2017 жылдан бастап көктемгі далалық жұмыстарға берілетін несие жылдық 3 пайызға дейін азайтылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова мәлімдеді.
Оның айтуынша, өсімдік өсіру өнімдерін тиімді дамыту мақсатында өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымына байланыстыра отырып, өндірістерді өңірлік мамандандыру қамтамасыз етілетін болады. «Бұл мақсатта өнімді сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын салу, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ жоғары репродукциялы тұқым өндіру және пайдалану қолға алынатын болады, соның арқасында мол астық және сапалы өнім алуға мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді А.Қажыбекова.
Сондай-ақ, департамент директоры өсімдік өсіру саласындағы басты өзгеріс гектар бойынша субсидиялаудан қайта өңдеуге берілген өнімді субсидиялауға өту екенін атап өтті. «Қайта өңделетін майлы дақыл мен қант қызылшасын субсидиялау қайта өңдейтін кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын арттыруға ықпал етеді», – деді ол.
Бұдан бөлек, көктемгі егіс жұмыстарына арналған несие дәнді дақылдардан басқа, картоп, көкөнiс-бақша, майлы және басқа да дақылдарды егуге беріледі. А.Қажыбекованың айтуынша, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың қаржы ұйымдары арқылы берілетін несиелер бойынша тиімді пайыздық мөлшерлемені белгілеу жоспарлануда. «Мәселен, келесі жылдан бастап көктемгі-далалық жұмыстарға арналған несие соңғы тұтынушы үшін 3 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріледі», – деді департамент директоры.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»