23 Желтоқсан, 2016

Қазақстандықтар доллардан бас тартып жатыр

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгінде биржада долларды сатып алу көрсеткіші төмен. Банктер мен ақша айырбастау бекеттерінде де АҚШ валютасын сатып алғаннан гөрі оны сатып жіберу операциялары басым болып тұр, деп хабарлайды finprom.kz сайты. Соңғы үш айдың ішінде қор биржасында доллардың сауда-саттығы 2,5 млрд-тан аспай отыр. Биржадан тыс нарықта, яғни банктер мен ақша айырбастау бекеттерінде сатып алынған және сатылған доллардың арақатынасы күрт өзгерді. Мәселен, қараша айында қазақстандықтар АҚШ-тың валютасын көп сатып алмай, керісінше, 46 млн. долларға артық ақшаны теңгеге айырбастап жіберген. Ал қор биржасында алғашқы он айдың ішінде екі есе аз доллар сатылған. Өткен жылы 48 млрд. сатылса, биыл небәрі 25 млрд. доллар өткен екен. Осылайша, Қазақстандағы девальвациялық қауіп-қатерлердің деңгейі түсіп отыр. Банктер, бизнес пен қарапайым халық долларды сатып алудың орнына көптеп өткізіп, онымен девальвацияның болатынына сенбей отырғанын көрсетті. Осының арқасында Ұлттық банкте валюта бағамын ұстау үшін жұмсаған шығындарын азайтты. Үш ай бойы банк бірде-бір интервенция жасаған жоқ.
Айта кеткен жөн, жылдың басында Ұлттық банк валюта бағамының тепе-теңдігін ұстау үшін біраз ақша жұмсаған болатын. Ақпан-маусым айларында банк 3,3 млрд. долларды сатып алған. Бүгінде контрагенттердің «девальвация бұрқ ете қалады» деген алаңдаушылығы да басылды. Теңге бағамын еркін айналымға жіберген кезде нақты не болатынын ешкім білген жоқ. Содан дүрбелең туындап, доллардың спекуляциясы күшейген еді. Соның салдарынан валюта нарығында тұрақсыздық болды.