28 Желтоқсан, 2016

Тшанов майшамы

761 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
tshanovнемесе 95-тің ұйқысыз түндері мен беймаза күндері хақында шын жүректен шертілген сыр Қазақстан Тәуелсіздігінің елең-алаңында ел Президентінің командасында жүріп, ел аумақтарын басқарған танымал азаматтарымыздың тобы бір шоғыр. Солардың қатарында – мемлекет және қоғам  қайраткері Амалбек Қозыбақұлы Тшановтың да есімі аталады. Әр жылдар бедерінде Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу  министрі, Жоғарғы Кеңеске және Парламент Мәжілісіне екі-екі мәртеден депутат болып сайланған, Отанымыздың «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Амалбек Қозыбақұлы Тшанов 1995-1998 жылдары  Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарды. Бүгінде Алматыдағы республикалық спорт колледжінің директоры қызметінде жүрген педагогика ғылымдарының докторы, елге сыйлы азаматты орайы келген сәтте әңгімеге тарттық. – Амалбек Қозыбақұлы, 90-шы жылдарға «саяхаттап» қайтуға қа­лай­с­ыз? – Әрқашан да дайынмын. – Шыныңызды айтыңызшы, ол кезде облысқа әкім болу ойыңызда болып па еді?  –Шынымды айтсам... Ақ үйден «Сізді 16.00-де  Президент күтеді» деген хабар алдым. Министр кезім. Әдеттегідей бір іс-сапарға асығыс шыққалы тұрғанмын, тез арада ұшақтың билетін өткіздім. Темекіге үйірсек жан да емес ем, қарбаласып жүріп көмекшіме сигарет алдырып, шектім. – Соншалықты қобалжуыңызға себептер бар ма еді? – Жо-ға... Дегенмен, Президенттің тосын шақыруы ешкімге де оңай соқпайтынын көпшілік біле бермейтін шығар. Оның үстіне Нұрсұлтан Әбішұлының мені не үшін жедел түрде шақыртып жатқаны туралы көмекшісі де тіс жармады. Президентпен арамызда бұған дейін қызмет ауыс-түйісі туралы да әңгіме болған емес. Бел­гі­ленген уақыттан сәл ертелетіп Үлкен үйге жеттім. Президент банкирлермен өткізген жиналысын аяқтап, сол тұстағы Премьер-Министр Қажыгелдин екеуі іштен шығып келе жатыр екен, мені бірден көзі шалып қалып: «Амалбек, келдің бе?» деді. Мені Премьермен бірге өзінің шағын кабинетіне алып кірді. «Сені Жамбыл облысына әкім етіп жіберсек қалай қарайсың?» деді бірден. «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің командаңызда болғандықтан қандай да болсын шешіміңізді орындауға дайынмын» дегенді мүдірмей айттым. Бар әңгіме осымен біткендей де еді, қарап тұрмай: «Ол облысты Өмірбек Байгелдиев басқарып отыр ғой» деп қалдым. Президент: «Ол сіздің шаруаңыз емес» дегенде қолайсыз сауалым үшін қатты ыңғайсыздандым... Менің әкім болып тағайындалғаным туралы Жарлыққа Президент уақыт күттірмей сол жерде қол қойды. Ертеңгісін әуежайда кездескен сәтте Президенттің маған арнап тастаған бір-екі әзілінен соң барып, көңілім орнына түсті. 95-тің күзі. Несін айтасыз, елдің жаппай қиналып жатқан кезі. Жамбылда газ жоқ. Жарық жоқ. Не ақша жоқ. Ресми тағайындалған соң Президенттен рұқсат сұрап: «Нұрсұлтан Әбішұлы, маған карт-бланш ретінде облыстың жай-жапсарын біліп алуға бір-екі ай мұрсат етіңіз, содан соң кадрларды іріктеп алып іске кірісейін» дедім. Ол кісінің қай кезде де айтатын бір ақылы бар, соған салып: «Дұрыс. Сен ешқашан асығыс шешім жасама, зертте, біл...» деді. Елдегі жағдайды саралап отырған басшымыз ғой: «Халықтың жағдайы өте ауыр, көңіліне, сеніміне иненің жасуындай да дақ түсіріп алма, жаңа бағытқа жұмылдыр, заман өзгеріп жатыр, социалистік сарында – ескіше өмір сүруден арылу да оңай емес, бұл жағына да ерекше мән берерсің»  деп қайталап ескертті. – Әкімнің орынтағына жайғасып отырғаннан кейінгі ең алғашқы күндерден есіңізде қалған ұмытылмас сәттер бар шығар? – Сенсеңіз, алғашқы бір ай бойы әкімшілікте майшамның жарығымен отырып жұмыс істедік. Майшамның жарығымен!.. Азанғы 6-да жолға шыққан орынбасарларым мен жетекші бөлімдердің басшылары аудандарды шарқ ұрып аралап кетеді де, кеш бата оралады. Содан әкімшілікте түнгі 02.00-ге дейін әлгі майшамды айнала қоршап отырып алып бүгінгі атқарылған, ертеңгі атқарылар істі талқылаймыз. Осы бір айдың ішінде Өзбекстан мен Жамбылдағы механикалық зауыттың арасындағы үзіліп қалған әріптестік байланысты қайта орнаттым. Қанша дегенмен әкімдікке өндірістен келген маман емеспін бе?! Саладағы қандай да бір түйткіл істің ұңғыл-шұңғылы маған жақсы таныс. Өзбекстанға керекті он-сан түрлі механикалық құ­рал-жабдықтарды өз қадағалауыммен уақ­тылы жіберткізіп, есесіне келісім-шартты қайтадан мықтап бекітіп, бір айдың ішінде Жамбылға «көгілдір отынды» алаулатып алып келдім. Ізінше жарық та жетті. Елдің сондағы  қуанышын көрсеңіз! Бұл менің ең бірінші жеңісім еді! Айтпақшы, ол газ мен облыстан кеткенше өшкен жоқ! Газ ағыны өзім туған Шымкентті басып өтіп Жамбылға тоқтаусыз келіп жатты. Ал сол тұста көрші облыс Шымкентте екі жылдай газ болмады... Майшамның жарығымен жұмыс істеген мазасыз түндер жадымда мәңгі ұмытылмастай сақталып қалыпты. – Қызық-ақ дерек. Өйткені, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыс­тары газ тапшылығын аяусыз тарт­қан, көп қабатты үйлердің тұр­ғын­­дары аулаға шығып от жағып та­мақ пісірген ол заман – 90-шы жыл­дардың басы халықтың есінде. Ал енді алғашқы «жеңілістеріңізді» еске алы­ңызшы? Кешіріңіз, Амалбек Қозыбақұлы, Сіздің соңыңыздан «қол астын­дағы бағынбаған қыз­мет­кер­лер­ге қол жұмсайтын әкім» деген сөз­дің ере бастағаны қай кез? – Құдай берген мінез шығар, менің қандай істі бастасам да оны аяқтағанша жаным жай таппайтын мазасыз әдетім бар. Бар жауапкершілікті өзімнің мойныма алатын едім. Билік басында отырған әкімнің, Президенттің сенімді өкілінің, қандайда бір мемлекеттік қызметкерге қол көтеруі ақылға сыя ма, өзің ойлап көрші? Ол кезде заманның өзгеруіне байланысты мемлекеттік мүліктерді жекешелендіріп, жағдайын түзеп алған азаматтар Жамбылдан да «бойын түзеп» шыға бастаған. Кейбір орынбасарларымның әлгі байшікештер басқарып отырған мекемеге «Сізді әкім болсаңыз да онда рұқсатсыз кіргізбейді» деп шыр-пыр болғанына таң қалғаным да рас. Сол күні-ақ аттарынан ат үркетін әлгі кәсіпорындарда болып, аралап көрдім. Атқарып жатқан қызметтерімен таныстым. Несін жасырамын, ақшаның буына масайып, бойында кеудемсоқтық мінез пайда бола бастаған азаматтармен бетпе-бет кездестім, әңгімелестім. Жергілікті басқару билігінің менің қолымда екенін, мемлекеттік тәртіптің бәрімізге бірдей ортақ екенін оларға заңның негізінде баппен түсіндірдім. Қаладағы ең үлкен базарды 16 жыл (!) бойы  басқарып отырған бір азаматты өзінің міндетін дұрыс атқармағаны үшін қызметінен бір күнде алып тастадым. Сол арқылы барлық басшыға қазіргі қысыл-таяң кезеңде жас мемлекетіміз үшін, халық үшін қызмет ету ең бірінші міндет екенін ескерттім. Мен өзіме де, айналама да талапты әркез қатал қоямын. Әрине, бұл арада қатал деген сөзді қатыгездікпен шатастырмауымыз керек. Екеуі екі түрлі түсінік. Оны әркім өзінің қал-қадерінше жортады, пайымдайды, қорытынды жасайды. Осының бәрі айналып келгенде түрлі әңгіменің шы­ғуына себепкер болды ғой деп ойлай­мын. Бәлкім, бір жерлерде тым қатты да кеткен шығармын. Бірақ, сіз де кешіріңіз... мен қызмет бабында ешкімге қол көтерген жан емеспін! Ол сол тұста ғайыптан пайда болған бір «сыбырлақтардың» таратып жүрген жел сөзі еді. Елбасының талаптарын орындайтын өңірдегі бірден-бір сенімді адамы ретінде барымды салдым, аз ұйықтадым, көп еңбек еттім. Мүдделес серіктестерді, халықтың жайын ойлайтын кіршіксіз азаматтарды жаныма жинадым. Қысқасы, біз уақытпен санаспай халық үшін қызмет еттік. Заман талабына сай ағылшын тілінен дәріс алуды да ұмытпадым, шаршап жүргенім сондайлық, сабақ үстінде көзім ілініп кететін. Менің табиғатым-болмысым қарап отырғанды қаламайтынын осыдан ақ түсіне беріңіз... Еркіндіктің көш бастаған кезі ғой, тіпті, жолымды жасырын тосып, басқан ізімді аңдып, бейнетаспаға түсіруге дейін барған азаматтардың өзі де, менің ел игілігі үшін жанымды аямайты­ным­ды түсініп, кейін бірте-бірте бір мәмі­леге келді. Ол азаматтармен күні бүгін сәлеміміз түзу. Бірақ, жасырып қайтем, қай кезде де өз басыма ұнамаған жайттарға қатал тыйым салдым... – «Өз басыма» дегеніңізді қалай түсінсек екен?Ашып айтпайсыз ба? – «Өз басым» дегенім, мен ең алдымен Президент тағайындаған халықтың өкілімін. Халыққа ұнамаған іс, маған да ұнамайды. Мәселен, біздің  облыс Қырғыз Республикасымен шектеседі. Ол жақтан Жамбылға яки Алматыға бет алған қандай да бір елші немесе шенеуніктің шекарадағы үлкен елді мекен Қордайда дамылдайтын әдеті бар екен. Лауазымына қарап әлгі қонаққа шапан жабылады, қой сойы­лып, алдына бас қойылады дегендей... Жергілікті әкімді шақырып алып «Айналайын, мемлекеттің атынан мемлекеттің ақшасына ондай салтанаттар жасауға саған ешкім құқық берген жоқ» деп тыйып тастадым. «Өз қалтаңнан қонақ күтіп, ат мінгізсең – еркіңде...» – Қол астыңыздағы ел басқарып отырған азаматтарға бұлайша тіктеп сөйлеу сіздің тарапыңыздан дөрекілік жасағанмен теңдей болады-ау деп ойламадыңыз ба? – Бәлкім, солай да шығар... бірақ, ол кез – 90-ыншы жылдар, бәріне уақыт сыншы! Уақыт бізден сондай қатаң әрі жинақы, үнемді қызмет істеуді талап етті. Бүгін халықпен кездескенде, берген сұхбаттарында Елбасымыз –Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 90-ыншы жылдардағы елі­міздің басынан өткен ауыр қиын­шы­лық­тарды әрдайым еске салып отыруы да сондықтан. Шүкір, бәрі де артта қалды. Ол кезде біз Тәуелсіз еліміздің іргесін жаңадан ғана қалап жатыр едік. Әлгі айтқан «шапанның соңын ала» жоғары жаққа қарай «домалақ арыздар» домалай бастады. Араға уақыт салып облысқа келген Президентіміз өңірдегі атқарылған істерге баға бере келе, халықтың алдында «...Амалбектің қатты кеткен жерлері де бар шығар. Бірақ, облыста атқарылып жатқан оң  істер бар. Қателігін уақыт түзетер» деп айтқан сөзі де маған жігер берді. Облыс көлемінен таңдап отырып барлығы 47 кәсіпорынды іріктеп бөліп, республикамызда тұңғыш рет арнайы экономикалық бағдарлама жасаттым. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеретін, өздерінің де тез көтерілетін мүмкіндігі бар бірден-бір күш осы мекемелер екеніне олардың да сенімін арттырып, өзімнің де көзім жетіп тұрды. Бұл – 1995 жылдың 28 қарашасы болатын. Қазір «Баласағұн», ол кезде «Химик» деп аталатын Тараздағы кең сарайда бүкіл кәсіпкерлерді жиып, облыста алты ай бойы оларға құқықтық-салықтық талап­тарға сай тексеруді тоқтату туралы мораторий жарияладым. Қылмыстық тұрпаттағы асқынған іс болса ғана тексеруге рұқсат еттім. Қым-қуыт кезең, тез қимылдамасаң кеш қаласың, асығып жұмыс істедік.... – Қала өзінің тарихи атауын облыс­ты сіз басқарып тұрғанда қайтарып алды емес пе? – Иә, 1997 жылғы 8 қаңтардағы Президент Жарлығымен Жамбыл қаласының атауы Тараз деп өзгертілді. Ол бір күннің ісі емес, оған дайындық алдын ала жасалынған. Осы арада бір дерек айта кетейін: кеңес заманында қаланың атқару комитетінің бұрынғы төрағасы шаһардың кіреберіс жолына шіркеу салуға рұқсат беріп қойыпты. Менің өз басым діни көзқарастарды өте қатты сыйлайтын азаматпын. Солай бола тұра, көне әрі қазақи қаланың дәл қақпасына шіркеудің салынғаны көзіме шіркеу болып, намысымды жаныды. Әділетсіз шешімге амал таба алмай, іштей қатты қиналдым. Ақыры ойдан ой туып, шаһарға Шымкент жақтан келіп кіретін үлкен жолдың бойынан шығыстық қазақи нәшпен, өрнек-оюымен зерлеп, қос көк күмбезді үлкен қақпа салдырдым. Көңілім содан соң ғана жай тапқандай болды. Одан Елбасынан қаладағы Қарахан мазарының жанынан үлкен мешіт салдыруға рұқсат алдым. Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынысымды құптап, мешіттің алғашқы кірпішін өзі қалап, алдағы 100 жылдан кейін келетін болашақ ұрпаққа арнап хат жазып, құтыға салып, батасын берді. Тараз атауына байланысты Нұрсұлтан Әбішұлының менің идеяма қуана ой қосқаны да есімде. Қар жауып тұрды... Қарахан күмбезінің астында тұрып Президентіміз қаланың атын өзгерту туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Ол кісінің болашақты тереңнен болжай қоятын көрегендігіне сонда  қатты таң қалдым. Сол жолғы сапарында Президентіміз кезінде еліміздің оңтүс­ті­гін­дегі Жібек жолының бойындағы бой көтеріп дүрілдеп тұрған бар­лық 7 шаһардың тарихының жілік-майын шағып, «көзімді ашып», бастаған ісімді баянды етуге жол сілтеп кетті. – Қазақ хандығының 550 жыл­дығында сіздің сол қақпаңыз – халық айтатын «Тшанов қақпасы» байырғы қаланың көркіне көрік қосып тұрды... – Оған қуаныштымын. Сол қақпаға  «Кітап патшасы» атанған «Шахнаменің» авторы Фердоусидің «Мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың» деген сөзін әдейі ойдырып жаздырдым. 935-1020 жылдары өмір сүрген шайырдың осы сөзінен асқан Тараздың көнелігін құптайтын құжат қолымызда бар ма еді ол кезде, өзің айтшы? Шынтуайтына келгенде, шаһардың әдемілігін шайырлар ол қалада тұратын сұлулардың ай жүзімен әспеттегені рас та ғой?! – Амалбек Қозыбақұлы, облыс әкімінің қызметінен не үшін босатылдыңыз? – Мені Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Тәртіптік кеңесінің алғашқы отырысы  қызметтен босатты. Бұл 1998 жылдың қаңтары еді. Жамбыл деп келіп, Тараздан... кеткен әкіммін. Партия-кеңес қызметінде жұмыс істемеген тәжірибесіздігім кейбір  қателіктер жіберуге себеп болды. Мен үнемі өндіріс басқарып келген адаммын. Өндірістің етіме жақын басқару тәсілдерін ел басқаруға араластырдым. Менің қателігім – сол. Партиялық-комсомолдық стильде қызмет етудің ішкі тетігін білмедім. Одан соң бір кездесуде Президенттің өзі: «Амалбек, осы сенің неге жауың көп?» деп ескерту жасағанының мәнін де кеш түсіндім. – Ол өкініш бүгінге дейін ұмытыл­ған да шығар, арада сан жылдар өтті ғой?! – Әрине, әрине... Елбасының командасында бірге жүріп, сол бір қиын-қыстау кезеңді – 90-шы жылдарды...  бастан аман-есен өткердік. Таңды таңға ұрып қызмет істеген кездердің әрбір сәті жадымда. Бір өкініштің кеудемде қалғаны рас – облыста өзім бастаған экономикалық  жоба бойынша бірқатар ісімді аяқтап үлгере алмадым. Қазір қанша жерден әлемдік дағдарысқа ұрынып жатырмыз десек те, дәл сол кездегідей – 90-ыншы жылдардағыдай емес қиындық байқалмайды. Еліміздің еңсесі биікке көтерілген, Елбасымыздың ұстанған мемлекеттік бағыты оқтай түзу! Сол себепті де, елдің басына тікелей төніп тұрған әлеуметтік қауіп-қатер жоқ дер едім. Көңілдеріне келмес деп ойлаймын, бүгінгі күннің әкімдеріне де ел ішінде, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл... Қаражат бар. Кадр жеткілікті. Тіпті, кейде облыстардың мемлекет бөлген қаржыны игере алмай қайтарып жатқанын естігенде «мұндай да қызық болады екен-ау» деп таңданамын. Мемлекетіміздің басшысы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспары  бүгінгі әкімдер атқаратын бүкіл қызметтің картасы, бағыт беретін шамшырағы емес пе? Одан артық не керек?.. Президентіміздің дара жолы – дана басшылығы арқасында 25 жылдың ішінде қайбір елдер 100 жылда жете алмаған жетістікке қол жеткіздік. Әрқашан осыған тәубе етемін, тәубе етейік! – Амалбек Қозыбақұлы, шынайы сұхбатыңыз үшін рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ