Қызылорда облысында бүгінгі күні 889 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның тек 409-ы тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференциясында Қызылорда облысының Азаматтық альянсы қауымдастығының жетекшісі Ақтолқын Сунгур хабарлады.
«2016 жылдың 1 тамызынан бастап, Азаматтық альянс облыстық ішкі саясат басқармасы тапсырысына орай «Социум», «Ақпараттық-ресурстық орталық» және Байқоңыр қаласы, Төретам, Ақай елді мекендері бойынша ҮЕҰ-ларды дамытуға бағытталған ресурстық орталық жұмысын ұйымдастыру жобаларын жүзеге асырып келеді. Бұл үкіметтік емес ұйымдар жұмысын жандандыруға ерекше серпін берді. Жоба аясында 60-тан астам ҮЕҰ қауымдастықпен бірлесе отырып, 100-ден астам шара өткізді»,- дейді Ақтолқын Сунгур.
Жалпы биыл Қызылорда облысында ҮЕҰ өкілдері 811 млн. теңгенің жобаларын жүзеге асырды. Жуырда Астана қаласында өткен VII Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын айқындау мен жүйелеу шаралары талқыланды. Онда ортақ мәселелер айтылып, мемлекет пен ҮЕҰ-ның қарым-қатынасының жаңа бағыттары белгіленді.