28 Желтоқсан, 2016

Көтеріліс батырына құрмет көрсетілді

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Байбосын Тамабаев – биыл жүз жыл толған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, туған халқының бостандығы үшін күрескен батыр бабамыз. Тарихтан белгілі, сол кездегі бүкіл қазақ жерінде бұрқ еткен толқу Верный уезін де қамтыды. Сондай үлкен бас көтерулердің бірі Үшқоңыр тауы маңында орын алып, оған атақты Бекболат Әшекеевтің басшылық еткені мәлім. Міне, Байбосын атамыз қасына ерткен қырық жігітімен Бекболаттың қолына қосылып, ел еркіндігі үшін басын бәйгеге тіккен. Бұл көтерілісшілердің де мұздай қаруланған жазалаушылар отрядына қарсы тұра алмай жеңіліске ұшырағанын білеміз. Сонымен, 1916 жылы 8 қыркүйек­те Боралдай биігінде Бекболат Әшекеев­пен бірге Байбосын Тамабаев та дарға асылған. Сол сияқты, Дүйсебек Қасымбеков, Екейбай Сатқынов, Әбілеш Бекбатыров, Әбдірашов, Сыпатаев өлім жазасына кесілген. Б.Тамабаев 1856 жылы туған. Верный уезі, Үлкен Алматы болысының №1 ауылында дүниеге келген. Кезінде би де, болыс та болған дәулетті адам екен. Бірақ, бай болса да, бар болса да халық жағына шығып, патша жарлығына қатты қарсылық білдіргендердің қатарына кірген. ...Қаратөбе ауылындағы орта мектеп қазір Б.Тамабаев атында. Мектеп ұжымы директоры Күлпан Исабаеваның басшылығымен, округ әкімі Бақытгүл Жұманбаева және Қ.Қосшығұловтың көмек-қолдауымен, осы уақытқа дейін батыр есімі мен рухына арналған бірталай іс-шараны жүзеге асырыпты. Енді, міне, қола мүсіні орнатылды. Оны жасатқан бабамыздың тікелей ұрпақтары, ағайындары екен. Айтқандай, батырдың Ұлы Отан соғысына қатысқан Бердібай Әміреұлы деген немересі болған. Ал ол кісінің зайыбы, яғни, Байбосынның немере келіні Мәрия әже Баймолдақызының қазір көзі тірі, жасы 94-те. Бүгінде осы Бердібай мен Мәрияның ұл-қыздары , немерелері өсіп, өркен жайып отыр. Соңынан батыр рухына арналып ас берілді. Берікбай ҚАДЫҚОВ, журналист Алматы облысы, Қарасай ауданы