«Бәйтерек» ұлттық холдингінің ұйытқы болуымен Қазақстан – Иран іскерлік кеңесінің 3-отырысы өтті. Бұл шара екі ел арасындағы бизнес-форум шеңберінде ұйымдастырылды. Отырысты Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Иран Ислам Республикасы президенті әкімшілігінің басшысы Мохоммад Нахавандиан ашып, жүргізіп отырды.
Қазақстан мен Иран арасындағы іскерлік байланыстың тамыры тереңде. Екі елдің достық рәуіштегі қарым-қатынасына келер жылы ширек ғасыр толмақ. Екіжақты келісімнің нақты нәтижелері сауда-экономикалық, инвестициялық әріптестік саласында айқын көрініс тауып отыр.
– Мемлекетаралық байланыстың шеңберінде Иран кәсіпкерлерінің отандық нарықтағы қызметін жолға қоюына барынша мүмкіндіктер қарастырылған. Инвестициялық жобалар мен сауда операцияларының кедергісіз атқарылуына Қазақстан тарапынан қолдау бар. Үкіметтік бағдарламалардың негізгі операторы болып табылатын «Бәйтерек» холдингі тарапынан қазақстандық кәсіпкерлердің Иран нарығына шығуына да жағдай жасалуда. Бұл жұмыс нәтижесіз емес. Екі ел іскерлерінің бүгінгі бас қосуы дәстүрлі байланыстардың жаңаша сипатта дамуына серпін беретіні анық. Осы мақсатта біз Иран даму институттарымен серіктестікті белсенді дамытудамыз, – деді отырыста сөз алған «Бәйтерек» ұлттық холдингі АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев.
Ал бұған дейін өткен Қазақстан – Иран іскерлік кеңесінің отырысында ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу секторы және машина жасау салаларында бірігіп атқарылатын істер айқындалған еді. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ пен Иранның Ұлттық даму қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, жалпы құны 1 млрд АҚШ доллары шамасындағы 48 түрлі келісімге қол қойылған болатын.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»