29 Желтоқсан, 2016

Баланы тегін тамақтандырудың тетігі қандай?

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Статистикаға сүйенсек 17 миллионнан асатын ел азаматтарының әрбір үшіншісін кәмелет жасына толмаған жандар құрайды екен. Яғни, олар сәби, бүлдіршін, бала, жеткіншек, жасөспірім дегендей мектеп, балабақшалар мен колледждерде білім, тәрбие алып жатқан болашағымызды кемелдендіре түсетін ұл-қыздарымыз деген сөз. Ересектер санатына жатпаса да есейіп қалған жоғары сынып оқушылары мен колледж сынды оқу орындарының жайы бір бөлек қой. Ал енді әлгі айтқан балабақша мен бастауыш сыныптарда оқитын бүлдіршіндерді бүгінгі білім ошақтары бір мезгіл тамақпен қалай қамтамасыз етуде? Бұл мәселе заңнамалық тұрғыда қалай реттеледі? Мән-жайды жете ұғыну үшін алдымен Заңнама институты Лингвистика орталығының кіші ғылыми қызметкері Айгүл Махамбетовадан сұрап, білген болатынбыз. Маман пікірінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес еліміздегі білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілерді тамақтандыру қызметін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Ал бұл тетік «Білім туралы» заң мен «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға және білім беру бағдарламалары сынды басқа да құқықтық актілерге сүйене отырып жүзеге асырылады. «Мысалы, Білім туралы заңның 6-бабының 19, 21 тармақшасы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды көздейді. Осы мақсатта Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы негізінде «Орта білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілерді тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидалары» бекітілген. Онда білім алушыларды тиімді тамақтандырумен қамтамасыз ету, тағам әзірлеуде пайдаланатын тамақ өнімдерінің сапасына және қауіпсіздігіне кепілдік беру, білім алушылар арасында тамақтан уланудың алдын алуға және профилактикасына бағытталып, бекітілген санитариялық қағидалардың талаптарын сақтау оның басты міндеттері болып табылатындығы көрсетілген», дейді Айгүл Көбейсінқызы. Ал енді тайға таңба басқандай етіп жазылған осы заң жобаларында атап көрсетілген тамақтандыру үдерісіне қатысты кейбір деректерді нақтылай түсу үшін Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Бала құқықтары және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ысқақ Құлатайға жолыққан болатынбыз. Оның түсіндіруінше, бүгінгі таңда балабақшалардағы бүлдіршіндерді тамақтандыру ата-аналар жарналары есебінен жүзеге асырылады екен. Ол жердегі төлемақы көлемі әр өңірдің ерекшелігіне байланысты балабақшаның құрылтайшылары белгілейді әрі оның көлемі республика бойынша орташа есеппен алғанда 7500 теңгені құрайды. «Мектептегі оқушыларды тамақтандыру ақылы, яғни ата-аналар жарналары есебінен және жекелеген санаттағы балаларға жергілікті бюджет есебінен тегін ұсынылады», дейді Ысқақ Қашқынбайұлы. Бүгінгі таңда еліміздегі 6 мыңнан астам мектепте 2,5 млн. балаға тамақтандыру ұйымдастырылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, заңнамаға сәйкес тегін тамақтандыру тек жекелеген санаттағы балаларға қарастырылған. Олар: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар; мемлекеттен әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар; жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар; төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар; білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары бар. Ысқақ Қашқынбайұлының айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда 300 мыңнан астам осындай санаттарға жататын балалар (яғни 100%) тегін тамақтандырумен қамтылған. Ал басқа балалар ата-аналар жарналары есебінен мектеп асханаларында ақылы негізде тамақтандырылады. Дегенмен, еліміздің кейбір өңірлерінің, атап айтқанда Астана қаласы мен Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің бастамасымен, олардың шешімдерімен 1-4 сынып оқушылары жүз пайыздық деңгейде бір рет тегін тамақтандырылады. Айта кетейік, бұл шара балалардың физиологиялық, жас ерекшеліктеріне лайықталған заңмен бекітілген нормаға сай ұйымдастырылады және оның құны орта есеппен алғанда 300-400 теңгені құрайды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»