудан­дарға ар­найы сапарлар ұйым­дас­тырып, көмек­­ке мұқ­таж жандарға қолұшын созуда. Қалай айтсақ та, күллі адамзаттың тари­хын­дағы талай-талай ұлы оқиғалардың куәсі болған Қазақстан жыл өткен сайын дамып, барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Маржан ҚОЖАЕВА, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі ТАРАЗ