27 Желтоқсан, 2016

Елімізде жеке сот орындаушылар саны артып келеді

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Биыл мемлекеттік сот орындаушылардың саны 30 пайызға қысқартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлт жоспарының 27-қадамы аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрлігі сот актілерін орындау департаменті директорының міндетін атқарушы Ернар Ыбыраев мәлім етті. Оның айтуынша, 2016 жылдың қаңтарынан бастап жеке сот орындаушылардың құзіретіне мемлекеттен өндіру, мемлекет пайдасына 1000 АЕК-тен астам (2 млн 120 мың теңгеге жуық) соманы өндіру, мемлекет мүддесін көздейтін жер учаскелерінен қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қоюды қоспағанда, өзге атқарушылық құжаттардың барлық санаттарын орындау берілді. «Қазіргі таңда жеке сот орындаушылардың саны 1348 тұлғаны құрайды, олардың көмекшілерін қосқанда, жеке сот орындау жұмыстарына 4 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Биыл мемлекеттік сот орындаушылар саны 30%-ға қысқартылды. Сондай-ақ, 2017 жылы олардың 30%-ын және 2018 жылы 15%-ын қысқарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 518 мемлекеттік сот орындаушыны қалдыру көзделуде», – деп атап өтті Е. Ыбыраев. Айта кетейік, 2016 жылы жеке сот орындаушылар өндірісінде 2 миллионға жуық атқару өндірісі болды. Бұл мемлекеттік сот орындаушылардың көрсеткішінен 1,2 миллионға артық. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»