27 Желтоқсан, 2016

Ауған соғысы ардагерлері ардақталды

852 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы бөлімшесінде «Тәуелсіздік – ұраным, Мәңгілік Ел – тұрағым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Ауған соғысы ардагерлерінің басын қосқан алқалы жиын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау сөзімен ашылды. Мемлекеттік хатшының құт­тық­тауын жеткізген Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардаргерлері ұйым­дарының «Қазақстан арда­гер­лері» қауымдастығының төр­ағасы Бақытбек Смағұл кон­ферен­ция жұмысына сәттілік тілеп, Отан үшін от кешкен оғландардың ерлік істеріне сәт сайын тағзым жасап, есімдерін жадыда жаңғыртып тұру азаматтық парыз екенін қайыра бір еске салды. ХХІ ғасырдың басты талабы татулық, келісім, толеранттылық болып отырғаны баршаға аян. Ынтымақ жарастырып, елге, жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға адалдықты сезініп, ата-бабадан мұраға қалған  асыл құндылықтарды арттыру ерліктің де, елдіктің де үлгісі болып қала береті­нін жиында сөз алған азаматтар­дың баршасы шегелей айтып жатты. Конференцияға қатысушы­лар­ды құттықтап, жұмысына та­быс тілеген Дін істері және азамат­тық қоғам министрлігі азамат­тық қоғам комитетінің төрайы­мы Әлия Ғалымова Мемлекет бас­шысының жемісті бастама­лары негізінде еліміздегі тәуелсіз­дік пен қауіпсіздікті сақтаудың кешенді жұмыстары атқарылып келе жатқанынан, осыған сәйкес, аза­­мат­тық қоғам комитетінің бейбіт өмір мен тыныштықты қамтамасыз ететін бірнеше негізгі бағдары белгілеп қойылғанынан көпшілікті хабардар етті. Ал «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шаһ­мар­дан Байманов идеологиялық ке­ңіс­тік­тің босаңдау болып қал­ған тұсын­да жастарға әскери-пат­­риот­тық тәрбие беруде Ауған соғы­сы ардагерлерінің сіңірген еңбегі зор болғанын атап өтті. Биыл­ғы жылы жасотаншылардың құзыр­лы орын­дармен, өкілдермен өзара әріптестік орнатып, облыстар­да «Әскердегі бір күн» атты жастар­дың кәсіби орталықтары мен бөлім­­дері­мен кездесулер өткізіп, ұр­пақ­­тар сабақтастығы жобасы аясында ар­дагерлермен, қоғам қай­рат­керлерімен басқосулар өткіз­генін мақ­танышпен жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Ауған соғысы ардагерлеріне үнемі ізет, құрмет көрсетуді назардан тыс қал­дырған емес. Конференцияның екін­ші бөлімінде бірқатар сұм соғыс­тың куәгері болған ардагерлерге арнап төсбелгі тарту етілді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ