Діни қайшылықтар неден туындайды?
Дін біздің қоғамымыздың қозғаушы күшінің біріне айналды. Мемлекет пен қоғамның жаңаруы, тұрақтылығы бүгін діни факторға тікелей байланысты екендігі белгілі. Дегенмен, дін туралы әңгіме бола қалса, біз жөн-жосықсыз ең алдымен «теріс ағымдағыларды» сөз етеміз. Бірақ, ел халқының сол теріс пиғылдағылар мен олардың амал-әрекеттеріне қарсылығы, ашу-ызасы, құрбандарға бауырмалдық көңілі қоғам рухының мықтылығын көрсетеді. Қазақы мұсылмандық наным-сенім мен салафизмді сау организм мен оған жабысқан дертпен теңеуге болады. Мемлекетіміздің зайырлылық сипаты – әртүрлі діндегі барлық азаматтардың басын біріктіретін, ортақ ниеттестікке тәрбиелейтін саясаттанудың алдын алатын құндылық. Мәселе, тіпті мемлекет пен діни бірлестіктердің бөлінуінде емес, еркіндік пен өзара сыйластықта. Зайырлылық – дінді қорғаудың маңызды кепілі, бірақ тек зайырлылық қана діни наным-сенім бостандығына кепілдік бермейді. Толықтай зайырлылық саяси режимге, демократияның үстемді- гіне, мемлекеттік емес ұйымдардың белсенділігіне, идеологиялық плюрализм, тәуелсіз сот, бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамның қалыптасуымен байланысты. Қоғамда «таза» діни немесе «таза» ұлттық мәселелер болмайды, олар экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени проблемалармен астасып жатады. Мемлекет ұлтаралық және діни ахуалды қалыптастыруда реттеуші және үйлестіруші қызмет атқарады. Біздің мемлекет азаматтық келісімді орнату мен қоғамды тұрақтандыру үшін көп күш жұмсап келеді. Бірақ, діни ахуал үнемі даму және күрделену үстінде, ол діни бірлестіктердің де, мемлекет органдарының қызметін де сын көзбен саралауды, соның ішінде салафизмнің себептерін анықтауды қажет етеді. Бір жағынан, саяси күштер дінді өз мүдделерін жүзеге асыруға пайдаланса, екінші жағынан, діни ұйымдар саяси кеңістікте өздерінің саяси көзқарастарын, бағдарларын жақтау, қорғау үшін саяси амалдарға барады. Діни идеялар саяси өмірде елді тұрақтандырушы да, араздық, өшпенділік туғызушы да болуы мүмкін. Діни фактордың мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін көріністері әртүрлі: мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы, конфессияаралық және конфессияішілік қайшылықтар. Мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы, конфессияаралық қайшылықтар негізінен діни сенімге байланысты заңдардың жетілмеуінен туады. Діни ұйымдар тарапынан мемлекеттерге бір дінді қолдап, екіншілерін кемсітеді деген сын да айтылады. Ислам мен православия дініндегілер мемлекет кейбір протестант, салафит секталарына тыйым салу керек деп есептейді. Қазақстан мұсылмандары христиан миссионерлерінің экспансиясына алаңдаушылық білдіреді. Соңғы кезде әр елде де діни бірлестіктердің шамадан тыс саясаттанғанын көріп отырмыз. Дәстүрлі конфессиялар аса саяси белсенділік танытпаса да, «жаңа діни» ағымдар, әсіресе «жаңа ислам», протестант бағытындағылар саяси салаға да шексіз ынта білдіруде. Ресей ғалымдарының деректері бойынша, мысалы, «Саентология шіркеуінің» де әртүрлі елдерде өз қатарларына кәсіпкерлерді, саясаткерлерді тартып, шпиондық топ, ұйымдар желісін құру, әскери және құпия мәліметтер мен ақпарат жинаумен айналысады. АҚШ-та олардың кейбір секталарының жетекшілері сотталды. Ал «Эхоба куәгерлері», кейбір салафиттер ұлттық ту, мемлекеттік символдарды сыйламайтындарын көрсетіп жүр. Кейде Отан үшін қаза тапқандардың ескерткіштеріне тағзым етпейді. Өз секталарынан басқаны мойындамай, мемлекеттік билік пен дәстүрлі діндермен күресті басты мақсат етеді. Бірқатар діни бірлестіктері жетекшілерінің құқықтық білімі, әдептілігі төмен. 2015 жылы қазан айында Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкерлер, діни бірлестіктер мен интеллигенция өкілдері қатысқан жиналысында православия діни бірлестігінің өкілі қазақ мұсылман әйелдерінің киім киісін сынға алды. Бұл орынды сын болғанымен, священниктің кейбір протестант ұйымдарының ел арасына жік салып жүргенін айтпай, мұсылмандарды сынға алғанын имам, молдалар, мұсылмандар түсінбеді. Себебі, жазылмаған этикалық қағида бар: бір діни бірлестік өкілінің басқа бір діни бірлестік ішкі мәселелерін сынға алу, сөз жоқ, қарсылық психология туғызады және бұл әбестік теріс пиғылдағыларға дем береді. Әр діни бірлестіктің проблемалары сол ұйымның өзі илейтін терінің пұшпағы болған соң, басқаның араласуы қандай да бір жанашырлықпен айтылса да жағдайды ушықтыруы да мүмкін. Конфессияаралық қарым-қатынастардың нәзіктілігі де осында. Конфессияішілік қайшылықтар, мысалы, исламішілік, православиеішілік болып, ағымдар арасында, шіркеулер ішіндегі мәселелерден, қаржы мәселесінен туындайды. Қазақстан үшін конфессияішілік қайшылықтар – дәстүрлі ислам дініндегілер мен салафит ағымындағылар арасындағы қайшылықтар. Діни фактор мемлекеттің дін саласын реттеу қызметіне тікелей байланысты. Өкініштісі, ол мемлекетіміздің жастығынан және тәжірибесінің аздығынан болар, елімізде діни бірлестіктерді реттейтін өкілеттікті органдар тез өзгеріп отырды: әуелі үкімет жанындағы хатшылық болды, кейін ол комитетке айналды, комитет агенттікке, агенттік қайтадан комитетке, енді комитет министрлік болып қайта құрылды. Жастар мәселесі де әуелі спорт министрлігінде, кейін Білім және ғылым министрлігіне, одан мәдениет министрлігіне, бүгін Дін және азаматтық қоғам істер министрлігіне берілді. Осы ауыс-түйістер барысында әртүрлі басымдылықтарға мән беріліп, осыған орай талай тәжірибелі мамандар жұмыстарынан кетті, олардың орнына басқа адамдар келді. Осылай бірізді жүйелі жұмысты ұйымдастыру ақсады, ол, сөз жоқ, діни ахуалға өз салқындығын тигізді. Дінішілік қайшылықтарды шешуді, әсіресе, салафизмге қарсы күрес мәселесінде қоғамдық пікір екіге бөлініп тұр. Біреулер салафизмге тыйым салу керек десе, екіншілері салафизм идеология, сондықтан идеологияға қарсы күрес идеологиялық жолмен және әлеуметтік саясатты жетілдірумен ғана тиімді болады деп есептейді. Ресейде, мысалы, респонденттердің 55 пайызы және сарапшылардың 44 пайызы террористердің көзін жою керек деп есептесе, 49 және 71 пайызы оның астарында әділетсіздік, қысым жатыр деп есептейді. сарапшылардың қолданысында «питательный бульон терроризма» деген ұғым бар. Лаңкестіктің қазаны әлсіз, өзінің тікелей функциясын орындай алмайтын, әділетсіздік пен зорлық басым елдерде қайнайды деген тұжырым бүгін басымырақ. Біздің мемлекет салафизмнің алдын алу жұмысында қазақстандықтардың ар-ұятына, имандылығына сеніп отыр, полициялық режиммен күреске жүгінуді басым көпшілік те қолдамайды. Күшке сену айналып келгенде терроризмге қайта серпін беруі де мүмкін. Салафиттерді заң тұрғысынан шектеу де тыйым салумен бірдей. Ал «құрту» – большевиктердің саясаты. Салафиттердің арасында аңқау, сөзге ерген, топқа кіріп тәуелді болып жүргендер де бар. Біз олармен диалогке барып, жылы сөйлеп, ақылмен бауырымызға тартуымыз керек.«Ислам интернационализмі» – жалған бауырластық
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, ислам қазақ қоғамында үш кезеңнен өтті. 90-жылдары жалпы исламды белсенді насихаттау басталды, дәстүрлі ислам өкілдері салафизмге сақтанып қарағанмен, әлі түсіне бермейді. 2000-жылдардың басынан «жаңа исламның» дәстүрлі қазақы исламмен үйлеспейтіндігі анық көрініс алды, олар шабуылға шыға бастады. Осы ғасырдың екінші онжылдығында салафиттер ашық террористік әрекеттерге көшті. Олардың халықты өздеріне тартатын, қоғамды да ойландыратын, өз ақиқаттары бар: қымбатшылық, экономикалық дағдарыс заманында ысырапшылдықтан арылу. Ысырапшылдық жемқорлыққа итермелейді, сый-сыяпаттың астарында да сыбайластық жатады. Бүгін біздің қоғам исламды ой елегінен өткізіп, саралау, түсіну үстінде. Сыртқы күштердің де ықпалы күшті. БАҚ бүгін жаппай қорқыныш, үрей, торығу, дүрбелең, байбалам, зорлық-зомбылыққа бейімділік туғызып отыр. Мысалы, АҚШ-та бүгін саяси, әлеуметтік жағдайларға байланысы жоқ, мағынасыз террористік актілер көбейіп, ешқандай кінәсі жоқ адамдар құрбан болуда. Америкалық сарапшылар оны теледидардың ықпалымен түсіндіреді: 18 жасқа дейінгілер 40 мыңдай зорлық-зомбылық актілерін көреді. Ал Ресейде орта есеппен 17 жасқа дейінгілер 18 мың сондай оқиғаларды көреді екен. Ресей теледидарына тәуелді қазақстандықтар да қылмыс-қияметті аз көрмейді және оның салдарын біз де бүгін сезініп отырмыз. Бүгін «ислам әлемі» дағдарыста, бірде-бір шариғат билеген кемелденген мұсылман мемлекеті жоқ. «Мұсылман елдері» деп олардың тарихи тегіне, онда тұратын мұсылмандардың санына қарай ғана айтылады. Ол елдердің басым көпшілігінің заңдары исламға негізделмеген, керісінше, Батыстың, христиан елдерінің менталитеті, ойлау жүйесі, дәстүрлері, мәдениеті, құндылықтары, тұтынатын тауарларына дейін басым. Бір кезде ұлы мұсылман Халифатына енген елдерде Алла тыйым салғандардың барлығы көрініс алып отыр: көпқұдайлық, ішімдік, құмар ойындар, бұзықтық, тағы басқалар. Сөйте тұра, орамал тартуға, бірқатар орындарда намаз оқуға, басқа да шектеулер көп. Қордаланған күрделі мәселелер бейбіт реформалар жолымен ғана шешілуі мүмкін. Бүгінгі салафиттер саяси-идеологиялық ұстанымдары жағынан большевик-коммунистерге ұқсас жолға түсті, тіпті олармен үйлесім тауып жатыр. Марксистер «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп тұтас ұлттарды әлеуметтік таптарға, топтарға бөлді, оларды бір-біріне қарсы қойды, өшпенділік туғызып, ақтар мен қызылдар деп азамат соғысына ұшыратты. Бүгін салафиттер «Барлық елдердің мұсылмандары, бірігіңдер» деп, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді мансұқтап, «пролетар интернационализмі» орнына «ислам интернационализмі» идеологиясын алға тартады. «Ислам мемлекеті» деген ұранмен қантөгіске барып жатыр. Бұл, жалған исламдық бауырластық. Ислам ұлттық құндылықтар мен дінді қарсы қоймайды. Индонезия мен Африка мұсылмандарының, арабтар мен парсылардың ұқсастығынан гөрі айырмашылықтары басым. Әлемге тараған ислам елдерінде әр ұлт өз төлтума ерекшеліктерін сақтап келген. Ислам әлемі арабтық, парсылық, түрік, соңғы уақытта малай өркениетінен тұрады деген пікір орнықты. Қазақтар да исламды қабылдағандықтан ғана қазақ болған жоқ, ислам дінінің қазақтың дәстүрі мен мәдениетіне үйлесімдігінен ол қазақтың наным-сенімінің діңгегіне айналды. Ғалымдардың пікірі бойынша, сонау VІІІ ғасырда енген ислам тек ХІХ ғасырда қазақтар арасында берік орнықты. Қазақ дүниетанымы, дәстүрі исламмен әрекеттесіп, қазақ халқының тұрмыс тіршілігінің барлық жақтарында ерекше көрініс алды. Ислам оның алдындағы діни ұғымдар, наным-сенімдерді теріске шығармады, мұсылмандыққа дейінгі дәстүрлер ұзақ мерзімде ислам діни дүниетанымына сіңісіп, мұсылмандық сипат алды. Олар өмірдің әртүрлі салаларында, мысалы, мұсылман әулиелерін пір тұту, отбасылық – тұрмыстық қатынастар да (үйлену, нәрестелі болу, сүндетке отырғызу, жерлеу, басқа ғұрыптар) сақталды, исламданды, мұсылмандық жол деп санаға сіңді. Космогониялық наным бойынша, әр адамның жұлдызы бар, жұлдыз ағып түскенде бір адам өмірден өтті деген наным болды. «Жұлдыз ұшты» деген сөздің бір мағынасы дүниеден озды дегенді білдіреді. Ислам ол наным-сенімді қолдады.«Дінімізді қорғау – ұлтымызды қорғау»
Қай дін де ондаған секталарға бөлінеді. Исламтанушылардың айтуынша, көне тарихи және бүгінгі ағымдардың санын анықтаудың өзі мүмкін емес сияқты («Книга исламских сект и вероучений. Москва. 2007ж.). Қым-қуыт бір-біріне қарама-қарсы ағымдар мен шым-шытырық оқиғаларды талдау бүгін салафи ағымындағылар түгілі, теологтар арасында да пікірталастар туғызады. Теологтар, оның ішінде, әсіресе, абақтыда отырған салафиттермен жұмыс жасайтындар жастарды террористік әрекетке итермелейтін ағымдарды саралап, түрліше ой жүгіртіп, кейде діни ілімнің қызығына да бойлап, нақты өмірден аулақ кетіп те жатады. Дегенмен, олар салафиттерге үстіртін естіген-білгендерін, көргендерін бұлтартпайтын шындыққа балау, басшылыққа алу, сыни көзқарас деңгейіне көтере алмау, аяттар мен хадистерді тура, төтесінен қабылдау мәдениеті тән деп орынды диагноз қояды. Сондықтан олардың ақыл-ойын шынайы жолға салу амалдарын аяттар мен хадистерден табады. Бірқатар сотталғандар олардың уағыздарын қабылдаған болып, темір тордан құтылудың амалын іздейтіндер де баршылық. Бірақ, бостандыққа шыққаннан кейін қайтадан салафизмге оралатындары да аз емес. Біздің теологтар адамдарға абстрактылы, тек діни пенде ретінде ғана қарайды. Оның отбасы мүшесі, ұлт, ру, мемлекет азаматы, бірқатарының кәсіби маман екендігі, әлеуметтік ортаның, саяси жағдайлардың, халықаралық ахуалдың олардың діни ұстанымына әсер ететіндігіне назар аудара бермейді. Салафиттердің қатарын толтыратын әлеуметтік себептер де бар: материалдық теңсіздік, орынды, орынсыз өкпе, ашу, жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік. Осы жағдайлар қылмыстық орта да қалыптастырады. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп, байлыққа, ақшаға табынбайтын қазақ не өндіріп байығаны белгісіз байларды да қабылдамайды. Бүгін жемқорлық әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін біріктіретін факторға да айналып отыр. Ақтөбе облысындағы бірқатар уақиғалар соны аңғартады. Жемқорлық індетіне шалдығып, наным-сенімін сатқан салафиттер мен антынан аттаған қызметшілер, бизнестегілер бір-біріне жабысып, бірлесіп талай жыл қылмыс жасап келді. Қоғамдық пікір Ақтөбе облысындағы 2011 жылы Темір ауданында болған оқиғалардың астарында қаржылық себептердің барлығына бірден назар аударды. Салафи бағытын ұстанушы жастар шикі мұнай ұрлаумен айналысып, оны зауытқа жеткізіп тұрған, түскен пайданы полиция қызметкерлерімен бөлісіп отырған. Кейіннен түскен пайданы бөліскенде салафит ұрылар мен полицейлер арасында келіспеушілік, жанжал туып, салафиттерді ұрып-соғып, түрмеге де отырғызған. Сондықтан өш алу мақсатында салафиттер полицейлерді өлтірген, бірақ қашып құтыла алмаған. Қарулы қақтығыс кезінде осы қылмысқа қатысқан, салафизм ағымын қолдамайтын, бірақ тиын-теңге үшін ерген, куәгер бола алатын қатысушылардың көздері құртылды. Осының өзі салафиттерге ниеттестікті күшейтті. Дегенмен, 2011 жылғы оқиғалар терең сараланбады. Қылмыстық топтың мүшелері толық анықталмады. Тек 2016 жылы желтоқсан айында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Өкініштісі, салафиттер мен лауазымды қызметкерлердің бірігіп қылмысқа баруы, бір жағынан, салафиттердің билікте қолдаушылары бар деген пікір туғызса, екінші жағынан, биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Террористерге идеялық қолдаудан да қаупі кем емес тағы да бір жағдай белгі береді. Ақтөбе облысындағы үш рет қайталанған террористік әрекеттен кейін, осы жат ахуалға үйрену, оны бір құтыла алмайтын тағдыр деп қабылдау психологиясы да сезіледі. Өзінің отбасының амандығы үшін қорқыныш адамдардың жігер-қайратын жасытады, құтын қашырып, бас игізеді. Осылай әркім өз басының амандығын ойлап, қоғам бытырап, терроризмге қарсы күресудің орнына оған көнуге икемделу, қауіпсіз, әділ өмірге сенімді азайтатын ахуал орнығады. Енді ақиқатты бұрмаламай, айыптылардың әділ жазасын алуы қоғамның санасын сауықтырудың басты жолы болып отыр. Бүгін салафизмге қарсы күресте біздің мемлекет өз таңдауын жасады және дұрыс жасады: күшке сене бермей, әлеуметтік, саяси, идеологиялық жұмысты жетілдіру. Біріншіден, ең алдымен, ауыл жастарын квотамен көбірек оқуға тарту маңызды мәселенің бірі. Екіншіден, ішкі саясатта халықты тәрбиелейтін, парасатты жол сілтейтін, атыс-шабыстан алыс кинофильмдер, қоғамда имандылық ұялататын театрларды қаржыландыру, қазақ салт-дәстүрін насихаттайтын мәдени құндылықтарға зор мән беріп, халықты жалықтыратын қасаң ми, үйренген, ығыр болған арзан «мәдениетке» тыйым салу. Үшіншіден, жұмыссыздық пен кедейшілікті еңсеру жолдарын жетілдіре беру. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт өз жемісін бүгін емес, ертең береді. Жұмсақ саясат, қоғамды демократияландыру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру өте маңызды. Қазақ қоғамындағы рухани ахуалды, оның діни келбетін айқындайтын бүгін салафиттер емес, сан жағынан да, сапа жағынан басым қазақы исламдағы, дәстүрлі дінімізді қолдайтындар. Қазақи мұсылмандықты ұстанатын ғалымдар, мұғалімдер, инженерлер, ақын, жазушыларды, басқаларды, әсіресе, жастарды үнемі БАҚ-та насихаттау әлі дағдыға айналмаған. Қазақстан зайырлы мемлекет, бірақ мұсылман елі. «Ұлт жоспарының» 87-қадамындағы біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу барысында Қазақстан мұсылмандарының жан-жақты өмірі туралы ақпарат орналастыратын болар. Қазақы исламды қолдайтындар әлі де жасқаншақ, әсіресе, ауыл мұғалімдері, дәрігерлер, мәслихат депутаттары, ардагер ата-аналар өздерін салафиттер алдында төмен ұстайды. Қазақтың қоғам қайраткері, интеллектуал Ілияс Омаров (1912-1970) «қазақтардың зиялылары сыпайы, ұстамды, зияндылары арсыз, бетпақ келеді» деген. Салафизм тараған елдерде, мысалы, Мысыр, Алжирде, жергілікті халық бірлесіп ұлттық дәстүрлерін қорғап, салафиттерге тойтарыс беріп, шеттетіп, оқшаулап, елдің ықыласын өздеріне тартып отыр. Қоғамның белсенділігі құқық қорғау органдарының қызметін де жеңілдеткен. Біздің қоғамда әлі де салафизмге қарсы күрес тек погондылардың қызметі деп ойлайтындар басым. «Дінімізді қорғау – ұлтымызды қорғау» деген қоғамдық қозғалыс бізге де тиімді болады.Мемлекет дінді реттеуші болуы керек
Бүгін діни бірлестіктер өз ортасына жағымды ықпал ететін субъект ретінде қарастырылмайды. Ал мемлекеттік органдар ашық диалогтарға бармай, жағдай қалыпты деген пікірден аспай отыр. Діни бірлестіктер заң тұрғысынан дербес дегенімізбен, дін саласында күштік құрылымдардың да ықпалы аз емес. Түзету мекемелеріндегі қарым-қатынас демократиялық мәдениет пен сыйластықтан алыс. Түзету мекемелері экстремистік көзқарас таратудың ерекше әлеуметтік ортасына айналды. Сондықтан осы қауіптің алдын алу үшін, бостандығынан айырылған экстремист тұлғаларды арнайы орындарда басқалардан оқшау ұстау қажеттілігі бар. Соңғы кезде халық арасында дін саласында ақпараттық үгіт-насихат жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бірақ экстремизмді тудыратын әлеуметтік мәселелер – жұмыссыздық, кедейшілік, баспана мәселелері шешілмей жатады. Әкімшілік мәжбүрлеу азаматтық бастамаларды ығыстырып, көптеген үкіцметтік емес ұйымдарды назардан тыс қалдыруда. Бірқатар бастамалар тиімсіз деп сынға алынып, олардың қаржылық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері шектелуде. Шетелде діни білім алған кейбір жастарға қатысты да мәселелер баршылық. Оларды заң талаптары мен қазақ халқының этномәдени және ұлттық діни салт-дәстүрлерін білуіне байланысты аттестациядан өткізіп, діни қызметте пайдаланудың қисыны бар. Мемлекет дін саласында әділ реттеуші болуы керек. Елдің Конституциясында бекітілген зайырлылық ұстанымдарына сәйкес, стратегиялық тұрғыдан қазақстандық біртектілікті, ұлттық мемлекет, ұлттық мәдениет, салт-дәстүрлер, қалыптастыру барысында ұлттық діни қайраткерлердің де белсенділігін арттыру аса маңызды. Бұл экстремизмге қарсы иммунитетті қалыптастырудың жалғыз жолы. Адамдардың ар-ожданын, діни құқын мүлтіксіз орындау – мемлекеттің демократиялық, зайырлылық сипатының көрінісі. Ғылым, білім қауымдастығы, жалпы қоғамдық пікір, ар-ождан бостандығы, мемлекет пен діни ұйымдардың қорғауға байланысты жоғары деңгейдегі мамандар дайындау қажеттілігін енді түсіне бастады. Біздің мемлекетте, тіпті барлық посткеңестік елдерде заңгерлер көп болғанымен, бүгін мемлекет пен конфессияаралық қатынастарды реттеуге маманданған заңгерлер жоқтың қасы. Ресейде тек Қазан федералдық университетінде дінтанушы-заңгер мамандығы енді ашылып жатыр. Негізгі мақсат кәсіби деңгейде мемлекет пен діни бірлестіктері конфессияаралық, конфессияішілік дау-дамайды, мәселелерді шешуде мемлекеттік органдарға кеңес беретін, құқық жағынан көмек көрсететін мамандар дайындау болып отыр. Әзірге бұл жалғыз университет. Ал енді өмірде мемлекеттің діни саясатына жауапты мемлекет қызметкерлерінің бұл істе құқықтық білімінің жоқтығы мемлекет пен қоғамға жағымсыз әсер етеді. Мемлекет саясатының тиімділігі өткір проблемаларды талқылау, азаматтардың әртүрлі топтарымен әрекеттесу, «кері байланыс», өз ісін жетілдіріп, «мөлдір» болуға ұмтылуда. Сондықтан Президент жариялаған бес институционалды реформалар аясында дінмен қарым-қатынас саласын демократияландыру қажет. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік органдардың діни бірлестіктермен қарым-қатынасы өзара сыйластыққа негізделіп жеке экстремистерге күштік құрылымдар ғана емес, азаматтық қоғам қарсы тұру үшін қоғамдық ұйымдардың бастамаларын ынталандыру тиімді. Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғалымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры