27 Желтоқсан, 2016

Басына Толағайдың бардыңыз ба?!

567 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
  Балқаш жаққа жол түсе қалғанда жанарға іліккенше тағатсыздандырып, қанша көрсең де тамсанып-таңырқаудан тандырмайтын сирек бір табиғат жаратылысы бар. Сағым ойнаған алыстан кенеттен мұнарланып, айналасындағы адыр-қыраттардан қияқтанып қол бұлғағандай, тезірек жетуге, тіпті, желпінте түсерін қайтерсіз. Жап-жазық жапан далада бір-бірімен жалғасқан бітпес бел-белестердің аясында айдынған айрықша дара кейпі көңіліңді тәтті қиялдармен тербеп, естен кетпейтін бір әдемі әпсана көкіректе күмбір-күмбір қағып, өне бойын содан ескен шуақтан жылып та сала береді. Күре жол бойынан сәл жырақтау тұрғанымен, байқаған жанға шалынбай қоймас төңіректегі аласа бұйраттардан оқшау құздиған тұрпатын ғажайыпқа ғайыптандыруға болмас. Алайда, ұшы-қиырсыз құла түзде құдыреттің өзі қондыра салғандай саяқ асқақтай қалған жұмбақтығы, бұл енді керемет құбылыс демей тұра алмайсыз. Мұны да қойғанда, аты қандай десеңізші. Тұсынан алғаш өтіп бара жатқанда еріксіз қадала көз тігілуін сезген серіктер «Әйгілі Толағай осы» дегенде елең еткенбіз. Құлақтан кетпеген, кеудеде жаттаулы, көңілге ыстық аңыз еске алынған. ...Есте жоқ ескі заманда бір ананың жалғыз ұлы болыпты. Оның туа салысымен күн санап өскен күш-қайратына ешкім тең келмепті. Күндердің күнінде екі-үш жыл қатарынан қар түспей, жауын тамбай, ел күйзеліске ұшырапты. «Апырмай, мына жапанда қыста баурайына қар , жазда басына бұлт үйіріп жер құтын келтірер биік төбе де болмады-ау» деп күрсінген үлкендер уайымы құлағына жеткен әлгі алып бала Алтайдың ба, әлде Тарбағатайдың ба, көп шыңының біреуін арқалап ауыл маңына жеткізген екен дейді. Таумен қоса жауын да толассыз құя келіпті.Шаршаған бала арқадағы құз астынан шығуға шамасы келмей, үстін басып қалады. Сол ұланның аты Толағай болуынан тау да солай аталыпты. Бұл осылай аталатын жалғыз тау емес. Марқакөл, Торғай, Жаңаарқа жақтардағы аймақтарда да кездеседі. Қайда да, қалай да мұндай биіктердің бітімі бөлектігі бірден байқалады. Қай өлкеде де жалпақ далада көк жүзіне жеке шаншылған шоқы шынымен әлдеқайдан әкеліп төңкерілгендей көрініп тұрады. Қарағанды облысының Шет ауданы аума-ғындағы Толағай басына көтерілгенде көз жетер өңір алақанға салғандай төменде көсіліп жатады. Ол ол ма, шалқар жазықтан асып көкжиектен көксеңгірленетін Тағылының, Ортаудың, Бесшоқының, Ақшатаудың, Ақжалдың жоталары жонына шейін шалынады.Төскейі құлашы кең жайылған жазира. Тағы қайран қаларлығы сол, Балқашқа қарайғы шөлейттеу, құмдауыттау тақырлы жер реңі Ақсу-Аюлы беткейіне беттегенде шүйгінді, құнарлы атырапқа ұласады. Аңыздағыша арқаланған құз соңынан ілесе келгендей басын бұлт айналып, қойын-қойнауын қар толтыратын осы тұс жазы жаңбырсыз, көктемі мол нәрсіз болмайды. Жер-су аттарына байланысты аңыз-ертегілерге айналған хикаялар көп қой. Былай алып қарағанда, толағай сөзінің көне түп тамыры моңғол тілімен төркіндес жеке, жалаңаш, тақыр, қу бас, толассыз соққан жел сияқтылы түрлі мағына береді.Дулат ақынның «Төрт түлікке толтырды, толағай тұлдыр қыратты» деген жыр жолының бұлайша теңелуі тегіннен тегін емес болса керек.Ал «толағай табыстар, толағай күш иесі» деп бүгінде жиі қолданылатын сөздер түпкі мәнімен мүлдем үйлеспесе де, еленбей келеді. Аты ертегідей сұлу тау тура көне түріндегі мағынаны білдіруіндей жақпар-жақпар тастылы, өзге көзге ілігері жоқ жұтаң төбе. Бәлкім, сондықтан соған байланысты қойылған шығар. Әйтсе де аңыз дегенімізбен, елі үшін жақсылық жасауға жанын пида еткен өрен есіміне астастырыла аталды ма екен деген ой да оралады. Онда баяндалуынан айнымай жапанда пайда болудағы ерек бейнесі соны меңземес пе! Кім біледі,біреулер байқар, біреулер байқамас, Ақшатау мен Ақсу-Аюлы аралығындағы осынау таудың жүрек тербетерлік жұмбақ сыры ынтығарлық-ақ. Алайда, амал не дерсіз, бүгінде олай-бұлай ағылған жолаушылар оған көз тоқтатпай өте шығады. Өкінуден не қайыр, ол туралы бұл күнде ешкім біле қоймайды. Аңыз-ертегі естіп, оқып, көкейге тоқып өспеген, өлке тылсымына өгей ұрпаққа көп төбенің бірі көрінеді. Өзінің «Толағай» дастанында Әбділда Тәжібаев; Ауысыпты заман талай, Аталғалы тау Толағай... Соны үлкендер ертегі еткен. Алыпты тау басып жатқан, Ана сүтін тас боп қатқан, Көреді әлі өткен, кеткен – деп жырға қосқандай, осындайда қандай жер екенін анадайдан аңғартар арнаулы белгі-тақтайша орнатылып қойылса, біреу болмаса біреу халық аңызындағы қасиетті тауға сүйсіне қарап аялдар ма еді, талай замандардан ауыздан-ауыздағы ұлан ерлігі көңіл толқытар ма еді дейсің. Бүгінгі толқынға мұны білгеннің пайдасы болмаса, зияны болмастығы хақ, әрине. Әйткенмен, бұдан гөрі де мынадай ой мазалайды. Айналамыздағы табиғат жаратылыстарының көз алдыда танығысыз өзгеруі кезінде мұндай күйінішті күй Толағай басына да келу қаупі жоқ еместігіне сенім аз. Өйткені көріп-көніп келеміз, ішіміз удай ашып келеміз. Мәселен, біз туып-өскен Нұра жақтағы Көкөзек ауылының қариялары жанындағы төбе сыры туралы, яғни басына Қолаң атты қыздың жерленуіне байланысты солай аталып кетуін әңгімелеп отырушы еді. Халық ақыны Қайып Айнабеков те ескілік ғұрып құрбаны болған жігіттің сырттаны Кертіңді мен Қолаң сұлудың адал махаббатын ардақтауға «Қолаң» дастанын арнағаны белгілі. Міне, осы төбе бір күні аяқ астынан қазылып, қиыршық тасы жол төсеуге әкетіле бастады.Үлкендердің ел аузындағы төбені бұзуға реніштері қаперге алынбады. Мектеп оқитын кезіміз ғой, біздің де өз тарапымыздан қарсылық білдірмекке жүк көліктері жолына топырақ үйіп, тас төгіп, шұңқырлар қазып тастауымыздан түк шықпады. Ақыры, төбе аяғына дейін қопарылып, еш белгісі қалмады. Осылайша ел-жер тарихын елемеу кесірі, жоғарыда аталғандай, Толағайға да тимей кетпеуіне алаңдарлық жай бар. Астана-Алматы күре жолы салына бастағанда тасы мен қиыршығын қолдануға көз тігілгенін білеміз. Әйтеуір ол жолы сұқтан аман қалды. Енді жол қайтадан кеңейтілер кезде бұлайша болмауы мүмкіні алаңдатады. Ауыз бір салынса мол салынып, тоқтату қиын соғары анық. Демек, жаңа жоба жасау алдында тауды қаз-қалпында сақтау мәселесі ерекше ескерілу қажеттігін баса айтпасқа болмайды. Сондай-ақ, есте тұтуға лайық жайттың бірі, Толағай ғаламат, ғажап көрінісімен ғана қызықтырмайды. Оның баурайында, дәлірек айтсақ, Тағылыға қарайғы 10-12 шақырым тұста тас қоршаулы обалар жұрнағы көрінеді. Академик Әлкей Марғұлан өзі бастап қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттегенде одан табылған алтынмен аптаулы сырғалар, әшекейлі моншақтар, құмыралар, басқа да бірқатар тұрмыстық заттар қола дәуірі кезеңіне жататыны анықталуына қарағанда ертедегі адамдардың ежелге мекені екені аңғарылады.Бабалар ізіне куәгер, тарихи мәні бар обаларды қорғау тағы бір назар аудартарлық мәселе дер едік. ...Толағай көрінсе, бізге алыс қиырдан тау арқалап, туған топырағына жеткізіп жығылған бала елестейді. Мәселе аңыз екендігінде ғана емес. Мәселе елін сүюге, еліне пейілі мен мейірін төгуге аянбауға бейілдендіретін аңыз таудың өлкеміздің көркін келбеттендіріп тұруы екендігінде десек, оны елеусіз етпеу,таныстырып-танытып жүру керектігі ұғынылар. Айқын НЕСІПБАЙ, журналист Қарағанды облысы, Шет ауданы