Алматыдағы қысқы Универсиада аумағындағы Атлеттер ауылы әлемнің 55 елінен келетін спортшыларды қабылдауға сақадай сай отыр. Қалашықтағы құрылыс жұмыстары 2014 жылғы желтоқсанда басталып, биылғы жылғы тамыз айында толық аяқталған.
Дирекцияның айтуынша, мұнда спортшыларға керекті нәрсенің бәрі бар. Атлеттер ауылы бір мезетте 5 мың адамды қабылдай алады. Онда 1 кісілік орыннан бастап 3 кісілік жылы әрі ыңғайлы жатын жайлары жасалған. Сондай-ақ, әлемнің әр түкпірінен келетін шетелдік меймандар Қазақ елінің ұлттық аспаптарымен және ән-күйімен де танысады. Атлеттер ауылында ашылған мұражайдан Әміре Қашаубаев пен Жүсіпбек Елебековтің домбыраларын, Шашубай Қошқарбайұлының сырнайы мен Сматай Үмбетовтің қылқобызын және басқа белгілі тұлғалардың аспаптарын көруге болады. Ал жақын күндері спортшылар қалашығында діни және мәдени орталықтар мен сән салондары ресми түрде ашылады.
– Спортшылар қалашығында 1748 пәтер бар. Өздеріңіз көріп отырсыздар, барлық жатын бөлмелер дайын. Жылу берілді. Жуынатын және төсек орындардың барлығы сапалы құрылыс материалдарымен жасалған. 55 елден 3 жарым мыңдай үміткер келеді деп күтіп отырмыз. Бұл – Универсиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш, – деді осы орайда Атлеттер ауылы департаментінің жетекшісі Сәнім Шәріпова.
Талғат Сүйінбай,
«Егемен Қазақстан»