Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдегі ірі экспорттаушы саналатын 50 елдің қатарына кіреді. Еліміз Түрікменстанға, Тәжікстанға, Әзербайжанға, Қырғызстанға электровоздарды, тепловоздарды экспорттайды.
Қазақстандық кілемдер Германияда, Англияда, Украинада, сондай-ақ, IKEARUSSIA желісінің 52 супермаркетінде ұсынылған, телекоммуникация жабдықтары Иранға, Түрікменстанға экспортталады, MADEINKAZAKHSTAN тауық жұмыртқалары Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне шығарылады. Отандық картридж өндірушісі өз өнімін Беларуське, Түрікменстанға жеткізеді, ерлерге арналған қазақстандық костюмдер Мәскеудің сауда орталығында саудаланады. Бұдан бөлек, нарықта Қазақстан уран экспорты бойынша – 1, ұн экспорты бойынша – 2 және титан бойынша 3 орында. Мұның барлығы – Қазақстанның 25 жыл ішіндегі экспорттық әлеуетті көтеруге бағытталған ерен еңбегінің жемісі. 2016 жылдың қорытындылары бойынша еліміздің тауар айналымы 58 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Оның 35 млрд доллары экспорттың және 23 млрд доллары импорттың үлесінде. Бұл біздің сырттан сатып алғаннан гөрі, көбірек сатып жатқанымызды аңғартады. Еліміздің экспорттық әлеуеті, және оны дамыту мен жылжыту мәселелері бойынша «KAZNEX INVEST» акционерлік қоғамының 2016 жылы атқарған жұмыс қорытындылары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов әңгімеледі.
Оның айтуынша, экспорт көлеміндегі өңделген тауар үлесі 24-тен 35 пайызға ұлғайған. Бұл еліміздің сыртқы нарықтың сұранысына икемделіп, тауарды шикізат түрінде емес, өңдеп экспорттауға бейімделіп келе жатқанын байқатады.
«Экспорттық тауарлардың номенклатурасы 969 позицияға дейін ұлғайды, мысалы, 2008 жылы біз 880-ге жуық тауар позицияларын экспорттадық. Еліміздің экспорт географиясы да кеңейіп келеді, қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 117 еліне тауар экспорттайды. Елеулі дәрежеде бұған индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде жаңа өндірістерді іске қосуға, сондай-ақ, мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді экспорттық қолдау құралдарымен, кеңінен қамтуға ықпал етілді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша дайын тауарлардың экспорты 14%-ға артады деп болжап отырмыз», – деп атап өтті Мейіржан Майкенов.
Сондай-ақ, ол шетел нарығына өнім шығаруды көздейтін отандық кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
«Жалпы, Қазақстанның экспортқа бағдарланған компанияларына қолдау көрсету үшін биыл 66 іс-шара өткізілді, атап айтсақ, отандық 40 кәсіпорынның шетелдік көрмелерге қатысуы ұйымдастырылды, 17 сауда миссиясы өткізілді, шетелдің ірі көрмелерінде Қазақстанның 4 ұлттық стенді таныстырылды. Жыл қорытындысы бойынша «KAZNEX INVEST» қолдауымен өндірушілер 200 млн АҚШ долларына дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, тұз, құрылыс материалдары, ерлердің костюмі, балалар киімі, макарон, ұн, шырын, сусын, кондитерлік бұйымдар жеткізуге экспорттық келісімшарттар жасады. Экспорттаушыларды қолдау бағдарламасының тиімділігі туралы айтқанда, отандық компанияларды экспортқа жылжытуға жұмсалған 1 бюджеттік теңгенің экспорттық келісімшарттар түрінде 59 теңге әкелгенін атап өткен жөн», – деп қорытындылады «KAZNEX INVEST» басқарма төрағасының орынбасары.
Жалпы, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі қызмет ету жылдары барысында өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін Қазақстанның 1500-ден астам өндірушілеріне ықпал етті, 500-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылды, олар бойынша жалпы сомасы 2 млрд АҚШ долларына келісімшарттар жасалды.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»