Биыл өңірге қар жылдағыдан ертерек түсті. Ара-тұра аяз қатайып, «кәрі құдаң» қаһарлы қыс мінез танытып та қояды. Қалай болғанда да, қысқы ауа райының өзіндік нағыз тосын мінез танытатын кезі алда екенін ескерсек, жолаушылар үшін де, жол қызметкерлері үшін де жеңіл болмайтыны аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, қысқы жолдың қаупі көп. Оны өткен жылғы қыстағы қиындықтар да ұмыттыра қойған жоқ. Облыстық әкімдікте өткен кеңесте мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібі, жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңде жарақты етіп ұстау мәселелері, сондай-ақ, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысты ағымдағы ахуал жайының талқылануы да сондықтан.
Аймақтағы автожолдардың жалпы ұзындығы 6983,9 шақырымнан астам болады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша, жергілікті маңызы бар 5090,1 шақырым жолды ұстауға 305,7 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстармен 31 кәсіпорын шұғылданады, олардың қарамағында 201 техника бірлігі жұмыс істейді. Бүгінгі күні 2424,5 тонна тайғаққа қарсы және инертті материалдар, 322,3 тонна мөлшерінде дизель отынының қоры жасалды. Бұдан басқа, мердігерлік ұйымдар қар жалдарын тұрғызу арқылы жол бойында қар ұстау жұмыстарын жүргізуде. Қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 49 жылыну пункттері дайындалды.
«Қазақавтожол» РМК облыстық филиалы Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар 1893,8 шақырым жолдың жарақтылығы үшін жауап береді. Осы ауқымдағы жұмыстарға биылғы қысқа 457,6 миллион теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін бұл мекеме 13 қар тазалағыш техникамен толықтырылады. Кідірістерге жол бермеу және жүріс жолдарын дер кезінде тазалау үшін жалпы ұзындығы 4,7 шақырым қар ұстайтын қалқандар тұрғызылды, жергілікті атқарушы органдардың көмегімен «РФ шекарасы (Самара) – Шымкент» автожолы бойынан жүргізушілердің ауа райы бұзылған жағдайда көліктерін иесіз қалдырмай, сол жерде болуы үшін автокөлік құралдары тұратын 3 аялдау алаңдары әзірленді.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдар мен мердігерлік ұйымдар басшыларына жолды жарақты ұстау үшін міндеттемелерінің тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе