23 Желтоқсан, 2016

Парламенттік Ассамблея іс-шараларына қатысты

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация 21-22 желтоқ­сан­да Баку қаласында (Әзербайжан) өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) іс-шараларына қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Шара барысында Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығы аясында осы ұйымның жаңа әкімшілік кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Онда Мәжіліс Төрағасы сөз алып, Әзер­бай­­жан Республикасының Президенті Ильхам Алиевке Баку қаласының төрінен бой көтерген бірегей ғимарат үшін ТүркПА-ның Іс басын­дағы төрағасы ретінде ұйым мү­ше­лері атынан шынайы алғыс сезімін білдірді. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осы маңыз­ды оқиға ТүркПА елдерінің Тәуелсіздік алға­нына 25 жыл толған өте маңызды кезең­де өтіп отыр. Сонымен бірге, 1920 жылы Шығыс халықтарының тұңғыш съезі және биыл 90 жылдығын атап өткен тұңғыш түрко­логия­лық съезд осы қалада өткенін еске алған Н.Нығ­матулин тарихи оқиғалар тоғысқан Бакуде бауырлас елдердің бас штаб-пәтерінің орналасуы айрықша маңызды екенін атап өтті. Өз сөзінде: – Біз Әзербайжанда ТүркПА Хатшылы­ғының жаңа офисін аштық. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қала­ған ТүркПА-ның жаңа белеске шығуының нақты көрсеткіші. Бұл Президентіміздің осы ұйымды құру жөніндегі идеясының маңыз­дылығын тағы да көрсетті. Сондықтан, алда­ғы уақытта ТүркПА елдері, соның ішін­де, заң шығарушы органдар арасындағы әріптес­тік бұрынғыдан да тереңдей түсетін болады, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Биылғы басқосудың тағы бір ерекшелігі – ТүркПА-ның шешімімен Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің президенттері «Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. ТүркПА шаралары аясында Мәжіліс Төр­ағасы Әзербайжаннан, Түркиядан, Қырғыз­станнан келген әріптестерімен екі­жақты кездесулер өткізді. Түркия Ұлы Ұлт­тық Жиналысының төрағасы Исмаил Кахрамен­мен жүздесуі кезінде Мәжіліс Төрағасы, ең алдымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және өз атынан Ыстанбұл және Кайсері қала­ларында орын алған лаңкестік салдарынан қайтыс болғандардың қайғысына ортақ­та­сып көңіл айта келіп, Қазақстанның қандай түр­де болса да лаңкестікті қатаң айыптайтынды­ғын жеткізді. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Түрік Рес­публикасының Президенті Режеп Ердоған­ның 2015 жылғы Қазақстанға мемле­кеттік сапары, сонымен бірге, Қазақстан Прези­д­енті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түр­кияға 2016 жылғы сәуірде және тамызда жасаған сапарлары екіжақты өзара байланысты жаңа деңгейге көтерді. Қазақ-түрік қатынасына жаңа серпін берді. Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин: – Биылғы 15 шілдедегі әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейінгі ауыр жағдайдан Түркия үлкен абыроймен шықты. Түркия халқы бүкіл әлемге демократиялық ел екенін тағы бір дәлелдеді. Осы қиын күндерде біздің еліміз Түрік Республикасының заңды сайланған Президентін, Парламентін және Үкіметін қолдайтынын білдірді. Осы жағдайдан кейін Анкараға бірінші болып ресми сапар жасаған – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, – деді. Өз кезегінде Исмаил Кахраман Қазақ­станның биылғы жылы ТүркПА-ға төраға­лығын өте жоғары бағалады. Одан әрі Сирия­дағы қақтығысты реттеу бойынша келіс­сөздерді Астанада жүргізу мәселесіне назар аударған И. Кахраман: – Бүгінгі күні Астана бітімгершілік мәсе­ле­сінде айрықша рөл атқарады. Бұл – Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың ерен еңбегі. Сондықтан, үнқатысу ала­ңы ретінде дәл Астананың таңдалуы өте ұтым­ды шешім деп есептеймін, – деді. Кез­десу соңын­да Н.Нығматулин әріптесін Қазақ­стан­ға ресми сапармен келуге шақырды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төр­ағасы, сондай-ақ, Әзербайжан Милли Межлисінің төрағасы Октай Асадовпен және Қырғызстан Жогорку Кенешінің спикері Чыныбай Турсунбековпен кездесіп, парла­ментаралық байланыстарды нығайтуға серпін беру арқылы бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдетудің өзекті мәсе­лелерін талқылады. Тараптардың пікірін­ше, парламентаралық өзара іс-қимылды терең­­дету мемлекет басшыларының түрлі сала­дағы әріптестік келісімдерін тиімді жүзе­ге асыруға жол ашады. Н.Нығматулин ТүркПА-ға мүше мемлекеттер келер жылы Қырғызстанның төр­аға­лығы кезінде де басталған істі тиімді жал­ғас­тыратынына сенім білдірді.