30 Желтоқсан, 2016

Генерал Қалменов

753 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
general Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының, Мақтарал ауданының жəне Қызылорда облысы Шиелі ауданының құрметті азаматы, милиция генерал-майоры Құлахмет Дүйсенбекұлы Қалменов Ішкі істер министрлігі жүйесінде қырық төрт жыл қызмет етіп, оның жиырма жылында облыстық бірінші басшы болған еді. 1945 жылы Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің облысаралық бір жылдық милиция мектебін бітірген он тоғыз жасар маман Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасында бандитизммен күрес бөлімінің тергеушісі, тергеу тобының жетекшісі‑аға тергеуші болып қызмет етеді. 1948 жылы Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі өз жұмысында көзге түскен жиырма екі жасар тергеуші орталық аппаратқа, жедел өкіл қызметіне шақырылады. Бұл, әрине, облыста жүрген жас кадр үшін үлкен құрмет болатын. Еңбекқорлық пен жауапкершіліктің жете сезініп, орталық аппаратта өзін іскерлік жағынан таныта білген Құлахмет Қалменов алты айдан кейін, яғни 1948 жылдың қыркүйек айында КСРО Ішкі істер министрлігі жанындағы жоғары офицерлер мектебіне жолдама алады. Мәскеудегі оқуды «өмір академиясы» санаған жиырма төрт жастағы маман Ішкі істер министрлігінде балалар колониясы бөлімінің жедел режім бөлімшесінің басшысы етіп бекітіледі. Сөйтіп, Құлахмет аға аппараттағы бөлімше басшысынан сегіз жылға жуық уақытта кадр басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін жоғарылайды. Милицияға еті тірі, тез шешім қабылдай алатын қабілеті бар, заң жағынан сауатты, ешкімге қиянат жасамайтын, адал қызметкерлер керек-ақ еді. Білімі өз қатарластарынан кем емес, тәжірибесі де әзірге жетерлік, қандай мәселе болса да алдымен ойлана білуді әдетке айналдырған жас маман өзін еркін ұстады. Ұсыныс-пікірін жалтақтамай жеткізе білді. Басқа органдарға қарағанда кірпияздау министрліктегі болған бір жайды мысалға келтірейін. Республика ІІМ 700 коммунисті біріктіретін бастауыш партия ұйымының бір жиналысында партияның ХХ съезінің қорытындылары талқыланады. Баяндаманы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.В.Губкин жасайды. Осы жиналыста әлі 30-ға толмаған Қ.Қалменовтің қазақ жастарының жоғары оқу орындарына түсуін арнайы көтеріп, олардың конституциялық құқықтарын тек орта мектеп көлемінде ғана пайдалана алатынын айтып, осы мәселенің Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне жеткізілуін сұрайды. Жиналыстарда ұлттық мәселені арнайы қоюдан қазақтың зиялы қауымының жүрегі шайлыққан заманда осылай тікелей сөйлеуге Қ. Қалменовтің ғана батылы барды. Бұл оқиға Ұлы Отан соғысының қайнап жатқан кезінде елге аз уақытқа келген Бауыржан Момышұлының қазақ тілінің бейшара күйін республика партия ұйымының Орталық комитетінің хатшысының деңгейіне дейін көтергені еріксіз еске түседі. Өз мүддесінен ұлтының мүддесін жоғары қоя алған адам қандай әрекетке болса да бара алатынына бұл жақсы мысал. Құлахмет Қалменов Одақтық деңгейдегі жиында да өз қабілетін әдемі көрсете білді. 1957 жылғы мамырда ол Мәскеуде ІІМ-нің клубында өткен Ішкі істер министрлігінің Бүкілодақтық кеңесінде кадрларды іріктеу, іскерлігін арттыру мәселесі қаралады. Осы кеңесте республика министрі кадр бөлімі меңгерушісінің жұмысқа жаңа келгендігін айтып, оның орнына орынбасарларының бірі өзіне сөз сөйлеуді ұсынады. Бұл ұсыныс жайдан-жай болған жоқ еді. Ол кеңесте сөзінің басын бұрын дайындалған қағаздан бастап, сонан соң ауызшаға көшіп, өткір мәселелерді көтеріп, регламентте көрсетілген он бес минуттың орнына екі рет «Казахстан – большая страна» деп қосымша уақыт сұрап, отыз минут сөйлейді. Сөз мазмұнына риза болған залдағылар сілтідей тынып, қайта-қайта қол соғып, жарты сағат тыңдайды. Енді шешен көтерген мәселелердің бағытын қараңыз. Біріншіден, Одақтан келгендердің көбінің өздерін жоғары санайтынын, жергілікті кеңес-партия органдарының шешімдерін мойындай бермейтінін, Қазақстанда тұрақты қоныстанып, жұмыс істеймін деп ойламайтындарына нақты мысалдар келтіреді. Ұлттық кадрлар дайындау мәселесіне тоқталып, министрліктегі оқу орындардың көпшілігі Ресейде, Украинада, Белоруссияда екендігіне, оған келешегінен үміт ететін қазақ жастарының орыс тілінен шығарма жаза алмай, елге қайтып жататынына, Қазақстандағы кадрларға әскери атақтардың өте сирек берілетініне, сондай-ақ көп құжаттардың министрлікте қаралмай жатып қалатынына назар аудартады. Оның осы дәлелдері ұлт республикаларынан келгендердің де ойынан шығады. Бүкілодақтық жиналыстан кейін Алматыдағы ішкі істер министрлігінің жоғары мектебіне түсушілер шығарманың орнына қазақ тілінен емтихан тапсыратын болып араға жылдар салып Ташкент, Қарағанды қалаларында жоғары білімді милиция кадрларын дайындайтын мектептер ашылды. Ал 1958 жылы Құлахмет Қалменов Алматы облысының ішкі істер басқармасы басшысының орынбасарлығына тағайындалады. Бірақ көп ұзамай облыстық басшы ауырып, зейнетке шығады да, соның орнына ұсынылады. Сөйтіп ол астаналық басқарманың тұңғыш қазақ басшысы болады. Алайда көп ұзамай 1960 жылғы Теміртау оқиғасына байланысты босатылған республика Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаевқа өз ұсынысымен орнын беріп, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасына басшылыққа ауысады. Сегіз жыл жемісті жұмыс істеп, «КСРО Ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері» деген жоғары атаққа ие болады. 1967 жылы Шымкент қаласында МАИ қызметкерлері мен автокөлік айдаушыларының арасында кикілжіңнен басталған оқиға ушығып, қанды қақтығысқа ұласқаны белгілі. Одақты дүрліктірген осы оқиғаны тексерген СОКП ОК бригадасы мен ҚКП ОК облыстық ішкі істер басқармасының басшылығына Құлахмет Қалменовке тоқталады. Осында ол қажырлы еңбегімен жəне терең кəсіби шеберлікпен үлгілі қызмет атқарғаны үшін оған майор, подполковник, полковник шендері мерзімінен бұрын беріледі. Ал 1970 жылы ол КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен милиция генерал-майор атағына ие болады. Екі жылдан соң сан салалы, тынымсыз қызметте жүріп КСРО ІІМ Жоғары мектебінің ғылыми кеңесінде «Тергеуші мен анықтау органдарының қылмыстық істі тоқтатумен байланысты қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Осы тақырыпта дайындалған құпиялығы бар монография салалық оқу орындарында қазір де оқытылып келеді. Сөйтіп, кезінде генерал Қалменов Кеңестер Одағында өлкелік, облыстық ІІБ басшыларының ішінде жалғыз заң ғылымдарының кандидаты болған еді. Дарабоздығын Құлекең сексен сегізінде де қайталаған болатын. Қайтыс боларынан бір айдай бұрын, 2014 жылдың 23 қаңтарында өзі 1974 жылы құрған, 1980 зейнетке шыққаннан кейін жеті жыл басқарған, қазір Бауыржан Момышұлы атындағы Заң колледжі курсанттарының алдында үш жарым сағатқа созылған тыңдармандарын еліте әңгіме-дүкен құрады. Осы сөзінен 23 жыл бұрын, яғни 1991 жылы жүрек талмасына ұшырап, сексен сегізге келген қарттың осыншалықты уақыт сөз сөйлеуі, сирек кездесетін, тіпті, бола бермейтін құбылыс еді. Өмірлік мол тәжірибе жинаған, оқу-білуді ғұмырлық серік еткен генерал Қалменов қаламынан «Деятельность следователя и органа дознания в связи с приостановлением уголовного дела» атты монография, «Өмір белестері», «Воспоминания генерала милиции», сондай-ақ «Замана тынысы», «Құныққан қасқырлар», «Тәртіптің мәңгілік сақшылары туралы энциклопедиялық анықтама» және «Бәукеңнің шарапаттары» атты кітаптар туды. Осылайша, генерал Қалменов талай ұрпаққа үлгі болатын өз өмір жолын өзі жазып кетті. Генерал Қалменов оқушы кезінде өзінің досы Идахмет Әбдіров екеуі сыныптастары соғысқа аттанып жатқанда, КСРО соғыс-теңіз флотының қолбасшысы, адмирал Кузнецовқа хат жазып, Қазақстан комсомолы қамқорлыққа алған Балтық теңізіндегі Киров крейсеріне матростар қатарына алуды өтінеді. Бірақ жастығына байланысты армияға алынбады. Егер соғысқа бара қойғанда батыр ағасы Баукеңе ұқсап,кейінгі ұрпаққа үлгі болатын ерлік те жасауы мүмкін еді. Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдарының докторы, профессор