29 Желтоқсан, 2016

Әкімдер халықпен араласуға қорқа ма?

269 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ауылдағы ағайын өздерін мазалап жүрген мәселелерін әкімге үш жолмен жеткізуге мүмкіндігі бар. Ең алдымен, ауыл, аудан, облыс басшылары қатысқан үлкен жиын кезінде ортаға салады. Сосын әкім тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдаған кезде айтады. Ең соңғы мүмкіндік әкімге арыз жазу, әкімдіктің сайтына, блогына сұрақтар қою болса керек. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген, халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, жұрттың алғысын, батасын алған әкімді де ел жақтап, басына көтеретіні анық. Негізі әкімнің бас­ты міндеті сол халықтың жағдайын жасап, мәселесін шешу емес пе? – Облыс әкімі аппаратының ба­қы­лауында тұрған мәселенің бірі – әкімдердің халық алдында берген есебін­де көтерілген мә­селе­лердің орындалуы, –  дей­ді Жамбыл облысы әкі­мі аппа­ратының басшысы Рах­ма­тіл­да Рахманбердиев. – 2015 жыл­ғы атқарылған жұмыстардың қо­ры­тындысы бойынша облыс­та 379 есеп беру кездесулері өт­ті. Жалпы 1107 ұсыныс енгі­зіл­ді, оның ішінен 207 мәселе ба­қылауға алынып, бүгінде 74-і өз ше­шімін тапса, 133-і орындалу үстін­д­е. Тек 3 мәселе шешілмеді. Атап айтар болсақ, Жамбыл ау­дан­ының орталық емханасына уро­лог дәрігері қарастырылмады. Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылына қосымша үй телефондарын орнату мәселесі шешілмеді. Шу ауданы Бірлік ауылының Панфилов көшесіне асфальт төсеуге жобалық-сметалық құ­жат­тар дай­ын­далмады. Әрине, бар-жоғы үш-ақ мә­селе шешілмей қал­ды. Бірақ, аудан бас­шылары тиісті бақылау жасағанда мұның бәрі шешілуі мүмкін мәселелер еді. Тағы бір айтары, Жамбыл облысын­дағы ауыл әкімдерінің аппараттарын нығайтуға барлығы 310 штат бірлігі бе­ріл­ген екен. Дегенмен де бүгінде жер­гілікті 127 штат бірлігі бос тұр. Әсіресе, Қордай, Жуалы, Шу, Мойынқұм аудандары бұл мәселеге жете мән бермей отыр. Енді әкімдердің тұрғындарды қабыл­дау мәселесі туралы айтсақ. Негізі жеке және заңды тұлға­лардың өтініш­терін қарау туралы заңға сәйкес мемлекеттік орган басшысы мен оның орынбасарына кемінде айына бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау міндеттелген. Әйтсе де, Мойын­құм ауданы әкімі­нің орынбасар­лары жыл басынан бері бірде-бір азаматты қабылдамапты. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе, Мойынқұм ауданындағы Қызылтал, Кеңес, Биназар, Бірлік, Талас ауданының Ойық, Берік­қара ауыл әкімдіктерінде бұл бойын­ша тиісінше ресімделіп, тіркелген бір­де-бір құжат болмай шыққан. Ал, Шу ауданының әкімдігі Премьер-министрдің өкімдерінен туындайтын 2 тиісті қаулыны қабылдамаған. Қор­дай ауданының әкімдігі тарапынан «Құқықтық актілер туралы» заңы­ның талапт­арын бұза отырып, құзыретінен тыс қаулы қа­был­дау фактісі анықталған. Мұның барлығы әрине, ау­дан­­­дарда бақылау мен ішкі орын­­даушылық тәртіптің төмен екендігін көрсетеді. Бұған ең алдымен, мемлекеттік органның бірі­нші басшысы жауапты екенін ұмытпау керек. – Сортөбе – халық тығыз орна­ласқан ауыл, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабыл­да­ғаны туралы бірде-бір құжат тіркелмепті... Бұл қалай болды сонда? – деп Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев алқа мәжілісінде Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев­қа сауал тастады. Бірақ аудан әкімінің жауабы күлкілі шықты. – Сортөбе ауылының әкімі жұ­мыстан босап кеткен болатын. Сол кетерінде тір­кеу журналдарын алып кетіпті. Келген тек­серушіге ештеңе көрсете алмадық... – деген аудан әкімінің уәжіне зал толы халық ду күлді. Қарапайым халық пен әкімді байланыстыратын, арасын жа­қын­­дастыратын мүмкіндіктің бірі әкімдіктің сайтынан ақпарат алу, әкімнің блогына сұрақтар қою екенін жоғарыда айттық. Оның үстіне, бүгінде жоғары ақпараттық технологияларды пай­далануға басымдық берілуде. Бұл орайда мемлекеттік орган­дар арасында электронды құжат алмасудың бірыңғай жүйе­сі толыққанды жұмыс істеп тұр. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның талаптарына сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен кәсіп­орындар белгі­лен­ген интернет ресурстары ар­қылы тұрғындарға ақпарат­тың толық және сапалы түрде жеткі­зілуін, олардың сұрақтары мен көтерген мәселелеріне жауап берілуін қамтамасыз етулері тиіс. Дегенмен, бұл мәселенің де орын­далуы жоғары деңгейде деп ай­туға келмейді. Жамбыл облысы әкімі аппара­тының басшысы Рахматілда Рах­ман­бердиев­тің айтуы­на қара­­ғанда, Қордай, Мойынқұм, Жуа­лы, Талас, Т.Рысқұлов аудан­дары әкім­дерінің блогтары белсенді жүр­гізілмейтіндігі анық­талыпты. Әкімдердің ресми сайт­тарының жағдайы да көңіл көншітерлік емес. Себебі, сайтты құруға қаржы бөлінгенімен, оның әрі қарай жұмыс істеуіне және дамуына, жаңартуға қаржы жоқ. Бөлінбейді. Осының салдарынан сайттарға өзгерістер ен­гі­зілмейді, ондағы  сілтемелер жұм­ыс істемейді. Мәселен, Қордай ауданы әкі­мі­нің блогына тұрғындардан өткен жылдың 17 ақпанында соңғы мәрте сұрақ түскен екен. Одан кейін жаңартылмаған. –  1,5 жылдан бері блогқа бірде-бір сұрақ түспепті. Бұл қалай болды сонда?.. – деп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қордай ауданының әкіміне тағы сұрақ қойды. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың жауабы тіптен күлкілі шықты. – Аудандық әкімдікте жұмыс істейтін бір келіншек жүктілігіне байланысты декреттік демалысқа шыққан ғой. Сол электронды кілтті алып кетіпті. Сол кілтті қай­та­дан жасатамыз деп жүріп қалдық... Қордай ауданы әкімінің осы уәжіне зал ғана емес, төрде отыр­ған облыс басшысының өзі де күлуге мәжбүр болды. – Бұл не болып кетті сонда? Әрине, бала саны көбейіп, де­мо­графиямыздың артқаны жақ­сы... Бірақ сендер әр кеткен адам­ның артынан бірдеңе жоғал­т­- ­­пай, жұмыстарыңа мұқият бол­саң­дар­шы... Бір жарым жылдан бері бір кілтті жасата алмадық дегендеріңе кім сенеді? – деген облыс әкімінің сөзін Қордай ауданының басшылығы әзіл­г­е баламай, дұрыс түсініп, содан оң қорытынды шығара білсе, қанеки... Аудан әкімі Қайрат Досаевтың бұл жауабы Қордай әкімдігінде тәртіптің, бақы­лаудың, жауапкершіліктің жоқ екенін айғақтап тұрғандай. Енді ертең­гі күні Қордай аудандық әкімдігінің күзетшісі жұмысынан босап, есіктің кілтін алып кет­песін деп тілейік... Әйтпесе «Есік жабық» деп, аудан басшылары ұзақ уақыт бойы ғимаратқа кір­мей, сыртынан қай­тып жүре бермесіне кім кепіл? Айтпақшы, тапсырма сапалы және уақтылы орындалуымен де құнды емес пе? Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министрдің Кеңсесінен келіп түскен  құжаттардың 940-ы бақылауға алыныпты. Сондай-ақ, бақылауда облыс әкімдігінің 8 қаулысы тұр. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістер мен кеңестерде барлығы 1022 тапсырма берілген. Әрине, тапсырмалар белгіленген мерзімдерде орындалған. Жалпы, кадр саясаты мем­ле­кеттік қызметте, оның ішкі жұ­мысы мен тәртібінде шешу­ші рөл атқаратындығы белгілі. Алайда, облыс әкімдігінің бас­қармалары мен аудан әкімдіктері қандай да бір бұзушылықтар мен кем­ші­лік­терге жол берген лауазым иелеріне тәртіптік шара қол­­данғаннан кейін мерзіміне жет­кізбей, тәртіптік шараны алып тас­тауды әдетке айналдырып алыпты. Жыл басынан бері әкімдер тарапынан барлығы 90 мем­лекеттік қызметкер түрлі тәр­т­іптік жазаға тартылса, оның 50-нің тәртіптік жазалары мерзімінен бұрын алынған. Әрине, облыста мемлекеттік қыз­мет­шілердің біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау, мемлекеттік орган­дар арасында қызметкерлерді тағылымдамадан өткізіп, тәжірибе алмасу, жал­пы­ға бірдей құқықтық оқыту жұ­­мыс­тары ұйым­дастырылуда. Бұл жұмыстар нәтижесіз де емес. Мәселен, жыл сайынғы мем­лек­еттік органдар жұмысы­ның тиім­ді­лігін бағалауда Жамбыл об­лысы әкімінің аппа­раты екінші жыл қатарынан облыс­тар арасында жоғары бағаланып келе­ді. 2014 жылы ең жоғары бағаланған орындаушылық тәр­тіп пен құқықтық қам­тамасыз ету бағыттары бойынша, 2015 жылы персоналды басқару және стра­­тегиялық мақсаттар мен мін­дет­терге қол жеткізу және оларды іске асыру бағыттары бойынша жоғары тиімділік нәтижесін көрсетті. Әйтсе де, тұрғындарды қабыл­дап, мәселесіне көңіл аудару, сайтты жаңартып, жұрттың сауалына жауап қайтару, ақпарат беріп отыру аса қиын шаруа емес қой. Әлде аудан әкімдері халықпен араласып, қарым-қатынас жасағысы келмей ме? Халық болмаса әкім де болмайды емес пе? Батыр Баукеңнің «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет» деген нақылын әкімдер жадына түйіп, нақты ісімен дәлелдеп жүрсе ғой, шіркін... Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы