Таяуда Мәскеуде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы өтті. Аталмыш отырыс Санкт-Петербург қаласында үстіміздегі жылдың 26 желтоқсанында болатын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы қарсаңында өтіп отыр. Отырыстың күн тәртібіне 19 мәселе енгізілді. Бұл туралы Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлады.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушы мемлекеттер Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сауда, экономика және қаржы саясаты, энергетика және инфрақұрылым, бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу, өнеркәсіп, техникалық реттеу салалары бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.
Комиссия Кеңесі отырыс барысында ЕАЭО шеңберіндегі Өнеркәсіптік ықпалдастықтың негізгі бағыттарын жүзеге асырудың бірегей мониторингі мен нәтижелерді талдауы туарлы ережені бекітті. Құжат Өнеркәсіптік ынтымақтастық одағының дамуын, негізгі бағыттарды жүзеге асыру жоспарларының орындалуына талдауды, оларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыруды сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштерді айқындауға бағытталған.
Сондай-ақ, Өнеркәсіптік кооперация мен субконтрактілеудің еуразиялық желісін құру тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада субконтрактілік тапсырыстардың ықтимал әріптестері мен жеткізіп берушілерін іздеу үшін шешуші ақпараттық және интеграциялық ресурс ретіндегі мүше мемлекеттердің өнеркәсіп кәсіпорындарының бірегей реестрі базасында еуразиялық желі құру қарастырылған.
Кеңес мүшелері ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің Комиссияға ЕурАзЭҚ аумағына енгізілетін кедендік тауарлар туралы ақпаратты ұсыну тәртібін қарады. Мұндай өзара іс-қимылдар статистикалық мәліметтер беруді жүзеге асыруға, сондай-ақ, ЕурАзЭҚ елдері өндірушілерінің мүдделерін ілгерілету бойынша уақтылы шаралар қабылдауға жағдай жасайды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытуға бағытталған өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді.
Жоғарыда атап өтілгендей, үстіміздегі жылдың 26 желтоқсанында Санкт-Петербург қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтеді.
Жоғары кеңес отырысы шеңберінде ЕурАзЭҚ-тың Кеден кодексіне қол қою жоспарланған. Аталмыш құжаттың қабылдануы ЕурАзЭҚ шеңберінде кедендік процедуралардың бүкіл кешенін реттеуге жағдай жасайтын болады. ЕурАзЭҚ-тың халықаралық қызметі мәселелеріне айрықша назар аударылмақ.
Оның сыртында Жоғары кеңес отырысы шеңберінде Мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың ортақ электр энергиясы рыногын құру бағдарламасын қарайтын болады. Оны жүзеге асыру аталмыш интеграциялық бірлестік шеңберінде электр қуатын еркін саудалау үшін қажетті мүмкіндіктер туғызбақ.
Мемлекет басшылары, сондай-ақ, Үйлестірілген көлік саясатының негізгі бағыттары мен жүзеге асыру сатыларын қарайтын болады. Сол сияқты Жоғары кеңес отырысында Қызмет көрсетулер секторы бойынша бейтараптандыру жоспарын және Сауданы қызмет көрсетулермен, мекемелермен және қызметтермен реттеу ережесін бекіту жоспарланып отыр.