28 Желтоқсан, 2016

Әлеммен әріптестігіміздің әлеуетін көрсеткен жыл

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан сыртқы саясатының 2016 жылғы негізгі қорытындылары мен келесі жылдың басым бағыттарына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған қатысқан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мемлекет басшысының биылғы жылы өткізген маңызды шетелдік сапарлары мен еліміздің халықаралық саяси аренадағы айтулы іс-шаралары жөнінде әңгімеледі. «Биыл Мемлекет басшысы 21 шетелдік сапар жасап, шет мем­лекеттердің, үкіметтердің жә­не халықаралық ұйым­дар­дың 15 басшысын қабылдады. Жыл басынан бері 49 халық­аралық шара мен 81 екіжақты сапар өтті», – деп атап өтті Е.Ыдырысов. Министрдің айтуынша, 2016 жылы шетелдерде сау­да-эко­номикалық және инвес­тициялық та­қырыптарды қам­тыған 300-ден астам шара ұйымдастырылған. Олардың қа­тарында экономика күндері, бизнес-форумдар, дөңгелек үстелдер секілді шара­лар бар. «Қазақстанға шетел­дердің 600-ден астам іскерлік жә­не экономикалық орта өкілдері сапармен келді», – деді ол. Соны­мен қатар, Сыртқы істер министрі биыл Бразилия, Шри-лан­ка және Израиль елдерімен виза­сыз режімге өту туралы, сон­­дай-ақ Жапониямен жеңіл­де­тіл­ген режімге өту жөнінде ке­лі­сімдерге қол жеткізілгенін мәлім­деді. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының арнайы біржақты шара­ларының арқасында 2014 жылы 10 елмен, 2015 жылы 19 елмен визасыз режім енгізілді. Ал 2017 жылы бұлардың қата­ры 45 елге жетеді», – деп атап өтті Е.Ыдырысов. Оның айтуын­ша, 62 елдің азаматтары Қа­зақстан аумағына визасыз кі­руге мүмкіндік алып отыр. Бұ­ған қоса, тағы 19 елмен сәйкес екі­жақты келісімдерге қол қойылған. Сондай-ақ, Сыртқы істер мин­истрі халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне шет мем­лекеттердің кең ауқымда қаты­суын қамтамасыз ету жө­нін­де үлкен жұмыстар ат­қарыл­ғанын жеткізді. «Бастап­қыда көрменің тіркеу құжатта­масында 100 мемлекет пен 10 ха­лықаралық ұйымның қаты­­суы жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда біздің жұмы­сы­мыздың нәтижесінде ЭКСПО-2017 көрмесіне 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым­ның қатысатыны расталды. Жос­пар орындалды. Дей тұр­ған­мен, жұмыс мұнымен тоқтап қал­майды. Біз әлі де халықаралық қа­тысушыларды ЭКСПО-2017 көр­месіне тарту үдерістерін бел­сенді түрде жалғастыратын боламыз», – деді ол. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»