27 Желтоқсан, 2016

«Айшаның» ырысын арттырған «Игілік»

232 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
akmola-aysha-1Бүгінгі ауылдардың әлеуеті тұрғын үйлердің бағасымен өлшенетіні бар. Жуырда Ивановкаға барғанымызда таң-тамаша күй кештік. Осыдан он шақты жыл бұрын аты да ұмытыла бастаған елді мекеннің емен-жарқын тіршілігіне таңғалмасқа болмайтын еді. Қабырғасы қақырап, сонау бір мезеттегі ауыр күндердің салмағын көтере алмай жантайған бірен-сараны болмаса, оқтай түзу көшелерде әдемі үйлер бой түзепті. Тереңдеп үңілсек, тарих көшіндегі қызметін аяқтаған әлгі жатаған қоныстардан жылы лептегі естеліктер есетіндей. Осының өзі ел Тәуелсіздігінің танымдық тәбәріктерін айшықтайтыны анық. Зеренді ауданындағы Ақкөл ауылдық округінің әкімі Талғат Мұхамеджанов Ивановкаға мы­надай сипаттама береді: «Ке­шегі дағдарысты жылдарда тұрғындар көшін тоқтатуға мүм­кіндік болмады. Тарихи отандарына қоныс аударғандарды былай қойғанда, өзіміздің жер­лестеріміз көрші ауылдарға, Көкшетау мен Астанаға ағылып жатты. Қараусыз үйлерді б­ұзып-жарып, құрылыс материа­лы қылғандарын, осында қалған санаулы азаматтар отынға пай­даланғанын жасыра алмаймын. Уақыт өте ес жидық. Ауыл­дың еңсесін Үкімет көтер­ді. «Өңір­лерді дамыту» мем­лекет-тік бағдарламасымен орта­лықтандырылған су жүйесі тартылды, ауылішілік жолдар салынды. Бастауыш мектеп ашылды. Шағын және орта бизнесті өркендетуге өзек тартылып, жұмыс орындары құрылды. Айналасы он шақты жылдың ішінде 71 үйдің оты жағылғаны шындыққа айналды». Талғатқа қосылып тебіреніп біз отырмыз. Жаңағы 71 үйдің «іші жанға, қорасы мал­ға толсын» деген қазақи ұлы ті­лектің қабыл болғаны қандай жақсы! Тәуелсіздік шара­паты дегеніміз осы. Бір жағынан, осы шарапаттың мәнін ұғы­нып, алға ұмтылып, іске жарат­қан азаматтарға риза бола­сың. Солардың қатарында Күтер­бековтердің отбасы да бар. Бұлар қаладан ауылға көш­кендер. Ерлі-зайыпты Болат пен Жаңылдың екеуі де коопе­ратив техникумын бітіріп, қоғамдық тамақтандыру және сауда саласында қызмет еткен. Дағдарыс дауылы келе-келе өз өктемдігін жасады. Жұмыссыздық. Жас ма­мандардың жанына осы батқан. Бұлар еңбексіз отыра алмайтындардан еді. Болат Күтербеков жеті баланың кен­жесі, әкесі қайтыс болғанда құрсақта қалған. Ал Жаңыл Елу­байқызы – апалы-сіңлілі тоғыз қыздың төртіншісі. Қай­на­ған қазақ ауылының түлектері... Табиғатынан тұйықтау Болаттың үнсіз ойлануы көбейіп кеткен күндер еді. Ақырында, ағайындарымен ақылдасқан жоспары жүзеге асқан ол, екі баламен үйде отырған Жаңылға «Ал көштік Ивановкаға» дейді. Жаңадан жеке кәсіпшілік ашып, оған қыздары Айшаның есімін беріпті. Ең бастысы, жеке кәсіпкерлікті Жаңылдың атына рәсімдеген. Бұны отбасылық саясаттың ұтымды түрі дей аламыз. Жаңыл «жанып» кетті. Қалтаға келерлік үйдің 40 сотық жері бар екен. Картоп екті, қызанақ, қияр өсірді. Екі сиыр сатып алып, қорада қаз-үйректер қаңқылдады. Үйді кеңейтіп, қора-қопсы салды. Бұл – 2004 жыл. 2015 жылы ірі қара 25-ке, қой басы жүзге жетті. Аздап жылқы да бар. Тыны­мсыз еңбектің жемісі дегеніміз осы. Биыл шаруашылығын әрі қарай кеңейту үшін Жаңыл «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалына өтініш берген. Бизнес-жоспары мақұлданып, қарашада «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен 3 миллион теңге несие алды. Жылдық үстемесі 6 пайыз ғана. Осының арқасында «Айшаның» табыны тағы 14 бас құнажынмен толықты. Қалған 270 мың теңгеге қосымша мал азығы жеткізілген. Осы сиырлардың алғашқысы бұзаулапты. Жаңыл оның қасында «томпағым» деп айналып-толғанып жүр. akmola-aysha-10Кәсіпкер әйелдің жанкеш­тілігін айтсаңызшы. Өз аузынан естідік, ол таңғы сауынның 150 литр сүтін Көкшетаудың сүт зауыты мен «Есіл-Агро» ЖШС-ға өткізеді екен. Қолмен сауады. Бір жақсысы, әлгі кәсіп­орындар машинасын жібе­ріп, қабылдап алады. Литрі 60 теңгеден. Ал кешкі сауынның сүтін өткізбейді. Май шайқап, қаймақ былғайды, құрт, ірім­шік жасайды. Бұларды жи­нақтап, Астананың нарығына шығаратын көрінеді. Оның үстіне атшаптырым үйін сыпырып-сиырып, шырайын келтіріп отыр. Бәріне үлгеруге болады екен-ау дейсің таңырқап. – Әрине, көмекшім бар, – дейді Жаңыл ішкі күмәнімізді сейілтпек кейіппен. – Біз Көк­шетауда тұрған кезімізде қа­ла­дағы арнайы мектеп-интернаттан Володя Пересунко дейтін жетім баланы тәрбиеге алғанбыз. Өзіміздің Жұмабек, Айшамен ойнап-күліп өсті. Құлағы естімейді демесеңіз, өте адал, елгезек, еңбекқор жан. Кәмелетке толған соң пікірін сұрағанымызда, осында қаламын деді. Бауыр басып қалғанбыз, қатты қуандық. Үйдегі екі тракторда қатар іс­тейді. Алдыңғы жылы көңі­лі көтеріліп жүрсін деп «Мер­седес» жеңіл көлігін алып бердік. Бізді «папа», «мама» дейді. Қазір Астанадағы ауыл шаруа­шылығы университетінің соңғы курсында оқитын Жұма­бекпен, колледжге былтыр түскен Ай­шамен компьютер арқылы хабарласып тұрады. Көрші үйге де кіріп шықтық. Тағдыр тауқыметін көрген жан­дардың жеті баласы бар екен. Болат оларға үй беріп, көшіріп алған. Алдына мал салып, ішер-жемін қамтамасыз етіп отыр. Еңбекақы төлейді. Міне, мұндай жандардың өсіп-өркендемеуі мүмкін емес. Қоштасар сәтте, әдеттегідей, Күтербековтерден болашақ жос­парлары жайлы сұрағанбыз. Бар мүмкіндікті салып, несиеден мерзімінен бұрын құтылуды ойлайды екен. Ондағысы тағы да несиеге қол жеткізу. Бірін­шіден, кемінде 500 литрлік сүт сақтайтын жабдық сатып алу керек. Бұл өнімді қайта өңдеуге септігін тигізеді. Одан кейін Омбы және Петропавл айналма жолында жол бойы бизнесін ашу. Бизнес-жоспар дайын. Амандық болса, жаңа дәмхана, техникалық қызмет стансасы, моншаның ашылар сәті алыс емес сияқты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы, Зеренді ауданы