29 Желтоқсан, 2016

Қостанай облысында тағы бір ірі елді мекен табиғи газға қосылды

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Лисаков қаласының іргесіндегі Октябрь кентіне көгілдір отын келді. Ол «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторының «Қостанай облысының елді-мекендерін газдандыру және газ тарату желілерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында кентке жеткізуші және көшеаралық газ құбырларының құрылысын бітірудің арқасында мүмкін болды. Октябрь кентін газдандыру үшін мұнда 3,5 км жеткізуші және 36 км көшеаралық құбыр салынды. Елді-мекенде 4 000 астам адам тұрады. 35 көп қабатты және 700 жеке тұрғын үй газға қосылуға әзір. Сонымен қатар 36 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысанды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Газ құбырын іске қосу салтанатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңір ұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін көптеген жобалардың жүзеге асырылғандығын айтты. «Соның ішінде «ҚазТрансГаз» Ұлттық операторы және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен біздің облысымыздың елді мекендерін газдандыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы еді. Октябрь кентін газбен жабдықтау бұл елді мекеннің одан арғы дамуына оң ықпал жасайды, оның тұрғындарының өмір сүру сапасын айтарлықтай көтереді және жаңа кәсіпорындар ашу үшін түрткі болады» деді Архимед Бегежанұлы. «Көгілдір отыны» лаулап тұрған ауылдарға қызыға қарайтынбыз. Ондағы тұрғындар көмір тасып, ағаш жару дегенді әлдеқашан ұмытқан. Осындай қуанышты жаңалық бізге де жетті. Біздің өңірдегі аяз баршаға аян. Енді газ қосылғаннан кейін біздің үйімізде де қысы-жазы жайлылық пен жылу болады» деді кент тұрғыны Межамал Нұрсейітова. «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов басталған инвестициялық жоба бойынша облыстың бүкіл елді-мекендері газдандырылатынын айтты. Бұл жобаларды 2016-2017 жылдарғы ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруды көздеп отыр. Нәзира Жәрімбетова «Егемен Қазақстан»